Жаңалықтар

Періште алаяқ бола ма?

Қазір еміне көмек сұраған хабарламалар қаптап кетті. Қоғамдық көліктерден, не сауда үйлерінің кіре берісінен көзіңіз шалуы мүмкін. Әлеуметтік желілерді жаулап алған десе де болады. Ауыр дертке шалдыққан балаларды көріп, қалтаңдағыны бересің. Бірақ, сол көмек діттеген жеріне жете ме? Оны ойламаймыз. Негізінде осы жайтқа көңіл бөлу керек екен…

Аялдамалар мен автобус ішінде қолдарына пластик жәшік ұстаған балаларды көргендер көп шығар. Өздерін «Дети ангелы» қоғамдық қорынанбыз» деп таныстыратын жеткіншеткер науқас баланың атыжөні мен диагнозын айтып көмек сұрайды. Әркім мүмкіндігінше беріп жатады. Онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Бірақ, сол қоғамдық қордың басшысының өзі былтырғы жылдың соңында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарына хабарласып, ұйымның ондай жұмыспен айналыспайтындығын айтыпты. Оның үстіне, қайырымдылық жұмыстарына кәмелеттік жасқа толмағандар тартылмайтынын да жеткізіпті. Мұндай мәлімет Қарағандыда ғана емес, филиалы болмаса да Павлодар мен Қостанай қалаларында да жарияланды. Жалпы қордың Қарағанды, НұрСұлтан, Петропавл, Өскемен және Орал қалаларында филиалы бар.

Интернеттегі сайттарында «Дети ангелы» қоғамдық қорының былтыр қаңтарда ашылғаны, басшысы Михаил Альбертович Гинц екендігі және қордың сал, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жетімдер үйіне көмек көрсетумен айналысатыны жазылыпты.

Қайырымдылық қорының өзіне хабарласқанымызда мәселе 180 градусқа өзгеріп кетті.

Жедел желіге жауап беретін қызметкер Карина Даутованың айтуынша, жоғарыда аталған жалған хабарламаны таратқан бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бүгін-ертең тергеу ісі басталмақшы екен.

– Бұл ақпараттың қайдан және кімнен шыққанын білмейміз. Түпкі мақсаты не екені де түсініксіз. Оны жариялаған ақпарат құралдары да мәселені тексермеген және оны қазіргі күнге дейін алып тастамаған. Жалған ақпарат таратқаны үшін қор басшысы Михаил Гинц прокуратураға арыз жазды. Жақын күндері тергеу жүргізілетін болады, – деді К.Даутова.

Оның айтуынша, осындай жалған ақпараттардың кесірінен тегін жұмыс жасап жүрген еріктілерге деген сенімсіздік, халықтың теріс пікірі қалыптасады.

– Ерікті тегін түрде өз еркімен жұмыс жасайды. Оларға тек жолы мен тамағына ғана қаражат беріледі. Ыстық пен суыққа қарамай қайырымдылық жасауға көмектесіп жүргендердің еш жазығы жоқ. Адамдардан қаражат беті жабылған арнайы ыдысқа жиналады, оны өзі пайдаланып кетуі мүмкін емес, – деп түсіндірді қор қызметкері.

Қор расымен де БЦП-ға шалдыққан балаларға көмек көрсетеді және былтыр ғана құрылған. Осы уақытқа дейін 5 баланың еміне қажетті көлемдегі қаражатты жинауға көмектескен көрінеді. Тағы 5 балаға көмектеспек. Одан бөлек, кезек күтіп тұрған да балалар бар екен.

Бұл мәселеде құқық қорғау органдарының пікірін де білдік. Қалалық ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Дәурен Әбілдин аталған қоғамдық қор воленторларының шынында да бірнеше рет полиция бөліміне жеткізілгенін айтты.

– Олар – кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Сол себепті де полиция бөліміне жеткізілген болатын. Кейін ата-аналарын шақыртып, мәселені анықтадық. Ата-анасы рұқсат берген болып шықты. Бұл жерде алаяқтық мәселесі емес, кәмелетке толмаған балалардың жұмысын айтуға болады. Ол бала денсаулығына зиян тигізбейтін, оқу процесіне кедергі келтірмейтіндей және ата-анасының рұқсатымен болуы тиіс, – деді маман.

Аға инспектордың айтуынша, алаяқтық фактісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449 бабында көрсетілгендей, сату, айырбастау мақсатында немесе түрлі қызметтерді көрсетуді күштеп таңу, яғни, мазалап өтініш білдіру кезінде тіркеледі. Өткен жылы кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты осындай 25 жағдай тіркеліпті.

– Бұған ақша сұрап мазалайтын өзге ұлт өкілдерінің балаларын айтуға болады. Ал, бұл волентерлар аты-жөнін, ақша жинау мақсатын айтады. Олар ешкімнің мазасын алмайды. Берсе – берді, бермесе кете береді, – дейді Д.Әбілдин.

«Дети ангелы» қоғамдық қоры волентерлары ақ киім киеді екен, онда қордың БСН номері көрсетілетін көрінеді. Қолдарындағы жәшікте көмек көрсетілетін баланың суреті мен ол туралы мәліметтер, реквизиттер көрсетіледі. Ал, біздің жиі көретін сары желетке киген балалар кімдер, қай ұйымнан болды?

Осыдан 2 жыл бұрын біздегі «Лучик надежды» орталығына қатысты да осындай жағдай орын алған еді. Мүгедек жандарға көмек көрсететін қордың атынан да жеткіншектер осылай қаражат жинаған.

– Өкінішке орай, мұндай жағдайлар кездеседі. Халықтың қайырымдылығын пайдаланып кеткісі келетіндер бар. Біздің қордың атынан қаражат жинағандар ақыры анықталған жоқ. Бұл еріктілердің де, қайырымдылықпен айналысатын ұйымдардың да атына нұқсан келтіреді, – деген болатын аталмыш қордың басшысы Т.Кравченко.

Нақты адамдарға көмек көрсетіліп жатса, жалған ақпаратты жариялау кімге қажет болғаны белгісіз. Оқиғаның ақ-қарасын анықтау құзырлы органдар құзырында. Сіздің садақа деп берген әр тиыныңыз тиісті жеріне жетпесе, ол сіздің кінәңіз емес. Күнә өзгенің қолында.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button