Спорт

Пенальтидің пайдасы тимеді

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Қазақстан кубогына алдын ала іріктеу кезеңінде сырт алаңда павлодарлық «Ертіс» клубымен кездесті. Өкінішке қарай, жерлестер ойынның негізгі бөлігінде 1:1 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында жеңіліп қалды.

Іріктеу кезеңінде 16 команда бақ сынаған. Қарсыластары жеребе арқылы анықталыпты. Қазіргі уақытта жартылай финалға жолдама алған сегіз команданың тізімі белгілі. Бірақ, бұл қатарға жерлестер іліге алмады.

Жерлестер «Ертіс» клубымен алғаш рет кездесіп тұрған жоқ. Әріге бармай, соңғы үш ойынына шолу жасайық. Соңғы рет 2019 жылы Премьер-Лига ойындары аясында кездескен. Үш ойынның біреуінде қарсыластар, енді біреуінде жерлестер жеңіске жеткен. Және бір ойын тең түсіпті. Бұл жолы қос қарсылас араға алты жыл салып, іріктеу ойындары аясында кездесіп отыр.

Алғашқы айналымда есеп ашылмады. Тек алаң иелері 46-шы минутта Игорь Шацкийдің қақпасынан саңылау тапты. Гол авторы – шабуылшы Максим Ваганов. Десе де, жерлестердің сағы сынбады. Нәтижесінде 84-ші минутта шабуылшы Диас Калыбаев таразы басын теңестірді. Ойынның негізгі уақытында ойын тең аяқталған соң қосымша уақыт қосылды. Алайда, қос команда бұл кезеңде де нәтиже тіркемеді.

Ойын соңы пенальти сериясына ұласты. Бірінші болып, алаң иелері сапынан Максим Федин соққы жасап, нәтижелі аяқтады. Бұл голға қарағандылықтар сапынан Арман Нусип жауап қайтарды. Пенальти сериясы бойынша есеп – 1:1.

Екінші болып, алаң иелері сапынан Рауан Орынбасар допты қақпаның сол жақ төменгі бұрышына бағыттаған еді. Игорь Шацкий қарсыластың бағытын дәл тауып, соққыны қайтарды. Бұдан кейін пенальтиді жерлестер сапынан Рафаил Оспанов орындап, есепті 1:2-ге жеткізген еді. Осы сәтте жеңіс біртабан жақындай түсіп еді. Өкінішке қарай, Диас Калыбаев пен Айдос Таттыбаев мүмкіндігін мүлт жіберіп қойды. Пенальти сериясы 4:3 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Жалпы, қарағандылық клуб биылғы футбол маусымына үлкен дайындықпен оралған еді. Олай дейтініміз, былтырғы маусымда команда ауыстырған қақпашы Игорь Шацкийді қайтарып алды. Одан қала берді команда сапы бірнеше жаңа ойыншымен толықты. Арнайы оқу-жаттығу жиындарын, жолдастық кездесу де өткізді. Тіпті, клуб эмблемасын да жаңартты.

Логотипті дайындау барысында өңірдің барлық ерекшеліктері мен дәс­түрі қамтылған. Эмблема қалқан іспеттес. Қалқанның ортасында «Football Club» және «Qaragandy» мәтіні жазылыпты. Әрі 1958 жылғы тарихи доп бейнеленген. Ал, екінші фонда тау-кен ісін бейнелейтін және кеншілердің тарихи құралы екі қайла айқастыра берілген. Орталық композицияның артында клубтың негізгі түстері классикалық тік жолақ қалпында алынған.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button