Педагог тапшы өңірлерге барған мұғалімдердің жалақысы 150%-бен төленеді – министрлік

Маман тапшы және білім сапасы нашар өңірлерге барып жұмыс істейтін мұғалімдер үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маман тапшы және білім сапасы нашар өңірлерге баратын мұғалімдерге республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр. Ол үшін педагог бірнеше кезеңнен тұратын сынақ тапсырады. Бағдарламаға қатысып жеңімпаз атанған мұғалімдердің жалақысы 150 пайызбен төленетін болады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп отбасылы ұстаздарды орналастыру, балаларын мектепке беру секілді мәселелер сол жерде шешіледі. Сонымен қатар тапсырманы сәтті орындап, жолдама алған мұғалімдер барған жерінде 4 апта бойы біліктілігін арттырады», – деді Гүлмира Кәрімова министрліктің «Oqu-ağartu LIVE» жобасының тікелей эфирінде.

Комитет басшысының айтуынша, маман тапшы және білім сапасы нашар өңірлерге баратын педагогтермен 5 жылдық келісімшарт жасалады. Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде мұғалім тапшылығы бар және білім сапасы нашар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға арналған жаңа бағдарлама іске қосылды . Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, Түркістан, Атырау, Маңғыстау және Алматы облысында педагогтер тапшы.