Павлодарда жаңартылған Конституция бойынша сарапшылар форумы өтті
Павлодар қаласында «Жаңартылған Конституция – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында сарапшылар форумы ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – Конституциядағы өзгерістерді жан-жақты талқылап, оны іске асыру бойынша кәсіби ұсыныстар әзірлеу.

Форумға саясат, мемлекеттік басқару, білім беру саласының мамандары, партия және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Қатысушылар конституциялық реформалардың елдің ұзақ мерзімді дамуына әсерін, қоғамдық-саяси үдерістердегі рөлін және құқықтық нормаларды тиімді қолдану жолдарын талқылады.

Спикерлер жаңа Конституция елдің стратегиялық даму бағытын айқындайтынын, билік жауапкершілігін арттыруға, әділдік қағидаларын нығайтуға және мемлекеттік басқарудың ашықтығын күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар реформалар жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға ықпал ететіні айтылды.
Форум қорытындысында қатысушылар жаңартылған Конституция елдің қауіпсіз, әділетті және тұрақты дамуының берік құқықтық негізі болады деген ортақ пікірге келді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



