Бас тақырыпМедицина

Пациентті қолдайтын қызмет

Дәрігерлердің қызметіне шағым айтушылар қашан да көп. Орынды айтылғаны да, жала жабылғаны да болады. Оның ақ-қарасын анықтайтын – пациенттерді қолдау қызметі. Ол барлық деңгейдегі медициналық ұйымдарда бар. Қолдау қызметі медициналық мекеме мен келушілер арасында байыпты байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Былтыр қордың Қарағанды филиалына облыс тұрғындарынан 23 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның 1611-і шағым.

Аталған қызметтің мақсаты бір. Ол – пациенттердің өтініштерін, соның ішінде шағымдарды уақытылы қабылдау және қарастыру. Мәселен, өткен жылы облыстық клиникалық аурухана пациенттерінен 3 мыңнан астам өтініш түскен. Негізінен тұрғындар МӘМС аясында аурухана мамандарының қабылдауына жазылу, аурухана орталықтарында жатып ем алу туралы сұраған.

– Шағым медицина қызметкерінің кәсіби этика нормаларын бұзуына, медициналық көмектің қандай да бір түрлерінің қолжетімсіздігіне немесе сапасына қатысты болуы мүмкін, – дейді облыстық клиникалық аурухана директорының сапаны бақылау бойынша орынбасары Люция Гомель.

– Бізге осындай алты хабарлама түсті. Оларды мұқият қарастырып, пациенттердің шағымы қанағаттандырылды. Шағымдар мен өтініштер өткен жылдармен салыстырғанда сапа жағынан өзгерді. Егер бұрын шағымдар медициналық көмектің сапасына қатысты болса, қазір олар тұрмыстық мәселелерге – палатаның жылуына, төсек тазалығы, тамақтану, яғни аутсорсингке қатысты түседі. Бұл қызметтерді сырттан келетін компаниялар көрсетеді. Әрине, санитарлар мен медбикелердің жұмысына қатысты сұрақтар да қойылды. Деонтология бойынша өтініштер айтарлықтай азайды. Өйткені біз медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыруына көп көңіл бөлеміз. Біз пациенттің емделгенін және олардың жағдайы жайлы болғанын қалаймыз. Аутсорсинг шеңберінде, яғни, тамақтану, кір жуу, дератизация, дезинфекция бойынша шағым түскен жағдайларда сапаны бақылау қызметі аутсорсинг басшысына шағым хат жазады. Өткен жылы бірнеше ұқсас жағдайлар талқыланып, аутсорсингтік компания кешірім сұрап қызмет бірден ауыстырылды.

– Біз сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүдделіміз. Біздің құрылым болашақта мұндай қателіктердің алдын алу үшін және қай жерде қателескенімізді анықтау үшін ақпарат көзінің көп болғаны жақсы, – дейді Люция Гомель.

Егер пациенттерді қолдау қызметіне жүгіну нәтиже бермесе, пациент әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайты арқылы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы, Телеграмдағы Saqtandyrybot арқылы да өтініш бере алады.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button