Патриотизм – ұран емес, ұстаным
Бүгінде «патриотизм» ұғымы жалаң ұранға айналып, әлеуметтік желіде көзге түсу үшін ғана сәнге айналғандай. Ал, шын мәнінде елге деген сүйіспеншілік – көпірме сөз емес, күнделікті іс пен жауапкершілік. Халықаралық «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз отаншыл азаматтың жұрттың алдында кеудесін соғып, жасқанбай «патриотпын» деп жар салмайтынын, керісінше, үнсіз жүріп үлкен іс бітіретінін айтты. Президенттің айтуынша, «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарғанның» бәрі патриот емес. Отаншылдық – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету, қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты күнделікті әрекеттерден көрінетін ұлы сезім.

Жан-жақты қарасақ, мемлекет пен қоғамды біртұтастықпен ұстаған нәрсе – азаматтардың күнделікті ісі. Әрбір қарапайым жұмысшының, мұғалімнің, дәрігердің, әскери қызметшінің, мәдениет қайраткерінің еңбегі елдің дамуына тікелей ықпал етеді. Сол себепті, Президент пайымын саралай келе, патриотизм – бұл мінберден айтылатын әсерлі сөзден гөрі, өзіңнің міндетіңді адал атқарып, айналаңа құрметпен қарап, елдің игілігі үшін еңбек етуді ескерсе керек.
Даңғазадан гөрі, шынайы патриотизм – әркімнің өз елі үшін аянбай еңбек етуі, қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау жолында өзінің үлесін қосуы. Бұл ұғымды түсіну үшін ең алдымен, күнделікті өмірге көз жүгірту де жеткілікті.
– Меніңше, отаншылдық деген ұлы сезім жылтырақ сөзбен, жалған әрекетпен бағаланбауға тиіс. Нағыз отаншыл азамат жұрттың алдында кеудесін соғып көпірмейді, етегі жасқа толып еңіремейді, оңды-солды сұхбат беріп ділмәрсімейді. Үндемей жүріп, үлкен іс бітіреді. Отаншыл болу – туған еліңнің, отбасыңның игілігі үшін аянбай еңбек ету деген сөз. Қоқысты жинау, тал егу, табиғатты аялау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету де – отаншылдықтың белгісі, – дейді Мемлекет басшысы сұхбатында.
Президенттің бұл сөзі қоғамдағы жасанды патриотизмге нақты жауап іспетті. Шынайы отаншылдық күнделікті өмірде байқалады. Жұмыс орнындағы адалдықта, қоғамдық тәртіпке бағынуда, қоршаған ортаға жанашырлықта көрініс табады.

Бұл ұғымды сөзбен ғана емес, іс-әрекетпен дәлелдейтін адамдар қоғамның тыныштығын сақтаушы, елдің бірлігін нығайтушы күшке айналады. Өйткені, елдің дамуы тек мемлекеттік бағдарламалар арқылы емес, әрбір азаматтың күнделікті еңбегімен, жауапкершілігімен құралады.
– Қазіргі жастардың талапшыл, талғампаз екенін, олардың азаматтық сана-сезімі жоғары екенін ескерсек, олардың болашаққа деген үміті мен сенімі – қоғамның дамуы үшін маңызды күш. Дегенмен, бұл үміт тек арман-оймен шектелмесе құба-құп. Жастар нақты өмірде, нақты еңбек арқылы өз орнын табуы тиіс. Виртуалды әлемнің жетегіне еріп, тек желіде ғана белсенді болып қалу – патриотизмнің көрінісі емес, – дейді зейнеткер Айткүл Сапарханқызы.
Мұндай көзқарас еліміздегі бірлік пен татулықтың сақталуына да тікелей байланысты. Шынайы патриотизм – дәл осы бірлік пен тыныштықты күн сайын өз ісімен нығайта түсу. Мәселен, Түркияда көшелерде қызыл ту желбіреп, Ататүріктің портреті, ескерткіштері менмұндап тұрады. Бұл оларға рух сыйлайды. Қазір Түркия – ең дамыған елдер қатарында.
Ал, Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың эпостық жырлары мен батырлар жыры арқылы жауынгерлердің жігерін жанып, рухын сілкіндірген. Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге Мағауин болса, естелігінде Кеңес әскері сапында жүргенде әкесінің «Аласапыран» романын оқып, рухын қамшылап жүргенін айтады.
Облыс аумағында жас буынды патриотизмге тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Яғни, бұл – мектептен бастап қоғамдық өмірдің барлық саласында тұрақты түрде жалғасып жатқан үрдіс.
Былтырдан еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілген. Бұл бастама «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы ретінде, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндеседі. Негізгі мақсаты – оқушыларға адалдық, еңбекқорлық, патриотизм және елжандылық қасиеттерін сіңіру, мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайту. Бір ерекшелігі – барлық мектептерде бірыңғай визуалды стандарттың енгізілуі.
Патриотизмді насихаттаудың бір бөлігі ретінде облыста мемлекеттік рәміздерді құрметтеу жұмысы да жүйелі жүргізілуде. Мысалы, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану жөніндегі облыстық инспекциялық топтың жұмысы аясында Қарағандыдағы М.Жұмабаев атындағы гимназия мен №17 мектепте бастауыш сынып оқушыларымен бірге Мемлекеттік Гимнді орындау шарасы тұрақты өтеді. Балалардың гимнді зор патриоттық сезіммен орындауы – бұл ұлттың бірлігі мен рухының айқын көрінісі.
– Патриотизм ұғымын күнделікті тұрмыстан бастаған жөн. Күнде жүретін жолда көлік қозғалысына бөгет жасайтын қиыршық тас жатса, оны алып тастаудың өзі де – патриоттықтың белгісі. Мысалы, мен ұл-қыздарыммен бірге демалыс күндері уақыт өткізіп, кітап оқуға дағдыландырамын. Танымдық, тағылымы мол туындыларды бірге оқып, дастархан басында талқылаймыз. Әсіресе, ең ерекше әсер еткені – Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы. Бәрімізді біріктіретін ортақ құндылық – отбасы десек, кітапта көп дүние қамтылған. Барлық даңғыл жолға жіңішке ғана соқпақ арқылы барамыз, – деді қарапайым жұмыскер Мақсат Жандосов.
Жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруда «Жас сарбаз» қозғалысы да маңызды рөл атқарады. 2018 жылы ресми түрде тіркелген бұл қозғалыс бүгінде еліміздің барлық өңірінде филиалдары бар ірі тәрбие жүйесіне айналды. Бұдан бөлек, облыста «Жас сақшы» сыныптары ашылып, құқықтық сауат пен патриоттық сезімді қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жанданып келеді.
Қазір жас сақшылар қатары 150 оқушыға жуықтаған және бұл сан күн санап өсіп келеді.
– Меніңше, нағыз патриотизм – ұлт деп соққан жүрек. Шағым айта бермей, оны ішкі рухпен сезіне білу. Бәрін өзгеден талап етпей, өзіңнен бастап, өз қолыңнан келетін дүние арқылы ел болашағына үлес қосу. Әркім өз тарапынан, қолынан келгенше қызмет етсе, еліміз өрге қадам басар еді. Мәселен, мен қазақ тілін әлемдік тіл қатарына қосуға үлес қосқым келеді. Қолымнан келетіні – бабамның тілінде өлең жазып, қазақтың ақыл-ойына үн қосып, сол үнді болашаққа жеткізу, – дейді ҚарҰЗУ II курс студенті Нұрасыл Аманжол.
Патриотизмді дамыту үшін шет елдердің тәжірибесіне де үңілген жөн. Дамыған елдер көбіне мектептегі тәрбие, қоғамдық мерекелер және азаматтық міндеттер арқылы елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастырады. Мысалы, Жапонияда ұлттық тарих пен дәстүрлерді мектеп бағдарламасына енгізіп, мерекелер арқылы бірлікті нығайтады. Ал, Канадада көпмәдениеттілік пен әртүрлі ұлттардың құқығын құрметтеу арқылы патриотизмді «барлық азаматтардың тең құқылы ортада өмір сүруі» ретінде түсіндіреді. Оңтүстік Кореяда жастардың елге деген жауапкершілігін әскери қызмет пен азаматтық міндеттер арқылы күшейтеді.
Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Ерсайынқызы да осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
– Біздің мектептегі Жас сарбаз сыныптары – тәрбие ісінің маңызды бөлігі. Болашақ сарбаздарды тәрбиелеу арқылы оқушыларға тәртіпті, жауапкершілікті және патриотизмді күнделікті өмірде нақты жүзеге асыруды үйретеміз. Әсіресе, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылатын ант қабылдау рәсімі оқушылардың жүрегіне елге деген сүйіспеншілікті, ұлтқа деген құрметті бекітеді. Бұл оқиғадан кейін олар өздерін елдің болашағы ретінде сезінеді, өз міндеттерін саналы түрде орындауға дайын болады, – дейді ол.
Сонымен қатар, Жас сарбаз сыныптары түрлі тәрбие шаралары мен әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігімен танысып, іс жүзінде бірлік, тәртіп, ерлік сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Ауқымды мерекелік және әскери-патриоттық шараларға қатысу арқылы оқушылардың өзін-өзі басқаруы, командалық рухы артады. Сапта жүру, командирмен бірге шыңдалу арқылы әскери дағдыға бейімделеді. Ортақ мақсатқа бірлесіп ұмтылу – өмірлік дағды, қоғамда қажет болатын тәртіп пен жауапкершілік.
– Шынымды айтсам, патриотизм дегенді аса түсінбеймін. Бір білетінім әркім өз тілінде сөйлесе, қазақ қазақпен қазақша сөйлессе деймін. Бала-шағасына, отбасына қамқор болып, ағайынмен етене араласып, қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісу де отаншылдық емес пе? Өйткені, алдымен өзін жарылқамаған адам өзгені жарылқауы екіталай. Тіпті, қолыңнан келетін жұмыспен айналысудың өзі ерлікке тең дер едім, – дейді қала тұрғыны, жетпісті алқымдаған ақсақал Абдолла Исабаев.
Байқасақ, патриотизм – ұранмен емес, ол адамның күнделікті өміріндегі тәртібімен, еңбегімен және жауапкершілігімен қалыптасатын терең рухани құндылық. Елге деген сүйіспеншілік адал қызметтен, заңды құрметтеуден, табиғатты аялаудан, білім мен тәрбиеге мән беруден басталады. Мемлекет ұстанымы, қоғамдық тәжірибе және мектептегі жүйелі тәрбие бір арнаға тоғысқанда ғана шынайы отаншыл, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азамат қалыптасатынын атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



