Патриот
Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 25 жылы артта қалды. Ұлы Дала елінің дүбірі қызды. Әнұранымызды әлем тыңдады, көк Туымыз Көкте желбіреп тұр. «Жеріміздің шетін жау баспасын деп» (Қаздауысты Қазыбек), жаһанға достық қолын ұсындық. Бейбіт өмірді таңдадық, мүлт кетпедік. Мәңгілік Ел екендігімізді мәлімдедік! Қасқайып тұрып! Басқа мойындады, тасқа қашап жаздық! Терең тарих та, ерен ерлік те, бедел-абырой да, кемел келешек те – Қазақ елінің еншісінде!
1991 жыл. Азаттықтың ақ таңы атты. Алысқа көз салдық, Ғарыш та Қазақ ұлын қарсы алған сәт. Ел еңсесін тіктей бастады, Ерге сенім артты. Арманға қол созды, талғамға кезек берді. Таңдау – Нұрсұлтанға түсті. Көш бой түзеді, Көшбасшы ой сүзді. Нардай тұлға шөкпеді, талмай қанат қақты. Құрлықты шалды, мұхит асты. Артта – алтын ұясы. Қанаты қатаймаған Қазақстаны тұрды!
Жаппай қырып-жою қаруынан бас тарттық. Аттай қалап, бейбіт күнге қадам жасадық. Ымыра мен ынтымақ қана ырыс пен берекеге бастайтынын жақсы түсіндік. Ықпалды ұйымдардың құрамын толтырдық, баба жолының бұлағын аршыдық. Алыппен иық теңестірдік, нарықпен қатар қайнадық.
Сыннан сүрінбедік, дағдарыста бүгілмедік. Тұралағанның тамырына қан жүгірді, талпынғанның тұсауын кестік. «Екі қолға – бір күрегім» ескірді. «Адал еңбек – аздырмасым» жаңғырды! Миллиондаған жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпорындардың қарасы көбейіп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейді. Ебін тапқанның еншісіне – еңбегінің жемісі бұйырды. Қазынасына қаражаты құйылды.
«Болам деген баланың белін будық». Мыңдаған білім гранттары бөлінді. «Болашақ» бағдарламасы арқылы да білімін жетілдіргендер қаншама! Мектеп табалдырығын аттаған қаракөз ұл-қыздарымыздың қатары артты. Осы оқу жылында оңтүстіктегі бір қазақтілді мектепте 16 бірінші сынып ашылды. Цифрды естідік, марқайдық. Құдай көп көрмесін!
Бастысы, балалардың алаңсыз асыр салып, үрейсіз күн кешуін нәсіп етті. Әйтпесе, жұдырықтай болып, бір-бір автомат асынған шетелдік балаларды көріп-біліп келеміз. Оның несі ләзім?!
Даланың дәулеті тасып, қаланың сәулеті артты. Бір кездері май шаммен күнелткен ауылдарда интернет пен «сотканың» дәурені жүріп тұр. Мотоциклмен мал қайырған ағайын сай-салаға «тастан сарай салғызды» (Ыбырай). Тұлпар – топта, қазан – отта. Құлын – желіде, астық – келіде. Қаймағым бұзылмады, тайлағым атан болды!
Бұл – бір қайырғанымыз ғана…
Көктемде – бүрледік, жазда – гүлдедік. Күзде – ырысымыз тасыды, қыста – тынысымыз ашылды.
Ерке Есілдің жағасына ел қондырдық. Абыройымызды тағы бір айқындадық. Елбасының бастамасы – Алаштың Астанасы бой көтерді! Дүниенің дүрмегін қыздырдық, дипломатияның діңгегін орнаттық!
2016 жыл. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы! Жаһанға жар салып, жаңа күнді қарсы алып тұрмыз.
Тұранның ұрпағы – қыранның кейпіне енген. Қадамы – сәтті, қанаты – қатты!
Ұлы Қазақстан – даңғыл, даңқты жолда. Тізгін – сенімді қолда. Сертіне берік Тұңғыш Президентімізде! Ұлт Көшбасшысында! Қазақтың Патриотында!
Тереземіз тұғырдағымен теңесті. Алпауыттар Алаштың ұлымен кеңесті! «Сырт көз – сыншы». Сабырын бақты, қадірін ұқты. Сіз бен біз ше?
Елбасы – Патриот!
Абайдан әулие емеспіз-ау. «Біріңді қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос».
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ