Бас тақырып

Партия дамуының жаңа кезеңі

AMANAT партиясының облыстық филиалында «Ашық есік күні» өтті. Жылына бір мәрте өткізілетін атаулы шараға облыс әкімі мен оның орынбасарлары, барлық деңгейдегі депутаттар әрі жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен зиялы қауым қатысты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Алқалы жиынның ресми бөлімін тізгіндеген AMANAT партиясының облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков ашық есік күні Мемлекет басшысы негіздеген «Естуші мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқанын мәлімдеді.

Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев еліміздің тұтастай дамуына депутаттардың қосар үлесі үлкен екенін қаперге салды.

– Мәселен, транспорттық инфрақұрылым, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, білім беру мен денсаулық сақтау, абаттандыру саласы болсын, әр түйінді сауалды жергілікті атқарушы мекеме тарапына барынша жедел әрі нақты жеткізуге ашық есік күнінің пайдасы орасан. Орынбасарларымның жетекшілігімен өтетін үш бағыттағы сессияда тұрғындар көтерген түйіткілдер егжей-тегжейлі қарастырылып, тиісті шешім шығарылатын болады. Шынтуайтында сіз бен біздің мақсатымыз – бір: халықтың әл ауқатын көтеру. Бұл – бұлжымас парыз, – деп түйіндеді сөзін Ермағанбет Қабдулаұлы.

Партияның орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс департаменті директорының орынбасары Жандос Қалтаев уақыт талабынан шығу үдесінде партия күрделі трансформациядан өткендігін растады. Жаңа саяси тұғырнамасын қабылдаған партия сайлауға дейін билік партиясы болса, бүгінде билеуші партияға айналғанын тіліне тиек етті.

–  Біз екінші рет Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Мәжілісте де көпшілік дауысқа иеміз. Республиканың саяси тірегіміз. Мұндай нәтижеге жету жолында әр партияластың төккен маңдай тері мен өткен еңбек жолы менмұндалап тұр. Партия фракциясы сегізінші шақырылым басынан бері 31 заң жобасына бастамашылық етті. 62 заң жобасына Президент қол қойды. Бұл осы қысқа мерзімде атқарған еселі қызметтің бір парасы ғана. Иә, өңірдегі партияластарымыздың қызметін жете бақыланатынын да айта кеткен ләзім. Жыл қорытындысы бойынша 12 фракция мүшесі бірде бір қабылдау шарасын өткізбегені, депутаттық сауал жолдамағаны анықталды. Партия абыройына нұқсан келтірген 5 депутат мандатынан қол үзді. 17 депутат ескерту, сөгіс сынды жауапкершілік арқалайтын іске ілікті. Партияның парасат жолындағы ісі парықты болуы негізгі алғышарт! – деп тұжырды спикер сөзін.

Бүгінде бұл саяси партияның алдындағы келелі міндеттер кезек күттірмейді. Қалың көпшіліктің қалауы ескеріліп, республикалық және өңірлік деңгейде 20 сайлауалды бағдарлама әзірленіп, бекітілді. Сан алуан саланы қамтитын, 505 тармақтан тұратын республикалық масштабтағы Жол картасы даяр. Жиырма өңірдің әлеуетін көтеру мақсатында 2377 тапсырма алға тартылды. Жыл қорытындысы бойынша облыс Сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы тапсырмаларды тиянақты орындау бағаны бойынша 94 пайыздық көрсеткішпен республика көлемінде  4-орынға жайғасқан. Партия жанындағы қоғамдық кеңестер мен арнаулы комитеттердің қызмет тәртібі оңтайландырылып, жалпы саны 1000-нан 379-ға дейін қысқарды.

Жергілікті атқарушы органдар мен  мәслихат депутаттарының өзара іс қимылы турасында баяндаған партия филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков жаңа саяси тұғырнама қабылдаған жетекші партия аймақтық филиалдардың дербестігін де едәуір нығайтқанын, қызмет ашықтығы артқанын  баян етті.

– AMANAT партиясы Президенттің қоғамдық тірегі, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің драйвері. Мұнымен бірге, қараша халықпен бірге екендігін әркез дәйекті негізде дәлелдеп келеді. Бас мақсат – елге берілген уәдені орындау. Бұл жолда барлық мәслихат қабырғасында фракция мүшелері кемінде тоқсанына бір рет қоғамдық қабылдау амалын өткізгені аса маңызды. Халық алға тартқан 100-ден астам аманат-тілек тиісінше орындалды, – деді Бекзат Қомарұлы.

Сөзін түйіндер сәтте спикер Жол картасындағы әр тармақтың орындалысына мәслихат депутаты, қала мен аудан әкімі және басқарма басшысы бірдей жауапкер екендігін қадап айтты. Ел сенімінің ақталуы ел елеуліері мен атқарушы биіліктің берік ымырасына байланғанын атап өтті. «Бірліктің басы – сенім…» деп хәкім Абай айтқандай, сенім селкеусіз болса, ел де дамудың даңғыл көшінен қалыс қалмайтыны аян.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button