Парламенттік реформа – ел болашағы үшін жасалып жатқан батыл қадам
Бесінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді түбегейлі жаңғыртуға бағытталған жаңа стратегиялық бағытын ұсынды. Бұл жай ғана кезекті реформа емес, мемлекеттік биліктің бүкіл жүйесін қамтитын үлкен өзгеріс деп айтуға болады. Себебі әңгіме заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің бәріне бірдей әсер ететін жаңғыру туралы болып отыр. Оның үстіне бұл өзгерістер тек орталықта ғана емес, өңірлерде де жүзеге асады.

Осы реформалардың өзегі – парламенттік реформа. Бұл бұрын жүргізілген президенттік билік реформасының жалғасы. Жалпы, парламентті өзгерту – өте жауапты іс. Себебі ол мемлекеттің тағдырына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай қадам асығыс емес, жан-жақты ойластырылып, қоғаммен бірге талқылануы керек.
Президент еліміздің саяси мәдениеті өсіп, азаматтардың мемлекеттік істерге араласу деңгейі артқанын атап өтті. Сол себепті бұл мәселені халықтың талқысына салу – уақыт талабы. Өйткені Парламент – халықтың дауысы естілетін басты алаң болуы тиіс.
Өткен отыз жыл ішінде Сенат өз миссиясын абыроймен атқарды. Ол мемлекеттің тұрақтылығын сақтауға, маңызды реформаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосты. Бірақ қазір әлем өзгеріп жатыр. Геосаяси жағдай күрделеніп, мемлекеттер арасындағы қақтығыстар көбейді. Осындай алмағайып заманда басқару жүйесі де икемді, тиімді әрі ашық болуы керек.
Сондықтан Құрылтайда бірқатар маңызды шешімдер айтылды. Соның бірі – Халық кеңесін құру. Бұл орган ел үшін маңызды мәселелер бойынша ұсыныс айтатын жоғары консультативтік алаң болады. Оның құрамына этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және қоғамдық ұйымдардан өкілдер кіріп, барлығы 126 адам болады. Кеңес жылына бір рет жиналады.
Тағы бір маңызды жаңалық – вице-президент лауазымының енгізілуі. Ал мемлекеттік кеңесші қызметі таратылмақ. Бұл – билік құрылымын оңтайландырып, жауапкершілікті нақтылауға бағытталған қадам.
Сонымен қатар, бір палаталы Парламентке көшу ұсынылды. Жаңа Парламент бес жылға сайланып, 145 депутаттан және 8 комитеттен тұрады. Президенттік квота мен Ассамблея квотасы алынып тасталады. Депутаттар партиялық тізіммен сайланады, ал өңірлерде мажоритарлық жүйе сақталады. Парламентке өту үшін 5 пайыздық шек бұрынғыдай қалады.
Ең бастысы – Парламенттің рөлі күшейеді. Енді Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Парламенттің келісімімен тағайындалады. Сонымен қатар, Жоғарғы сот судьяларын бекіту құқығы да депутаттарға беріледі. Бұл – заң шығарушы органның сот жүйесіне қатысты бақылауын арттырады.
Жалпы алғанда, бір палаталы Парламентке көшу, Халық кеңесін құру және вице-президент институтын енгізу елдің дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бұл өзгерістер Қазақстанның басқару жүйесін заманға сай етіп, алдағы күрделі кезеңдерге дайын болуына мүмкіндік береді.
Қадиша ОСПАНОВА
Депутат, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі комиссиясының төрағасы



