Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданған
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылды, деп хабарлайды ortalyq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді», деді Мемлекет басшысы.
Президент атап өткендей, биыл әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Мәселен, Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Сондай-ақ балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза да қатаңдатылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды.
«Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз», деп еске салды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.