Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Осакаров ауданы және Теміртау қаласы тұрғындарымен кездесті
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Осакаров ауданы мен Теміртаудың жұртшылығымен кездесті. Байыпты диалог барысында тараптар ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылап, маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды қарастырды. Сенатор металлургтер мекенін дамыту басымдықтары, отандық бизнес-құрылымдарды нығайтуға жәрдемдесуге арналған қажетті заңнамалық құжаттарға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы тұрғындардың уәж-пікірлерін тыңдады.
Өзгерістің бәрі ертең үшін
Облыстың негізгі астық егетін өңірлерінің біріне еліміздің жоғары заң шығарушы органының өкілі сейсенбіде жұмыс сапарымен келгендігін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып үлгерген. Мұнда ол жергілікті аграрлық сектор өкілдерімен, сондай-ақ, Осакаров аудандық мәслихатындағы әріптестерімен, қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйымдар мүшелерімен, ардагерлер кеңесі мен ел ақсақалдарымен жүздесті. Серік Балғатайұлы жиналғандарға елде болып жатқан ауқымды өзгерістер туралы, сондай-ақ VIII сайланған парламентшілердің қызметі туралы кеңінен баяндады.
– Өздерізге аян, былтыр жалпы республикалық референдум өтті. Онда халық Қазақстан Республикасы Конституциясына елеулі өзгерістер енгізуді мақұлдады. Онан соң, Президент сайлауы, Сенат пен Мәжіліс сайлауы өткен еді. Өңір бізге нық сенім білдірді. Өз кезегімізде Қазақстан Республикасы Парламентінің жоғарғы палатасында облыс атынан өкілдік ете жүріп, кенді өңірдің мүддесін тиісті деңгейде қорғау, қарағандылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық қолжетімді шараларды уақытылы қабылдау қажет деп санаймын, – деп атап өтті сенатор.
Алар асу, бағындырар белес
Серік Өтешовтың пайымдауынша, отандық заңдарды қабылдауға жауапты парламентшілердің басты міндеті – бірінші кезекте өңірлерді дамытуға бағытталған нақты әрі тиімді көмек көрсету. Сенатор жұмыс сапары барысында Осакаровтан өзге ірі агроөнеркәсіптік көрсеткіштерін қамтамасыз ететін Нұра және Абай аудандарына да баруға ниетті екендігін айтқан болатын.
– Мемлекет басшысы ел дамуының басты драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл турасында біз әрбір сессияда, парламенттік сағаттарда айтудан жалықпаймыз. Жұмыс бабымен Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің баяндамалары мен ұсыныстарын жиі тыңдаймыз. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, субсидиялар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану туралы нақты ұсынымдарымызды алға тартамыз. Қазіргі уақытта мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бойынша белсенді шаралар легін қабылдауда. Алайда, бұл бағытта қаузарлық мәселе де жеткілікті. Менің ойымша, күн тәртібіндегі сұрақтарды бірлесіп шешу өте маңызды. Яғни, менің сапарымның мақсаты – Сенат депутаттары заңнамалық деңгейде тағы немен көмектесе алатынын біліп, жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламаларды орындауда іс жүзінде қандай жағдай қалыптасып жатқанын өз көзіммен көру, – деді Серік Балғатайұлы.
VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары қызметінің жартыжылдық кезеңінде қоғам үшін мәні зор бірқатар заңдар қабылданды. Мәселен, «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы кеңінен талқыланған құжат. Ол елге Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз пайдаға кенелген капиталды қайтаруға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса, сенаторлар өз жерлерін шаруашылық айналымға біртіндеп қайтару мүмкіндігін жасау үшін бұрынғы полигон аумағын оңалту мақсатында құрылатын «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» онлайн-платформалар мен онлайн-жарнамаға (халықты жалған ақпараттан қорғауға бағытталған) қатысты заң жобаларын мұқият зерделеп, мақұлдады. Елді мекендерде электр самокат тебуде жол қауіпсіздік ережелеріне өзгерістер енгізіліп, бұл көлік құралдары жүргізушілерінің де, жаяу жүргіншілердің де жазатайым оқиғаларын едәуір төмендетуге тиіс.
25 заңнама мақұлданды
Агроөнеркәсіптік секторды қолдау шараларын кеңейту, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жоспарлануда. Бюджет және Салық кодекстеріне, Мемлекеттік сатып алу туралы ережеге өзгерістер даярлануда. Жалпы, сенатор өзі атап өткендей, жаңа шақырылымның жоғарғы палатасы 25 заңнамалық актіні мақұлдап, оның 11-не тікелей депутаттар бастамашылық еткен. Серік Өтешов парламентшілердің қызметі облыстық және аудандық мәслихаттардағы әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Сенатта Қазақстан өңірлерін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысатын «Өңір» депутаттық тобы құрылды.
– Облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін бес жарым жыл атқардым. Қарағанды облысының өзіндік ерекшеліктерін, өзекті мәселелерін жете түсінемін. Қазіргі уақытта бұл лауазымда – Нүркен Сайфиддинұлы Қобжанов. Ол – қадірлі әріптесіміз, тәжірибелі жан. Біз қазіргі уақытта сандаған мәнді мәселелер төңірегінде тығыз қарым-қатынас орнатып, қажетті кезде келелі кеңес беруден аянбаймыз, – деп түсіндірді Серік Балғатайұлы.
– Мемлекет басшысы өңірлік саясатты жетілдіруге, облыстардың әлеуетін көтеруге, бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ерекше назар аударады. Сондықтан, парламентшілер бізге үнемі келіп тұрады. Енді Сенат депутатына тікелей хабарласып, өзіңізді толғандыратын сауалыңызды жолдауға мүмкіндігіңіз бар, – деп атап өтті Нүркен Қобжанов.
Ауыл неге алаң?
Ауыл тұрғындарының алдында кесе көлденең тұрған көкейкесті жайттар турасында төраға Қанат Саққұлақов бастаған Осакаров аудандық мәслихатының депутаттары мен жергілікті қоғам қайраткерлері кеңінен баян етті. Атап айтқанда, аудан орталығының тұрғындары келесі жылы пайда болатын жүзу бассейнінің тағдырына алаңдаушылық білдіретінін жасырмады. Жобаның жыл сайын қымбаттауына байланысты оны іске асыру қазіргі уақытта тоқтатылды, қаржылық құжаттарды түзету қажет. Жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектептегі оқушыларды тамақтандыру, әрі жасөспірімдерді білім беру мекемелеріне кентішілік тасымалдау тақырыбы назардан тыс қалмады. Әсіресе, ауыл тұрғындары жайылымдық жерлерді кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде жергілікті фермерлер кейбір жағдайларда мемлекеттік органдардың жұмысына ресми көзқарас бар екенін айтты. Нақтыласақ, делдалдардың қолынан өтіп, егін жинау науқаны кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өте қажет арзандатылған дизель отыны айтарлықтай «қолдан» қымбаттайды. Бұдан басқа, жанар-жағармайдың қажетті көлемін облыс орталығында жеткізушілерден сатып алу ұсынылатын көрінеді. «Ірі шаруашылықтар жанармай таситын көліктермен тасымалдауға мүмкіндігі бар, ал шағын субъектілер үшін бұл тиімдірек», – деп бөлісті Осакаров ауданы бойынша Қазақстан фермерлер қауымдастығының өңірлік өкілі Ерлан Оспанов. Бұдан бөлек келелі кездесу барысында мемлекеттік сатып алуды сандық форматқа көшіру, түз тағысы ақбөкен үйірінің елді мекендерді ауық-ауық маңайлауы сынды өзекті жайттар сөз етілді. Сенатор Серік Өтешов барлық үндеу мен ұсынысты мұқият қарастырып, зерделеуге уәде берді.
– Депутаттық өкілеттіктер қатарында тиісінше сауалды бейінді мемлекеттік органға, яғни, министрліктер мен ведомстволарға жіберу мүмкіндігі бар екені мағұлым. Біз өңірлердегі әріптестермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып, қажетті түсініктемелер талап етеміз, оны пысықтаймыз. Қайталап айтамын, біздің негізгі міндетіміз – қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде, кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға қатысты ілкімді істерді тиімді жүзеге асыру. Тіпті, қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы мәселені қоямыз, – деп сендірді сенатор.
Сол күні Серік Өтешов түрлі шығармашылық үйірмелер мен секциялар, баламалы энергетика, робототехника және 3D модельдеу зертханалары, «Жас инженер» студиясы орналасқан «Жастар» балалар-жасөспірімдер орталығына ат басын бұрды. Әрі «Сарыбел Нан» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен танысты.
Мүдде: үйлестік пен үндестік
Теміртауда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Өтешовтің жұртшылықпен кездесуі әкімдіктің үлкен залында өтті. Онда ол тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдады.
– Біз бизнес өкілдері ретінде Сізден мемлекеттік деңгейде шетелдік карталарды пайдаланғаны үшін пайыз алу мәселесін көтеруіңізді сұраймыз. Бұл ақша елден кетеді, ал, төлем жүйесі мемлекетіміздің пайдасына жұмыс істеуі тиіс, – деді Теміртау қоғамдық кеңесінің мүшесі Марина Бошель сенаторға.
Сонымен қатар, сенатордан балалары стационарлық ем алып жатқан ата-аналарды тамақтандыру мәселесін заңнамалық деңгейде қарастыруды өтінді. Кішкентай қазақстандықтардың өз үйлерінде емес, басқа қалаларда да медициналық көмек алуы жиі кездеседі.
– Біз сіздердің ұсыныстарыңызды қарастырып, тиісті қорытынды шағаратын боламыз. Мәселе – ауқымды. Сондықтан, алдымен нақты тұжырымдалуы тиіс. Ал, егер заңнамаға өзгерістер енгізу туралы айтар болсақ, онда тиісті ережелерді, қаулыларды және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу қажет, – деп түсіндірді Серік Өтешов.
Кездесуге қатысушылар жылу магистральдық желілерді жөндеу, мемлекеттік мекемелердегі құрылыс-монтаж жұмыстары мен қаланы абаттандыру мәселелерін талқылады. Бұл жұмыстардың барлығын, қоғам белсенділерінің пікірінше, тендерлік жүйені жоққа шығарып, жергілікті фирмалар мен кәсіпорындар орындауы керек. Өйткені, осы қадамдар уақыттан ұтып, мердігерлердің жосықсыз әрекеттерін шектейді.
Теміртау тұрғындары сенатордан қаланың экологиялық проблемаларына назар аударуды сұрады. Олардың айтуынша, металлургия зауытының зиянды шығарындылары халықты алаңдатпай қоймайды.
Келелі кездесу екі сағаттан астам уақытқа созылды. Ұтымды ұсыныстар мен сауалдар жолданған жиын соңында сенатор Серік Өтешов қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымы үшін риясыз алғысын білдірді. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары аталған мәселелер легін парламенттік демалыстан кейін қарауға ниетті екенін атап өтті.
ҚАРАҒАНДЫ – ОСАКАРОВ – ТЕМІРТАУ – ҚАРАҒАНДЫ
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz