Бас тақырыпБасты тақырып

Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді

Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Шахтинск қаласында қала әкімі, қалалық мәслихат депутаттарымен және Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ең өзекті мәселелер ашық айтылып, оларды заңнамалық деңгейде шешу жолдары жан-жақты талқыланды.

Суреттерді түсірген Александр Марченко 

Жылу мен жол – басты мәселе

29 желтоқсанда басталған жұмыс сапары барысында Сенат депутаты Серік Өтешов облыстың бірқатар ғылыми-өндіріс орындарында болып, жергілікті жердегі нақты проблемаларды көзбен көріп, тұрғындармен тікелей пікір алмасты. Осы сапар аясындағы өткен кезекті кездесу де маңызды маңызды мәселелерге толы болды.

Кездесуді қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков тізгіндеп, күн тәртібінде Шахтинск қаласының және оған қарасты кенттер мен ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық ахуалы және заңнамалық өзгерістерді қажет ететін мәселелер кеңінен қаралды.

Алғашқы көтерілген мәселе – кентті жылумен қамту жағдайы. Қоғамдық кеңес мүшесі бойынша, жеке тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу үшін жаңа жылу пункттерін салу аса маңызды. Жобаның мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алғанымен, республикалық бюджеттен қаржы бөлуге қатысты өтінімдер бірнеше мәрте қолдау таппаған. Бұл – кент тұрғындары үшін әлеуметтік тұрғыдан аса маңызды мәселе.

Инфрақұрылым мәселесі жол жөндеу мәселесіне жалғасты. Бірнеше автожол учаскелері жөндеуді қажет етеді. Жұмыстардың бір бөлігі аяқталғанымен, кейбір учаскелердегі жөндеу келесі жылға жоспарланған.

Кәсіподақ өкілдері жолдардың жөнделмеген бөліктерін және еңбек жарақатына байланысты өтемақыны есептеу тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеудің қажеттілігін көтерді. Еңбек кодексіндегі өзгерістер жұмысшылардың құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс екені айтылды.

Сонымен қатар, инфрақұрылымдық мәселелерге, атап айтсақ, су құбыры желілерін салу, жолдарды толық жөндеу және шағын, орта бизнесті қолдау қажет екені атап көрсетілді. Кепіл мүлкіне қойылатын талаптарды жеңілдету сияқты заңнамалық өзгерістер қарастырылуы тиіс. Бұдан бөлек, тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы құқықтық олқылықтар да көтерілді. Ірі көлемді қалдықтарды шығару міндеттері тұрғындар мен ұйымдар үшін нақты бекітілуі қажет.

Әлеуметтік қолдау мәселелері де назардан тыс қалмады. Ардагерлер мен интернационалист-жауынгерлерге берілетін жеңілдіктерді заң жүзінде бекіту және оларды қысқартпау қажеттігі айрықша атап айтылды.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы несиелеу кезінде кепіл мүлкіне қойылатын талаптарды жеңілдету жөнінде заңнамалық өзгерістер қажеттігі де баса айтылды.

Депутаттар көтерген мәселелер

Кездесу барысында Шахтинск қалалық мәслихатының төрағасы Жамал Мамерханова, қалалық мәслихат депутаттары Мақсат Тоханов пен Тимур Шакенов те бірқатар әлеуметтік мәселені ортаға салды. Олар І топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға төленетін жәрдемақыны арттыру, қамқоршылық кезеңін зейнетке шығарда еңбек өтіліне қосу және мүгедектер арбасын пайдалану мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту жөнінде ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, қаңғыбас иттерге мемлекет тарапынан уақытша баспана табу мәселесін де ортаға салып, үкімет тарапынан бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанына қызығушылық танытты.

Серік Балғатайұлы өз кезегінде Шахтинскіде көтерілген мәселелердің барлығын нақты деректер мен цифрларға негізделгенін атап өтіп, бақылауына алатынын айтты.

– Бұл – нақты жобалар, нақты сомалар, өңір тұрғындарының тағдыры. Бір ғана жылу жобасының өзіне ауқымды қаржы қажет. Мұндай мәселелерді жүйелі түрде республикалық деңгейде көтермей, жергілікті бюджетпен шешу қиынға соғады. Сондықтан, барлық мәселені жіті қадағалап, зерттеп, заң аясында талқыға салып, оң шешілуін қадағалауға күш саламыз, – деді сенатор.

Ол сондай-ақ, қабылданған жаңа Салық кодексі мен 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте өңірлерге бағытталған шығыстардың артқанын, 2025 жылдан бастап күшіне енген бірқатар заңдардың әлеуметтік маңызы жоғары екенін айрықша атап өтті.

«Парламенттің басты міндеті – өңірлердің үнін есту. Шахтинскідегі әрбір ұсыныс Сенат алаңында қаралады. Заңнама нақты өмірге қызмет етуі тиіс», – деді Серік Өтешов.

Шахтинск қаласындағы кездесу жергілікті проблемалардың ауқымын айқын көрсетті. Жылу, жол, су, әлеуметтік қорғау, ардагерлер мен кәсіпкерлердің мәселелері – барлығы да кешенді әрі заңнамалық шешімді талап етеді. Сенат депутатының бұл сапары өңірлік түйткілдердің Парламент деңгейінде нақты талқылануына жол ашып, Шахтинск мәселелерінің елдік күн тәртібіне шығуына мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button