Парламент сенатының депутаты Серік Өтешев – Қарағандыда
Парламент сенатының депутаты Серік Өтешев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді. Сапар барысында Серік Балғатайұлы облыстық мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, халық қалаулыларының ұсыныстарын тыңдады.
– Қазақстан Республикасының Парламенті бүгінге дейін үш ай толық жұмыс жасады. Осы аралықта бірқатар шаруалар атқарылды. Бірінші сессияның өзінде сексеннен астам заңды жұмысқа алдық. Оның ішінде 25 заң қабылданды. Ал, 13 заңға Президент қол қойды. Әлбетте, біздің жұмысымыз жемісті болуы үшін тұрғындармен етене жұмыс жасайтын жергілікті жерлердегі мәслихаттардың көтерген мәселелері маңызды. Сондықтан, қабылданатын заңдар бойынша ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз. Үлкен жұмысты бірге атқаруымыз керек, – деді Серік Өтешов.
Серік Балғатайұлының облысқа сапары барысындағы көздегені де – осы. Атап айтқанда елге, адамдарға пайдасы тиетін заңдарды қабылдау ісінде жан-жақты талқылап, тұрғындардың ойында жүрген ұсыныс-пікірлерді де ескеру. Ал, екінші бағдар – Қарағанды облысындағы жүйелі мәселелерді қандай жұмыстар атқару керектігін талқылап, назарға алу.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz