Парижден олжалы оралды
Франция астанасында өткен әлем кубогының бірінші кезеңінде жерлесіміз, қарағандылық спортшы Виктор Друзин көркем жүзуден жеке еркін бағдарламада бағын сынап, үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды.

Байрақты бәсекеге әлемнің 22 елінен 167 спортшы қатысты. Алты құрлыққа аты мәлім спортшылар арасында Виктор Друзин өз шеберлігін байқата білді. Оның жеңісі Арқа жұртының мерейін тасытып, абыройын асырды.
Грекиялық синхронды жүзудің екі шебері Мариос Критсас пен Стильянос Фускис кейінгі орындарға жайғасты.
World Aquatics әлем кубогы жыл сайын өтеді және үш кезең һәм суперфиналдан тұрады. 2024 жылы алғаш рет Бейжіңде өткен жарыста Виктор Друзин мен Анна Павлецова дуэтта күміс медаль жеңіп алған еді. Кейін еркін соло бағдарламасында қола медаль иеленді. Бұл – оның ересектер санатына көшкеннен кейінгі мансабындағы ең жоғары жетістігінің бірі.
Аталған әлем кубогының бірінші кезеңінде Қарағанды облысының басқа да спортшылары – Анастасия Воронкова, Полина Мерзлякова және Милана Ашаханова командалық еркін бағдарламада өнер көрсетіп, ұлттық құрама сапында халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді.
Мөлдір МҰРАТБАЕВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
журналистика бөлімінің IV курс студенті