Париж Олимпиадасына тоғыз күн қалды
Тоғыз күннен соң Париждегі жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төртжылдықтың басты додасына спортшылар қызу дайындық үстінде. Ал жер жүзілік жарыста атлеттерден бөлек біз назар аударатын тағы бір мәртебелі мамандар бар. Олар – төрешілер. Париж Олимпиадасында төрелік ететін қазылар арасында қазақстандық шеберлер де жоқ емес. Olympic.kz жазғы ойындарға аттанатын қазақстандық әділ-қазылармен таныстырады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі мәлімет бойынша, Париж Олимпиадасына 12 қазақстандық маман төрелік етеді.
Олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (әртістік жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, сабля), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).
Қазақстандық төреші Тимур Әмірбеков осымен өзінің төртінші Олимпиадасына аттанады. Спорттық гимнастиканың хас шебері бұған дейін 3 Олимпиада ойындары мен 18 әлем чемпионатында төрелік еткен. Ал Әмірбеков қазылық жасаған Азия чемпионаттары мен әлем кубогінің санында есеп жоқ.
– Бұл – менің төртінші Олимпиадам. Ең алғаш рет 2004 жылғы Афина Олимпиадасында қызмет еттім. 2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы ойындарға төрелік етпедім, себебі, бұл кезде ұлттық құраманың бас бапкері едім.
2012 жылғы Лондон және 2016 жылғы Рио Олимпиадаларында төрешілер қатарында болдым. Ал пандемия кезінде өткен Токио ойындарынан сырт қалдым. Оның да өзіндік себептері бар.
Өз мансабымда жалпы есебі 18 әлем чемпионатына төреші ретінде қатысыппын. Ең соңғы рет 2022 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында қазылық жасадым. Сол чемпионат қорытындысы бойынша мен ең үздік бес төрешінің қатарына ендім. Бұл автоматты түрде Париж Олимпиадасында төрелік етуіме себеп болды.
Жазғы Олимпиадада 55-56 төреші жұмыс істейді. Оларды іріктеудің өзіндік ережелері бар. Қалған қазылар сол чемпионаттан кейінгі жарыстар арқылы таңдалды, – дейді Тимур Шертайұлы.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.