Париж Олимпиадасы: Демеу Жадыраев – жартылай финалда
Бүгін қазақстандық спортшылар Париждегі Олимпиада ойындарын сәтті бастады. Грек-рим күресінен өнер көрсеткен Демеу Жадыраев жартылай финал үшін өткен белдесуде әйгілі қырғыз балуаны, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовтан айласын асырды. Ал, спорттық құзға өрмелеу сайысында бақ сынаған Әмір Маймұратов алғашқы мүмкіндігінде-ақ Олимпиада рекордын орнатып, ширек финалға жолдама алды.
Бүгін екілік каноэмен 500 метрге жарысудан іріктеу айналымында өнер көрсеткен отандастарымыз Тимур Хайдаров пен Сергей Емельяновтың асығы алшысынан түсті. Олар өз тобында V орын иеленіп, ширек финалға жолдама алды. Әзірге ерлер арасындағы жарыс аяқталмады.
Ал, әйелдер арасындағы 500 метрге жарысудан іріктеу сынында өнер көрсеткен құрама команда мүшелері Мария Бровкова мен Руфина Искакова да ширек финалға жолдама иеленген еді. Алайда, екінші мәрте ширек финалда сынға түскен қазақстандықтар спортшылар жартылай финалға өте алмады. Олар өз тобындағы төрт экипаж арасынан IV орын иеленді. Бұл кезеңде тобында алғашқы үштіктің қатарына енген командалар жартылай финалға жолдама алды.
Жеңіл атлетикадан 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруден жұбаныш айналымына қатысуға мүмкіндік алған Давид Ефремов жарыстан шеттетілді. Ол мәре сызығына тұрғанда фальстарт жасағаны үшін, яғни, жүгіруге сигнал берілмей тұрып қозғалып кеткені үшін жарыс жолынан шығып қалды. Сонымен қатар, байдарка мен каномен есуден (500 метр) Қазақстан командасының мүшелері Бекарыс Раматулла мен Сергей Токарницкий Олимпиаданың жартылай финалына өте алмады.
Грек-рим күресінен 77 келі салмақта өнер көрсеткен Демеу Жадыраев жартылай финалға шықты. Ол бірінші айналымда колумбиялық Алексис Муньестен 9:0 есебімен басып түсті. Жартылай финал үшін өткен белдесуде әйгілі қырғыз балуаны, екі дүркін әлем чемпионы Ақжол Махмұдовтан айласын асырып, 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Спорттық құзға өрмелеу сайысының «жылдамдық» дисциплинасы бойынша бақ сынаған қазақстандық споршы Әмір Маймұратов Олимпиада рекордын орнатты. Ол бірінші мүмкіндігінде-ақ 4.89 м уақытын тіркеп, рекорд жаңартты. Әрі ширек финалға жолдама еншіледі.
Плей-офф кезеңінде отандасымыз БАӘ өкілі Джошуа Брюнсті жеңді. Әмірдің нәтижесі – 4.94, Брюнстің көрсеткіші – 5.84. Енді ширек финалдық бәсеке 8 тамызда өтеді.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.