Париж – 2024: облыс боксшылары жолдамасыз қалды
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындары жайлы мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы сала басшыларына байрақты бәсекелерде елдің намысын қорғар спортшыларға қолайлы жағдай жасауды тапсырып, тиісті тапсырмалар берді.
Франция астанасы Парижде өтетін биылғы Олимпиада ойындарында 206 елден 10 мыңнан астам спортшы спорттың 32 түрінен 329 марапаттар жиынтығын сарапқа салмақ.
– Бүгінгі таңда облысымыздан лицензия алуға 19 үміткер спортшы анықталды. Спорттың 9 түрі бойынша 12 лицензия алу жоспарлануда: байдарка мен каноэде есу, жеңіл атлетика, синхронды жүзу, батут гимнастикасы, әйелдер күресі, жүзу, дзюдо, еркін және грек-рим күресі. Спортшылар физикалық тексеруден, кешенді тексеруден өтеді және мамандардан қажетті кеңестер алады. Сондай-ақ, үміткерлерге ай сайынғы ақшалай қаражат беріледі, оның сомасы жарыстардағы нәтижесіне байланысты. Спортшыларды даярлау үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар, Паралимпиада ойындарына қатысуға облыстан 5 спортшы-кандидат анықталды. Олар спорттың жүзу, жеңіл атлетика және дзюдо түрінен қатыспақ, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
– Спортшылардың Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындығын қатаң бақылауға алу керек. Оларға ыңғайлы дайындық үшін жағдай жасау қажет. Олимпиадада біздің боксшылар болмайтыны өте өкінішті. Қарағанды облысы әрқашан өзінің бокс мектебімен танымал болған. Неліктен Олимпиада мен Паралимпиадаға қатысуға лайықты боксшылар жоқ? Менің ойымша, бұл ұйымдастырушылық кемшілік, жаттықтырушылар құрамын алдын-ала дайындау керек еді. Бұл мәселені пысықтау қажет,– деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.