Спорт

Параспортшы Ақназар Мүтәліпов Балқаш көлін жүзіп өтті

Қарағандылық параспортшы Ақназар Мүтәліпов Балқаш көлін бір жағалауынан екіншісіне дейін жүзіп өтіп, 20 шақырымдық қашықтықты 13 сағат ішінде тоқтамастан еңсерді. 27 жастағы спортшының бұл жетістігі ерекше, өйткені Ақназардың тек бір қолы мен бір аяғы ғана бар.

Суреттер Ақназар Мүтәліповтің жеке мұрағатынан

Ақназар 2018 жылға дейін теміржол саласында жұмыс істеп жүрген ол өндірістік апаттан кейін ауыр жарақат алып, мүгедектікке тап болды. Сол қиын сәттерде ол бала күнгі әуестігіне — суға жүзуге қайта оралады. Алдымен Балқаш көліне барып, өз бетімен жаттыға бастайды. Кейін бассейнге жазылып, кәсіби жаттықтырушымен жұмыс істеуге кіріседі.

Қысқа мерзімде ол үлкен нәтижелерге қол жеткізді. 2024 жылдың наурызында Таразда өткен жарыста 400 метрге еркін жүзуден Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылы Бурабай көлін жүзіп өтіп, шеберлігін тағы дәлелдеді.

2025 жылы Ақназар алдына жаңа, аса күрделі мақсат қояды — Балқашты жүзіп өту. Бұл тек физикалық емес, рухани сынақ та болды.

– Балқашты тоқтаусыз жүзіп өттім. Бұл өзіме және әлемге мүмкіндігі шектеулі адамның да шексіз межелерді бағындыра алатынын дәлелдеу еді. Менің мақсатым – жүзу ғана емес, адам рухының қандай қиындықты да жеңе алатынын көрсету, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазір Ақназар Мүтәліпов бұл жетістігін Гиннестің рекордтар кітабына тіркетуге ниетті. Сондай-ақ, ол халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның атын әлемге танытуды мақсат етеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button