Парасатты аға

Биылғы қыстың құбылмалы ауа райы елді алаңдатып тұр. Аязы ақырып, ауа температурасы сынап бағанының соңғы шкаласына қарай сырғып кетпесе де, жылымықпен алмасқан күннің райы тіршілік атаулының күйін қашырады.
Ақпанда жаздың жауынындай төгіп берген жаңбыр алаңдатпай қойсын ба?! Сәуірге дейін қары мызғымайтын Арқаның даласы мұз айдынына айналып шыға келген.
– Апыр-ай, мұның арты қалай болмақ? Қырдағы ағайынның халі нешік болар екен? Әуелі арына, сонан соң малына сенген ауыл шаруасы таяқ ұстап қалмаса жарар еді…
Жетпіс деген жасыңыздың жуан ортасындағы жотаға ат шалдырған Тұрар аға әлі де жеңіл қозғалып, ширақ қимылдайды. Тіл-көзден сақтасын, елуден енді асқандарды екі орап алатын екпіні бар. Бірақ, бүгін еңсесі еңкіш тартып, көңілі құлазыңқырап қалғанға ұқсай ма… Иә, ел қиналса, ет жүрегі езіліп кетердей болып өзі де қиналатыны бар-ды. Бүгінгі төпелей жауған жауын жанын жаншып тұр-ау шамасы.
– Көктемде жауса, жазда нөсерлетсе, Алланың нұры дейтін едік. Ал, мынау ақпандағы ақ жауын Алланың қыры болмаса не қылсын…
Тағы да күйгелектеніп, өзінен-өзі күбірлеп жүр. Елағасының бұл беймаза күйі сырт көзге оғаш көрінгенімен, Тұрар ағаны жақсы танитындар үшін еш сөкеттігі жоқ дағдысы еді. Өйткені, ол елін емірене сүйеді. Ат жалын тартып мінгелі еліне адал қызмет етті. Ауылда туды, қаншама жыл ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет етті. Жылдың төрт мезгіліндегі ауа райы Тұрар аға үшін тәуліктің жиырма төрт сағатында да ойынан шықпайтын маңызды құбылыс болатын.
Иә, ақпанда жауған ақ жауын жалғыз Тұрекеңді емес, елдің бәрін алаңдатып отыр. Сонда да, Тұрар ағаның кейбір замандастары «Тайып құлап, мертігіп қалмасақ екен», – деп, сыртқа шықпай отырғаны жасырын емес-ау. Ал, мемлекеттік қызмет ардагері, ауыл шаруашылығы саласының білікті ұйымдастырушысы Тұрар Ахметұлы қарақан басының емес, қара орман халқының жай-күйіне алаңдап, жаны жай таппай отыр.
Елжандылығы шығар, елді ойлап елеңдейді. Ауыл халқы үшін мына жауын жұттың белгісі болмаса екен!
Отағасының алаң көңіл, беймаза күйін үйдегілер бірден аңғарды. Зина жеңгей жұбайының нені ойлап, не үшін мазасызданып отырғанын сол сәтте сезген. Өйткені, ауа райына қарап төл төгінін де, егін орағының түсімін де, малдың қоңын да алдын-ала бағамдап отыратын Тұрар ағаның жылдар бойғы дағдысын жаттап алған. Тұрекең болса, тағы да:
– Апыр-ай, қалай болар екен? – деп, терең күрсініп алды да, Зина жеңгей ұсынған кесеге қолын созды.
Ес білгелі дағдысы – осы. Елді есінен шығарған кезі жоқ. Қырдағы шаруаның, қырмандағы диқанның қарбалас тірлігі, қым-қуыт бейнеті көз алдына келіп, ойына шырмала береді.
***
Өткен өміріне өкініші жоқ бір адам болса, ол – Тұрар Ахметұлы Алтынбеков. Жаза басып, қата сөйлеген кезі жоқ. Бойына атаның күші, ананың сүтімен дарыған адалдығынан айнымай, «ақырын жүріп, анық басудың» баспалдақтарынан сүрінбей өтті. Жіліктің майлы басындай лауазымды қызметтер атқарды. Бірақ, асқақтап кетпепті. Халық алдындағы міндетін, мемлекет алдындағы жауапкершілігін парасат-пайыммен түйсініп, қарапайым қалпынан айнымады. Қарашыл тұлпардай халыққа жақын болды.
…Абай ауданының әкімі кезі. Сол кездегі тәртіп-талап бойынша әкімдер халық алдында есеп беретін. Өткен мерзімнің атқарылған жұмысын саралап, алдағы күннің межелі жоспарын нақтылайды.
Аудан орталығындағы жалғыз қазақ мектебі қаңырап қалған ықшам ауданда, терезелері үңірейген көпқабатты үйлердің ортасында қалған. Мектеп жұмыс істеп тұр. Өйткені, басқа қазақ мектебі жоқ. Аудан әкімі болып енді ғана тағайындалған әкім үшін бұл мектептен басқа да проблема жетіп-артылады. Мәселен, қала көшелеріндегі асфальт жолдар жоққа тән. Ауыз су кешкі мезгілде үш сағат қана беріледі. Коммуналдық қызмет мекемесінде 3 қызметкер, жалғыз «МТЗ», қоқыс шығаратын 5 тіркеме бар. Балабақшалар жұмысын тоқтатқан. Бұрынғы 60 мың тұрғынның 24 мыңдайы ғана қалған. Нақты айтқанда, Абай қаласының байырғы тұрғындарының үштен-бірі басқа жаққа қоныс аударып кеткен. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, Абайда тұрмыс жайлы болса, осынша халық үдере көше ме?
Бұған дейін екі жыл аудан әкімінің орынбасары болған Тұрар Алтынбеков үшін мұның бәрі бейтаныс проблема емес еді. Көзі қанық дүние болғанымен, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр. «Өтпелі кезеңнің» салқыны шарпымаған қала, аудан бар ма еді? Абай ауданы да – сондай ауданның бірі. Облыс орталығымен қоңсы қонған ауданның жағдайы осынша мүшкіл халге түседі деп кім ойлаған?! Сонда да Тұрар Ахметұлы бұрынғы әкімнің жұмысын жоққа шығарып көрген емес. Уақыт таралғы еткен заманның жүгі сондай ауыр еді.
Қыруар мәселемен бетпе-бет келіп, күні-түні тынбай еңбек етіп жүріп, Тұрар аға әлгі жалғыз қазақ мектебінің жағдайына қатты алаңдайтын. Кезекті есеп беру жиынындағы ақсақалдың кішкентай немересін жетектеп келіп:
– Әкім мырза, мен мына немеремнің жағдайына қатты алаңдаймын. Қаңыраған ықшам аудандағы бақсының моласындай жалғыз қалған қазақ мектебінде оқимыз. Әсіресе, қыс мезгіліндегі қысқа күнде сол мектептен мына бала үйге оралғанша, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болады. Әрине, мектепке өзіміз апарып, шыққанда күтіп алып жүрміз. Кейде оның өзі мүмкін болмай қалады. Осы мектепті қала орталығына қарай ауыстырудың реті қалай болар екен? – деген талап-тілегі құлағынан кетер емес.
Сол ақсақалдың сөзі, сол күнгі шарасыз күйі өзінің ата-анасы туған ауылындағы Нілді орта мектебіне жетектеп апарып:
– Мынау – Сәкен Сейфуллин бабаң оқыған мектеп. Сұңқар Сәкендей халқыңа адал қызмет ететін азамат бол! – деген ақ баталарын есіне түсірген. Ол мектеп алақандай ауылдағы мектеп болатын. Өзі барып, өзі келеді. Ал, мына ақсақалдың немересі ХХІ ғасырда қаңыраған үйлердің ауласынан өтіп, қоқыс үйінділерінен өрмелеп өтіп, қатынап жүр.
Аз уақытта ауыз су мәселесін шешіп, қала көшелерін асфальттаудың ретін тапқан. Ауыз су қалаға тәулік бойы берілетін жағдайға жеткен. Оның өзінде ауыз су құбырларының жобалау құжаттары жоқ. Қай құбырдың қайдан шығып, қайда баратынын ешкім білмейді. Жаппай жаңалауға қаржы тапшы. Сол кезде қаланың байырғы тұрғындарын – жергілікті ақсақалдарды іске жұмылдырып, оларға «Аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі» деген көк куәлік беріп, бұл күрделі ахуалдың да күрмеуін шешіп еді. Ал, мына мектеп мәселесінің орайы келер емес. Қазақ мектебі мүлде жоқ болса, жөні басқа болар еді. Мектеп тұр. «Бір мектеп аздық етеді» деген желеумен қаражат сұраса, Абай қаласы тұрғындарының дені – өзге ұлт өкілдері. Жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі – аз.
Абырой болып, сол жылдары Қазақстан Үкіметінің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қабылдана қалғаны. Облыс әкіміне кіріп, Астанаға шапқылап, Сенат депутаттарын жұмылдырып, Үкіметтің табалдырығын тоздырып жүріп, осы бағдарламамен салынатын 100 мектептің алғашқысын Абайға салдырған Тұрар Ахметұлы болғанын абайлықтар күні бүгінге дейін ұмытқан жоқ.
***
Тұрар Ахметұлының кемеліне келіп, нағыз ел ісіне еге болатын шағы әлгінде атап өткен «өтпелі кезеңнің» реформалар дәуірімен тұспа-тұс келді. Күрделі кезеңде күнмен таласа тұрып, түн қатып қызмет істеуіне тура келді. Сәт сайын жаңарып, қоғам өзгеріп жатқан уақыт сенің самарқаулығыңды кешіре ме? Осыны ерте түсінген Тұрар аға бойына туа біткен сергектігі мен жауапкершілігінен бір сәтке де жырақтамай еңбек етті.
…Мектеп бітірген жылы Жаңаарқадағы №178 кәсіптік-техникалық училищенің механизаторлар даярлайтын алты айлық курсын бітіріп келіп, еңбек жолын туған ауылында тракторшы болып бастады. Ол кезде Өспен кеніші кен қорының түгесілуіне байланысты жабылып, бұрынғы жұмысшылар кенті совхоз орталығына айналған. Туған жерінде бір жарым жыл жемісті еңбек етіп, 1970 жылы Қазтұтыну одағына қарасты Қарағанды кооперативтік институтына түсіп, оны 1974 жылы бітірді. Сол жылдан бері ат үстінде. Әуелі Шет аудандық тұтыну одағында есепші-ревизор, одан кейін Ақадыр аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында аға экономист, ҚазКСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы бойынша ақпараттық-диспетчерлік тобының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Жігерлі жастың бойындағы терең білім, берік жауапкершілік аудан басшылығының назарына ілініп, ол партиялық қызметке шақырылды да, Одақ тарқағанша Тұрар Ахметұлы Ақадыр аудандық партия комитетінде, Жезқазған облыстық партия комитетінде, Жезқазған облыстық атқару комитетінде жауапты қызметтер тізгінін ұстады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жезқазған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Міне, осы жылдары Тұрар ағаның іскерлігі мен адалдығы сынға түскен кезең болды. Қазақстан бойынша сол кездегі Семей және Жезқазған облыстарының ауыл шаруашылығы саласы жекешелендіру науқанына пилоттық жоба ретінде ұсынылып, тарихи дүрбелең басталған. Әрбір ауыл еңбеккерінің ортақ мүлік пен жерден алатын заңды үлесін бөліп беру машақатын бір кісідей тартқан адам осы Тұрар Ахметұлы болды. Осы науқанда «бармақ басты, көз қысты» пиғылға тосқауыл қойып, шаруашылықтардың жаңа техника, шұрайлы жерлерін қармап қалғысы келген басшылар әрекетінің жолын кесу оңайға түскен жоқ. Жеке шаруа қожалықтары тиісті үлесін алып, өз игілігіне өзі ие болғанымен, шаруашылықтың мұндай формасын дамыту, олардың өнімін сату, техника, жанармай сатып алуына қолдау көрсету мемлекеттің мойнында қалды. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс төмендеп кеткен. Айналымда ақша жоқ. Сауда-саттық тек бартерлік (айырбас) жүйемен жүргізіледі. Сол кезде ғой қазақы ұғымдағы «екі қойым – бір теңге» деген немқұрайдылықтың белең алғаны. Шын мәнінде, ауылдағы шаруаның бір қойы бес кір сабынға айырбасталып жатқан уақыт.
Мұның бәрі жылы кабинет, жайлы ортада жүрсе де, Тұрар Ахметұлының жанын жай таптырмады. Ол облыс басшылығына тиімді жобалар ұсынып, шаруа қожалықтарын қолдау тетіктерін жетілдіру ісіне өлшеусіз үлес қосты.
Кейін Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларын басқарған жылдарында да оның бай тәжірибесі, терең білім, биік парасаты өзі басқарған салаларды талай тығырықтан алып шыққанын өзі емес, әріптестері айтады.
Қазір зейнет демалысында. Дариға дәурен дүбірінің дүрмегі саябырлаған. Алланың берген ұл-қыздарының арқасында ештеңеден таршылық көрер жері жоқ. Алтынбековтің алтын басын төрге шығарар абыройы бар. Зина жеңгей екеуі ұлдан өрбіген немерелер мен қыздан өрбіген жиендердің қызығына кенеліп, қамсыз тірлік кешуде. Десек те, Тұрар ағамыздың елдің ертеңін, ауылдағы жұрттың жағдайын ойлап, қамығып қалатын сәттері бар. Иә, ол елді ойламай отыра алмайды. Оның бүкіл болмысы елмен егіз жаратылғандай.
…Екеуара сұхбатымыз аяқталған соң, далаға бірге шықтық. Ақпанның ақ жауыны саябырлап, ұлпа қар ұшқындап тұр екен. Көктен қалықтай түсіп, тоңды тесіп өте алмаған жаңбыр суына араласып жатқан аппақ қар маған Тұрар ағаның ақ пейіл, адал көңіліндей көрініп кетті.
Иә, Тұрар аға – осындай жан. Ол – биік парасат иесі.
Жапалақтап жауған қарға қарап, қуанып тұр. Тағдырының жолы жақсы аға, жайсаң азаматты қыста жауған жауындай алаңдатып, жазда жауған қардай қалтыратпаса екен!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»



