Бас тақырып

Парасат пен Құрмет

Бұқаралық ақпарат құралдары мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстанның Құрметті журналисі Аман Жанғожин «Парасат» орденімен, журналистика ардагері Серік Сексенұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагерлеріне марапатты облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыс әкімдігінде мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты жиында табысталды.

Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған қаламы қарымды қаламгер Аман Жағдаұлы аймақтың бас басылымы «Ortalyq Qazaqstan» газетінде 40 жылға жуық еңбек етіп, қатардағы тілшіден бастап, бас редактордың орынбасары лауазымына дейінгі жолдан өтті. Оның өткір мақалалары мен еңбекқорлығы кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болып келеді. Зейнетке шыққан соң да қаламын қолынан тастамай түрлі толғақты тақырыптарға қалам тартып жүр. Облыстық Ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы қызметімен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсенді алтсалысуда.

Қаламы жүйрік көсемсөз шебері Серік Сексенұлы еңбек жолын Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінде бастап, «Ortalyq Qazaqstan» газетінде зейнетке шыққанша табан аудармай 32 жыл табысты еңбек етті. Тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып, жұмысқа ұқыптылығымен ерекшеленді. Көлемді очерктері, репортаж һәм сараптамалары көзі қырағы оқырман назарынан тыс қалған емес. Әлі күнге өзекті тақырыптарға қалам тербеп тұрады.

– Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Журналистикадағы, қоғамдық қызметтегі азын-аулақ еңбегімізді елеп, Мемлекет басшысының бір газеттегі екі ардагерді құрметтегеніне қуаныштымыз. Облыс басшылығына, бізді ұсынған «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің ұжымына алғысымыз шексіз. Қазір жаңа инновациялар енгізілуде. Халыққа адал қызмет етіңіздер. Біздің тілегіміз – сол! – деді «Парасат» орденінің иегері Аман Жағдаұлы.

Жоғары марапатқа ие болған газетіміздің қос ардагерін шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, мол шығармашылық табыс тілейміз!

Мемлекеттік наградага ие болған газетіміздің қос ардагері де көп жылдық еңбек жолында бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, өздерінің қаламға, жазуға адалдығынан таймай, көзі қарақты оқырманның құрметіне бөленген қаламгерлер. Олар қазақ баспасөзінің, оның ішінде, Арқа журналистикасының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Ешкімге ұқсамамайтын ерекше қолтаңбасымен түрлі жанрда қалам тербеп, елдің мұң-мұқтажына үңіліп, өз ісінің шебері атанды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button