Нұра

Парасат биігінде

    Ұлттың ұлы мейрамы – Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұра ауданының Жараспай ауылында «Жараспай» серіктестігінің шаруашылығын шалқытып, ел игілігін еселеп отырған білікті басшы Сейілхан ҚОҢЫРБАЕВ Елбасы Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.

Сейілхан Оспанбайұлының – мамандығы агроном. Жер ананың баптаушысы, ауыл шаруашылық саласының майталманы. Осы салада табан аудармастан жарты ғасырға жуық еңбек етіп келеді.

Өрісін өрге сүйреп келе жатқан «Жараспай» серіктестігі – бүгінде Нұра ауданының ірі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің бірі.

Соңғы үш жылдың ішінде шаруашылық өрлеу үстінде. Осы саланың үрдісті дамуына соңғы жылдары 1,2 млрд. теңге қаражат салған. Егін алқаптарына өңдеудің қазіргі заманауи технологияларын енгізу, алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік мықты да, өнімділігі жоғары техникаларды еңбек барысында қолдану серіктестік басшысының негізгі ұстанымы болып келеді.

Егін егу, ору барысында кейінгі жаңа үлгідегі технологияны барынша пайдаланып отырған серіктестік ағымдағы жылы да техника паркін жаңарту мақсатында қосымша тағы төрт «Кировец – 744», «Бюллер-версталь» егін егу кешендері мен 10 дана «Тукана – 320» комбайндарын сатып алған. Жерді егістікке дайындау, әр жыл сайын кезекпен арнайы алқапты сүрге қалдырып, ол жерлерді минералды тыңайтқышпен тыңайту жұмыстары да серіктестікте жолға қойылған.

Жараспай ауылының әлеуметтік тұрмысы да серіктестік назарында. Ауылдың бұл саласына серіктестік әр жыл сайын 6-7 млн. теңге қаражат бөліп, ауылдың әлеуметтік саласын нығайту үстінде. Ағымдағы жылдың өзінде ауылға «Билайн» ұялы байланысын 16 млн. теңгеге орнатқан. Жаңа жыл қарсаңында іске қосылмақ.

Сонымен қатар, толғауы тоқсан тіршіліктің уызы мен уытын өн бойына өрген Сейілхан Оспанбайұлы – заман талабына сай жаңашылдығы, ауылшаруашылығы саласында менеджерлік қарымы ерекше басшы. Басшының бұл қыры осы салада атқарып келе жатқан елеулі еңбегінің негізінде танылып, осыған сай жыл артқан сайын еңбегі салмақты бағалану үстінде. Бірнеше мемлекеттік медальдармен қатар, бүгінгі күнге дейін «Құрмет» орденімен марапатталып, Нұра ауданының Құрметті азаматы атағын иеленген.

Еңбекпен есейген атпал азамат ауданның қоғамдық өмірінде белсенділік танытуда. Бүгінгі күні Нұра ауданы Қоғамдық кеңесінің төрағасы. Сонымен қатар, 1999-2007 жылдары Қарағанды облыстық мәслихатының ІІ-ІІІ шақырылымының депутаты лауазымын абыроймен өткерген. «Адал ұл туса, ел тірегі» дейді халық даналығы. Секеңнің адалдығы, білімі, жоғары жауапкершілігі, біліктілігі мен парасаттылығы ел аузында.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button