Пара бергендерге қылмыстық жауапкершілік енгізіледі
Қазақстанда заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Қылмыстық кодекстің 247-бабы (Заңсыз сыйақы алу) бойынша істі тиімді анықтау үшін Қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде пайдаланылған жедел-іздестіру қызметінің барлық арсеналы пайдаланылуға тиіс. Осы мақсатта бопсалау белгілері мен аса ірі мөлшерде заңсыз сыйақы алу жағдайларын анықтау үшін арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсатымен «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекс жаңа 247-1-баппен толықтырылып, заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершілік қарастырылады. Бұл тек алғандарды ғана емес, заңсыз сыйақы бергендерді де жауапқа тартуға мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке заңсыз сыйақы алу және беру фактілері бойынша Ішкі істер министрлігіне тең дәрежеде тергеу жүргізу құқығы беріледі.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА