Папиллома вирусына вакциналау басталады
Адам папилломасы вирусы – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. Оның 14 түрі онкогенді. Яғни онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі.
Адам папилломасы вирусы көпшілікті мазаламауы мүмкін. Бірақ кейбір папилломавирустар сүйелдерге немесе қатерлі ісікке әкелуі де мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папилломасы вирусын жұқтыруымен байланысты. Бұл туралы көптеген ғылыми зерттеулер жасалған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 95%-дан астам жағдайда жатыр мойны обырын осы вирус тудырады. Жатыр мойны обырының 70%-ы аталған вирус штаммдарының екі түрінен туындайды. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін.
Адам папилломасы вирусы бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы ол жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. Әлемде жыл сайын 600 мың әйелде жатыр мойны обыры анықталады және одан 340 мың әйел қайтыс болады. Ал Қазақстанда жатыр мойны обырының 1600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 500-ден астам әйел қайтыс болады. Елде жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейінгі әйелдерде онкологиялық аурулардың таралуы бойынша екінші орында тұр.
Қазақстанда биылғы жылдың ІІІ тоқсанынан бастап қыздарды вакцинациялау жоспарлануда. Адам папилломасы вирусына қарсы вакцина Ұлттық егу күнтізбесіне енгізіледі. Вакцинация 11 жастағы қыздарға балаларды вакцинациялауға ата-анасының келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Бұл жас Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, онколог мамандардың ұсыныстарына сәйкес таңдалды. Себебі, 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, бұл аралықта тұрақты иммунитет қалыптасады.
Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинацияны енгізді. Соның ішінде, Аустралия, Бельгия, Канада, Германия, Жапония, Бразилия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Швеция, Испания, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ сияқты елдер бар. Орталық Азия елдері бойынша, көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияны енгізген. Бұл елдерде жатыр мойны обыры 90%-ға төмендеген.
Вакцинамен қорғануға болатын жалғыз қатерлі ісік түрі – жатыр мойны обыры. Отандық және әлемдік сарапшылар мен мамандар ең тиімді қорғану әдісі – вакцинация екенін еске асалады.
Гүлжан БАЙГУТАНОВА,
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары