«Пандемия – бұл бетбұрыс»
Көп жасаған ардақты әкем Жұмыр Имановтың ауырып тұрған адамға көңілін аулап айтатын ізгі тілегі: «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» болатын. Осы бір ізгі тілекті елімізде және әлемде індет шеңгеліне ілігіп, жазылып шығып, жаны қалған барша адамға айтқым келеді.
Мен биыл 75-ке келдім. Зейнеткермін. Алматыдан институт бітіріп келгеннен кейін «Қарағандыкөмір» бірлестігінде, «Қарағандының әйгілі № 31 «Стаханов» шахтасында 3 жыл инженерлік жұмыс істеп, Қарағанды политехникалық институтында 48 жыл сабақ бердім. Осы уақыт ішінде биыл ғана денсаулығым сыр беріп, сүйікті жұмысымнан уақытша қол үздім.
Алла ісіне не шара?! Коронавирус жұқтырып, 1 наурыздан бастап 27 күн «Гиппократ» клиникасының госпиталінде емделдім. Әуелі қызым, одан кейін әйелім, сосын мен ауырдым. Дәрігерлердің шешімімен қызым үйде оқшауланды, «Турист» инфекциондық госпиталінде ем алды. Менің қатарым қоғамда 60 «+» жандар, яғни, «қатер» тобындамыз. Көп жылдан әуре-сарсаңға салып жүрген қант диабетім, жағдайымды қиындататыны белгілі. Коронавирустан емдеудің әдістерін басымнан өткізіп, үміт пен күдік арасында болған жан ретінде госпитальдан шыға сала әдейі «Орталық Қазақстан» газеті арқылы ел білсін деген ниетпен қолыма қалам алып отырмын.
Коронавирусқа қатысты ақпарат дегеніңіз көл-көсір. Бірақ, ауырған адам үшін олардың көпшілігі түкке қажет емес екен. Әрине, ешкімге «істеме» деп тоқтата алмайсың, дегенмен ақылым, дәрігерге ғана сену керек екен. Биыл өткен жылмен салыстырғанда инфекция туралы біліміміз бар, тәжірибе жинақталды, қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтың барлығы жеткілікті. Науқастар тек ем жүргізетін маманның айтқанына құлақ асса болғаны.
Емдеуші дәрігердің айналасында жасақталған арнайы экипировкадағы жандар 2 апталық ауысыммен вахталық жолмен жұмыс істейді. Осынша уақыт госпитальдан ешқайда шықпайды. Отбасыларын көрмей, күні-түні науқастардың жанынан табылады. Әр адам өзіне жүктелген міндетпен ғана айналысады. Таңғы 6-да басталған ем-дом шаралары күні бойы жасалады. Температура, қан қысымы өлшенеді, өкпенің өздігінен қанша процент оттегімен қамтамасыз етіп отырғанын көрсететін сатурация өлшенеді. Осы нәтижелер бойынша ем жалғасады. Тәртіп темірдей. Тәулік бойы істеліп жатқан жұмыстан ренжіп, қабақ шытып жүрген бір жанды көрмейсіз. Маған «ата-ата» дегеннен басқа сөз айтылмады, басқаларға да осындай адамгершілік көңіл.
Менің бір байқағаным, арнайы киім киген медицина қызметкерлері бір-бірімен мобильді байланыста. Не істеп, не қою керектігі анықталып, хабарласады, ешқандай артық қимыл жоқ. Сұрақ қойсаңыз жауапты тиісті мамандар жеке береді, жұмбақтамай, бәрін анық айтады. Бұдан басқа түстен кейін тыныс алу гимнастикасы, массаж жасалады, психолог сізбен әңгіме өткізеді. Күн кешкі уақытта емдеуші дәрігердің кезекті аралауымен аяқталады. Бұл қаншама күш-жігер, ерен еңбек. Жағдайдың ауқымды, күрделі екенін сезінуіміз керек. Індетпен күресте жан аямай еңбектеніп жүрген әр дәрігер, әр медбике, қосалқы қызметкерлер нағыз батырлар. Оны көзбен көрген, басынан өткерген ғана түсінеді. Бүгінгі күйімді еріксіз, күні кешегі өзім көрген социализм кезімен де салыстырып байқадым. Бүгінгі күн, пандемия жағдайы бәрін өзгерткен: жанашырлық, қайырымдылық, аяушылық, қамқорлық сияқты өшпес-өлмес адами қасиеттер қайта оралғандай әсер етеді. Бұл – бетбұрыс! Бұл өзгеріс адамгершілік қарымқатынастың берері мол деп ойлаймын.
Жеңіс ИМАНОВ,
техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі.