Бас тақырып

Паллиативтік көмек кешеуілдеп тұр

Паллиативтік көмек туралы елімізде көп айтылмай, тасада қалады әдетте. Әрине, өлім туралы кім айтқысы келеді?! Десек те, паллиативтік көмек дәрігерлер ем қонбайды деген үлкен мен кішіге ауадай қажет. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамыту туралы әркез айтады. Жолдауында: «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауда және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс» десе, өткен айда болған Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында: «Қиындыққа тап болған жандар еш көмексіз қалмауы керек. Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді» деп те келтірді. Дертіне дауа таппаған науқастар аурумен бетпе-бет қалмауы тиіс дейміз. Бірақ, сала мамандарының айтуынша, мемлекеттің қолдауынсыз паллиативтік көмек көрсету мәселесі дамымайды.

Сурет: trbzdrav.ru сайтынан

Паллиативтік көмек – адамгершілік белгісі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы паллиативтік көмекті пациенттің азап шегуінің алдын алу және жеңілдету ретінде қарастырады. Елдегі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 126-бабында паллиативтік көмек, ауыр және емделмейтін дерті бар пациенттердің, сондай-ақ, олардың отбасылары мен қамқоршыларының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, медициналық, арнаулы әлеуметтік қызметтер мен рухани қолдауды қамтитын қызметтер кешені ретінде айқындалған.

Дүниежүзілік ұйым бұл мәселе жайлы жарты ғасыр бұрын айта бастаған. Ал, бүгінде паллиативтік көмек медицинаның бір бағыты ретінде қарастырылады. Аталған ұйымның зерттеуінше, паллиатвитік көмекке мұқтаж жандардың басым бөлігі жүрек қан-тамыр ауруларына шалдыққан. Одан кейін обыр, созылмалы респираторлық аурулар, төртінші орында – АИТВ, сосын – қан диабеті.

Елімізде паллиативтік көмектің заңнамалық негізі 2009 жылы қаланғанымен, ауыр науқастарға көмек беру одан бұрын қалыптасты. Алматыда, мәселен, елде алғаш 1999 жылы ашылды.

Сол жылы хоспистер Павлодар, Қостай және Қарағанды қалаларында да құрылды. Ширек ғасырға жуықтаса да, елдегі паллиативтік көмек көрсету мәселесі толығымен шешімін таппады. 2022 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 107-ден 135 мыңға дейін адам паллиативтік көмекке мұқтаж. Оның 5 мыңнан астамы – балалар. Оның барлығы тиісті көмекпен қамтылмайды. Елімізде үлкендерге арналған паллиативтік көмек мәселесі белгілі бір деңгейде қолға алынған болса, балаларға арналған көмек кенжелеп тұр.

Бірінші – балаға көмек

Қазақстанда паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты 2020 жылы бекітілді. Одан кейін Денсаулық сақтау министрлігі 2022-2024 жылдарға арналған балаларға паллиативтік көмекті дамытудың Жол картасын әзірледі. Алайда, сала мамандарының айтуынша, нәтижелі өзгеріс­тер аз.

– Өркениетті елдерде жағдай басқаша. Мысалы, Польшада паллиативтік көмек денсаулық сақтаудың жеке бағыты болып табылады, оны қаржыландыру бюджет есебінен жүзеге асырылады. Голландияда 200-ге жуық паллиативтік көмек ұйымдары бар, олардың мемлекеттік қаржыландыру деңгейі жоғары. Біздің елде жас пациенттерге көмек ұйымдастыру бағыты қайырымдылық негізде, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.

Қабылданып жатқан шаралар әлі де жеткіліксіз деп санайды ол.

– Тәжірибе көрсетіп отырғандай, кішкентай науқастар үшін ауырсынуды жеңілдетуге қол жете бермейді. Елде ауруды жеңілдететін дәрі-дәрмектерге қол жеткізу шектеулі. Мәселен, үйде паллиативтік көмек көрсететін хоспистер, бригадалар, тіпті, жай ғана стационарлық паллиативтік төсек-орындар жеткіліксіз. Емдеу мекемелері науқастарды үйлеріне шығарып жіберуге тырысуда. Соның салдарынан балалар мен олардың ата-аналары физикалық, моральдық тұрғыда қиналады, – деген ол депутаттық сауал жолдап, мәселеге Үкімет назарын аударды.

Бұл ретте Үкіметтен гөрі, үкі­меттік емес ұйымдар үлес қо­суда. Қазақстан балаларына паллиативтік көмек көрсету қауымдас­тығының директоры Әлия Қадыр­әлиеваның айтуынша, балаларға арналған паллиативтік көмек стандарттары әлі әзірленіп жатыр.

– Көмек жұмысы сүйенетін стандарттар болмағаннан кейін жүйесіз. Қауымдастық Қарағанды медицина университетімен бірлесіп, әдістемелік жұмыстар жүргізді. Толық зерттеу жасалып жатыр. Біз кейде бар көмегімізді көрсете алмаймыз, себебі, техникалық талаптар мен бұл жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы стандарттар жоқ. Көп балаларға ауа жетпей тұншығады. Оттегі концентраторын берейік десек, оны тағайындайтын дәрігер жоқ. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді. Әлемнің бірқатар елдерінде паллиативтік көмек мемлекет есебінен жасалады. Бізде олай болмай тұр. Біз демеуші іздейміз, – дейді ол.

Оның айтуынша, бизнес құ­рылымдар мұндай іспен айналысуға құлықсыз.

– «Олар қанша бала жазылып шығады?», «Қандай нәтиже болады?» деп сұрайды. Мұндағы нәтиже – баланы азаптан құтқару, өмірінің соңғы сәтінде жарқын көңіл, адами жылу сыйлау. Бірақ, мұны түсінетіндер аз, – дейді ол.

Әлия Асқарқызының бастамасымен және AMANAT партиясы депутаттарының қолдауымен екі жыл бұрын Қарағандыда паллиативтік көмек көрсету әдістемелік орталығы ашылған еді. Енді облыс­та осындай балаларға арналған орталық ашу жоспары тұр.

– Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мұндай жоспар бар. Алайда, мәселе тағы да стандарттарға келіп тіреледі. Бала күтіміне арналған орынға, медициналық персоналға қойылатын нақты талаптар көрсетілген құжат жоқ. Бүгін біз былай салып, стандарт бойынша басқаша болуы керек болса, не істейміз? – дейді қауымдастық директоры.

Паллиативтік көмек мәселесі облыс­тық мәслихат депутаты Қадиша Оспанованың да үнемі назарында.

– Стандарттардың болмауы мәселені шешуде қолбайлау, – дейді Қадиша Оспанова. – Дәрігерлер бұл балаларға қандай көмек беру керек, не істеу керектігін білмейді. Қазақстан балаларына паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының мамандары біздің 17 дәрігерді оқытты. Олар өз кезегінде басқа мамандарды оқытады. Тіпті, ол балалардың нақты саны да жоқ. Мұндай балалар арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығында да жатыр. Алдыңғы жылы сол жердегі 9 балаға нутритивтік тамақтану бойынша көмек көрсеттік. Барлық емханаларда, арнауы мекемелердегі балалардың санын есептегенде 360 болды. Бірақ, бұл одан да көп болуы мүмкін. Бұл балаларға көп көмек керек, арнайы матрастар, тамақтану, күнделікті памперстер. Көптеген отбасыларда мұндай балаларды аналары жалғыз бағып отырады.

Не істемек керек?

Әлия Қадырәлиеваның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі Жол картасын ұзарту мәселесін қарастырып жатыр. Мәселеден хабардар сала мамандары ең әуелі балаларға паллиативтік көмекті дамытудың іргелі шарты ретінде осындай көмек көрсетудің критерийлерін, жеке клиникалық хаттамаларды және басқа да құжаттарды әзірлеу керектігін, сондай-ақ, бұл көмекке мұқтаж балалардың тізімін құру қажет деп санайды.

– Балалар мен ересектердегі паллиативтік көмек көрсету тәсілдерінің психологиялық жас ерекшелігін, аурудың айырмашылығын ескере отырып, жеке педиатриялық стандарт ретінде «Балаларға паллиативтік көмек көрсету тәртібін» жеке дара көрсету қажет.

Пациенттерді емдеу және асқынулардың алдын алудың заманауи әдістерін қамтамасыз ету үшін гастростомия, трахеостомия, құрысуға қарсы терапияға арналған диазепамдық микроклизмалар және басқа да заманауи медициналық бұйымдар қажет. Балаларға арналған есірткілік анальгетиктерді қолдану мен өндіруді кеңейту мәселесін қарастыру қажет. Сонымен қатар, дәрілік, техникалық және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізімін кеңейту қажеттігі бар. Педиатрларды оқыту жүйесін әзірлеу де маңызды. Өңірлерде мультидисциплинарлық топтар желісін дамыту, халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған көмек көрсету орталықтарын құру, қашықтықтан паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастыру қажет, – деді ұсыныстарын білдірген Ирина Смирнова.

Биыл онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың қабылданғанын да айта кету керек. Бес жыл бойы жүзеге асырылатын жоспар аясындағы бес бағыттың бірі – паллиативтік көмек және оңалту. Жақында аймақта онкологиялық науқастарға арналған химиотерапия бөлімшесінің ашылғаны мәлім. Онда химиотерапияға арналған орындармен қатар, 16 паллиативтік көмек көрсету орны бар. Мұны айтып отырған себебіміз, Қазақстанда ресми тіркелген паллиативті науқастардың 41%-ында – қатерлі ісік диагнозы. 14%-ында ми қан айналымының бұзылуы, 12%-ы тыныс алу жүйесі ауруларына шалдыққан, ал, 9%-ында психикалық бұзылыстар екен.

– Науқас химиотерапия алмаса, басқа терапия келмесе ол паллиативтік емге ауыс­тырылады. Бұл – науқастың өмір сапасын жақсарту мақсатында жасалынған шаралар. Психолог пен әлеуметтік қызметкерлердің де көмегі маңызды. Жазылмайтын науқастың соңғы сәтіне дейін барынша ауырмай, қиналмай кеткені адами тұрғыдан сауапты амал, – дейді Қарағанды қаласының №3 көпсалалы ауруханасының амбулаториялық-емханалық қызметінің меңгерушісі Анатолий Красножен.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button