Бас тақырыпМәселе

Пәтер жалдап жүрсіз бе?

Соңғы уақытта жылжымайтын мүлік нарығының «қызуы» күрт көтеріліп тұр. Сұранысы табан асты артқан пәтер жалдау ақысы бұқараның шамасына қарамай шарықтап кетті. Қалғымайтын-мүлгімейтін, осындайды мүлт жібермейтін алаяқтар қарасы қалың бүгінде. Осы мәселені қаузап, заңгерлер пікірі мен кеңесіне жүгініп көрдік. Андрей Грибков – жылжымайтын мүлік маманы. Айтуынша мүлікті жалға алуда қалыптасқан бірнеше схема бар көрінеді. Үңіліп көрелік…

Жалған жарнама

Ел ішінде етек алып, кең таралып кеткен бір қулық – ғаламтор бетінде өзін риэлтормын деп жарнамалаған әккілер пәтерді брондау үшін сұрайтын қаражат. Су жұқпас суайттар әлдебір әдемі пәтердің күншығыс тұсындағы суретін интернетке орналастырып, krisha.kz сайтына жарнама береді. Бағасы да арзан. Мұндай «мүмкіндікті» мүлт жібергісі келмейтін пәтер арендаторлары дереу қоңырау шалады. «Пәтер иесі» өкінішке қарай дәл қазір өзге қалада жұмыс сапарымен жүргендігін хабарлайды. Қоңыраулардың көптігін желеу еткен алаяқ «аванс» ақшаны аудара салуды ұсынады. Бұндай төлем әдетте айлық ақшаның он пайызы. Клиент қаражатты аударып қалған бетте, суайт телефон нөмірін бұғаттай салады, – дейді Андрей. «Тіпті, қолға кілт тапсыратын әдемі сәттер де кезігеді екен. Бірақ кілт есікті ашпайды», – дейді заңгер Жасұлан Аймағамбетов. Тағы бір тосынсый.

Ескі бағамен пәтерді жалға алғандар өзге біреулерге көтерілген жаңа бағамен жалға беру жағдайлары. Мұндай жайттар да көптеп кездеседі. Сондықтан, алдымен пәтердің иесімен ғана келіссөз жүргізген маңызды.

Шығынға батқан әрбір жан алдымен полицияға хабарласқаны дұрыс. Шығыны мардымсыз болса да. Әлбетте, алаяқтардың құрсауына түспеген тіпті жақсы ғой. Кім біледі?..

Пәтер жалдау барысында мына төрт қарапайым қағиданы ұстанған жөн екен. Біріншісі, арзанға арбалмаған абзал. Екіншісі, авансқа асықпаңыз. Үшіншісі, құжаттарға мұқият болыңыз. Төртіншісі, келісім-шарт жасаңыз. Бұл – риэлторлар мен заңгерлердің келісілген ортақ кеңесі. Былтырғы жылмен салыстырғанда пәтер жалдауға қатысты алаяқтық үш пайызға өскен. Заң бұзушылардың дені тіпті тіркелмейді де.

Жалған агенттіктер

Жалға беру – алаяқтықтың ең көп таралған нұсқаларының бірі. Жалған жылжымайтын мүлік агенттіктері әдетте байланыс базасын «сатады». «Мысалы, адамға тиімді пәтер ұсынылады – сырттай, телефон арқылы. Жалға алушыға тартымды және қолайлы нұсқалар жіберіледі. Ал, иелеріне жалға алушыларды тез таңдауға уәде беріледі. Екі тарапқа да көрсетілген шотқа алдын ала төлем жіберуді сұрайды. Сенім тудыру үшін алаяқтарды белгілі риэлторлық компаниялардың агенттері ұсынады. Кейде жалға алушы клиентке қызмет көрсету туралы шартын да қоса жібереді. Шынтуайтында бұл риэлторлық емес, ақпараттық қызметтерді ұсыну туралы келісім ғана.

Ақиқатында адамға деректі ақпарат беріледі: пәтерді жалға беретін меншік иелерінің телефондары мен мекенжайлары. Бұл – жалпыға қолжетімді ақысыз интернет-сайттардың мәліметтері ғана. Хабарласқан бетте ол жандар пәтерін жалға беруді жоспарламағанын айтады. Ал, арадағы «риэлторларымыз» сол беті ұшты-күйлі жоғалады.

Мұндай жағдайларда алаяқтықты дәлелдеу өте қиын. Өйткені, компания байланыс базасын береді. Егер шартта «ақпараттық қызметтер» деп көрсетілсе, ақшаны қайтарып алу мүмкін емес.

Заңсыз субаренда

Жалға берілетін алаяқтықтың тағы бір классикалық сызбасы — қосалқы жалдау. Мысалы, пәтерді бір адам жалға алады, бірақ оның орнына басқа адамдар тұрады. Кейде пәтерді олар заңсыз жатақхана қылып, немесе тәуліктік жалға беруді ұйымдастырады. Заң бойынша жалға алушы пәтер иесінің жазбаша рұқсаты болған жағдайда ғана тұрғын үйді қайта тапсыруға құқылы. Ол жеке құжат ретінде немесе жалдау шартына қосымша ретінде жасалуы мүмкін. Бұл жағдайда жалдау туралы егжей-тегжейлі келісім-шарт және пәтерге үнемі бару және тұрғындарды тексеру алаяқтықтан құтқарады.

Жалған құжаттар

Жалдамалы тұрғын үй нарығында алдау мақсатында жалған құжаттар жиі қолданылады. Жалған қағаздар бойынша алаяқ төлқұжаттың көшірмесі, сенімхат, мекенжай анықтамасының көшірмесі сынды жалға алушыға ешқандай құқығы жоқ пәтерді жалға береді. Көбінесе алаяқтар жылжымайтын мүлік иесі құжаттарының көшірмелерін пайдаланады. Шындығында, пәтер иесі мәміле туралы ештеңе білмеуі де мүмкін. Нәтижесінде жалға алушы ақшасыз және пәтерсіз қалады. Мұнымен бірге, алаяқ бір мүлікті бірден бірнеше жалға алушыға жалға бере алады. Ақыр соңында ол барлығынан ақша жинап, із-түзсіз жоғалады. Сондықтан, заңгерлер құқық белгілейтін құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді.

Пәтер иесінің арам пиғылы

Меншік иелері де жасалған мәмілеге адал бола бермеуі кәдік. Мысалы, сіз мынандай сценарийге тап болуыңыз мүмкін. Жалға беруші пәтерді ұзақ мерзімге (11 айдан бастап) барабар бағамен жалға беруді ұсынады. Содан кейін, жалдау мерзімі көрсетілген келісімшартқа қол қойылады. Бірнеше айдан кейін пәтер иесінде «күтпеген жағдай» орын алады. Соған байланысты, жалға алушы пәтерді шұғыл босату қажет. Яғни, пәтер ұзақ мерзімді жалдау бағасымен қысқа мерзімге жалға берілген болып шығады. Ұзақ мерзімді жалдау кезінде пәтерді жалдау мөлшерлемесі қысқа мерзімді пәтерге қарағанда 10-20%-ға жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Пәтерді иелерінің бірі басқалардың келісімінсіз жалға беру де – танымал әдіс. Жалға алушылар қоныстанады. Біраз уақыттан кейін пәтер жалдау туралы білмейтін басқа меншік иелері пайда болады. Пәтер жалдаушылар кетуге мәжбүр болады. Немесе «Жалға берушілер» алдын ала төлемді келісімшартқа қол қоймай және қолхатсыз қалдыруды сұрайтын кездер болады. Болашақ уақытша тұрғын қажетті соманы аударады, соңында я ақшасыз я пәтерсіз қалады.

«Іс жүзінде «зақымданған» пәтерді тапсыруға байланысты жағдайлар да бар. Жалға беруші пәтерді тапсырады. Жалға алушы пәтерде емін-еркін қоныстанып жүреді. Кейінірек үй иесі клиенттің қымбат техниканы немесе антикварлық жиһазды бүлдіргені үшін айыптайды. Сотқа немесе полицияға шағымданамын дегенді желеу етіп, өтемақы талап етеді. Нәтижесінде пәтер жалдаушы «бүлінген затты» оңдауға жүйкесі мен қаражатын қоса жұмсап, көшуге мәжбүр болады», – дейді заңгерлер.

P.S.: Міне, қадірлі оқырман, баспана жалдау барысында осындай шырғалаң кезігіп жатады. Қаланың жазылмаған қағілез қағидалары көлеңкеңізге де көз жеткізуді талап ететіндей. Біздің ниет көлденең келер кесірден сақтандыру. Алаяқтан сақ болыңыз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button