Пәтер құны тағы қымбаттай ма?
2026 жылдан бастап, жаңа салынған пәтерлерді сату кезінде құрылыс компаниялары қосымша құн салығы ретінде 16% төлеуге міндеттеледі. Жаңа салық салдарынан тұрғын үй бағасы қымбаттауы мүмкін бе? Олай деуімізге себеп, салаға экономикалық факторлар, салық заңнамасындағы өзгерістер және сұраныс пен ұсыныс динамикасы да әсер етуде. Тұрғын үй бойынша мамандар жыл сайын баспана бағасы инфляция бойынша 10%-ға жуық қымбаттайтынын айтады. Сарапшылардың болжауынша, үй бағасы биыл да осы динамика бойынша өседі.

Қарағанды облысында биыл 545,0 мың шаршы метр тұрғын үй ғимаратын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл – 5 мыңнан астам пәтер. Осыған тұрғын үй құрылысы жөніндегі жоспарды іске асыру үшін 4,3 млрд. теңге сомасында қаражат көзделген.
Оның ішінде республикалық бюджеттен бөлінетін 3,6 млрд. теңге дайын жалға берілетін тұрғын үйді сатып алуға жұмсалады. Ал, облыстық бюджет бөлетін қалған 700 млн. теңге тұрғын үйлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға жұмсалады.
Өткен жылы өңірде 540,326 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл биыл жоспарланғаннан 5 мың шаршы метрге аз.
Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, салық заңнамасындағы өзгеріске орай коммерциялық тұрғын үйге қосылған құн салығын енгізу көзделгені құрылыс жүргізудің өзіндік құнын өсіруге әкеледі. Мердігер компаниялар ол шығынды тұрғын үй бағасына қосатындықтан, бұл түпкілікті сатып алушы тұрғынның қалтасына салмақ салуы мүмкін. Доллар бағасының өсуінен құрылыс материалдарының қымбаттауы ғажап емес.
Облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мамандары атап өткендей, өңірде кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі бар. Оның ішінде күнкөріс деңгейінен төмен табысты және әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандар бар. Осы топтарға заң талаптарына сәйкес кезектілік тәртібімен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір шарасы «Отбасы банк» АҚ арқылы жүзеге асады. Кезекте тұрғандарға жеңілдетілген қарыздар беру үшін республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатынан бюджеттік кредиттер береді.
Е-Kezekte ақпараттық жүйесінің жаз айларындағы деректеріне сәйкес, Қарағанды облысында бүгінгі таңда тұрғын үй алуға кезекте 33 233 адам тұр, оның ішінде 22 361 халықтың осал топтары санатына жатады.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz