Кеншілер астанасындағы облыстық клиникалық аурухананы заманға сай жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Жуырда таза үй-жайлар кешені қағидаты бойынша жұмыс істейтін заманауи реанимациялық көмек бөлімшесі ашылды. Аймақта тұңғыш болып жүзеге асырылған бұл жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылған. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауруханаға барып, ондағы пациенттерге жоғары деңгейде медициналық көмек көрсету мақсатында жасалған жағдайларға баға берді.
Бұдан бөлек, жақында еуропалық стандарттар бойынша операциялық блок пен хирургиялық орталықтың палаталары жабдықталғанын атап айту керек.
Сонымен қатар, клиника корпустарының бірінде бұған дейін кәдімгі палаталар болған үшінші қабат толық қайта салынды. Ғимаратта қабылдау бөлмесінен бірден реанимация бөлімшесіне көтеретін көтергіш қалпына келтірілген.
Ауасы көпсатылы сүзгіден өткен және барынша зарарсыздандырылған микроклимат, герметикалық есіктер және әйнек заманауи талапқа жауап береді. Реанимациялық палаталар – сыртқы ортадан оқшауланған капсулалардың бір түрі. Мұндай ыңғайлы изолятор пациенттерді инфекциялардан барынша қорғауға және олардың жағдайын нашарлатпауға мүмкіндік береді.
Кереуеттер көпфункционалды, оларда оттегіні, ауаны жеке беру, арнайы сүзгілер және емделушілерді тәулік бойы бақылау үшін мониторинг станциясы да бар. Еден жабыны тоқ өткізгіш материалдан жасалған.
Мұнда, тіпті, пациенттердің жағымды эмоцияларына да көңіл бөлінген. Қабырғаларда психологтардың ұсынысы бойынша таңдалған картиналар тұр. Жеке кеңістік үшін кереуеттер арасындағы перделер және жеке жарықтандыру да қарастырылған.
– Бұл бөлімшенің ерекшелігі – мұнда бактерицидті әсері бар арнайы қоршау құрылғылары мен панельдер есебінен іске асырылған тұмшаланған таза үй-жайлар кешені құрылғандығында. Тағы бір маңызды жайт – таза стерильді ауа арнайы осы бөлімше үшін әр палатаға жеке беріледі. Яғни, мұнда реанимациялық пациенттерді күту үшін ең қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Біздің басты міндетіміздің бірі – қауіп-қатерді азайту және пациенттің қауіпсіздігін қадағалауды жеңілдету, – дейді ОКА директорының кеңесшісі Ринат Гатин.
Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің жағдайы да ұмыт қалмаған. Дәрігерлер мен медбикелерге ыңғайлы кабинеттер жасақталыпты.
Әлемдік стандартқа көшу кезінде 1975 жылы салынған ғимараттың ерекшеліктерін ескерудің қажет болуы жобаның бірегейлігіне оң әсер етіп отыр.
Алдағы уақытқа арналған даму жоспарлары да бар. Терапиялық орталықтың реанимациялық бөлімшесін жаңғырту, перинаталдық орталықты жаңарту жобалары әзірлену үстінде.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев облыстың барлық өңірлерінен келген пациенттерге сапалы әрі уақытылы көмек көрсету үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Бірақ, басты міндет – алғашқы медициналық көмекті жақсарту екенін де естен шығармады. Одан бөлек, биыл облыс аумағындағы жедел жәрдем көліктері паркінің жаңартылатыны да назардан тыс қалмады.
Өз тілшімізден
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ