Жаңалықтар

Қоянды жәрмеңкесі тарихының кейбір мәселелері

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен Қазақстандағы ауылшаруашылық өндірісі арасындағы қатынас күшейді. Сауда мен өсімқорлық капитал Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бірге өлкенің өз ішінде де тауар айналымының өсуін тездетті. Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының өсуіне патша өкіметінің саясаты зор ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы, олардың өнімдерінің бір бөлігін рынок арқылы саудаға салуға мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айналды.

 

1870-1880 жылдарда Ресейде фабрикалық тоқыма өндірісінің шапшаң өсуімен байланысты Қазақстан базарларына Ресейден мата көп келетін болды.

XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейге мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу шапшаң өсті. Жылда жазда тек Сарысу уезі арқылы ғана Ресейдің орталығына Ақмола, Қарқаралы және Сарысу уездерінен 60 мыңға тарта ірі қара мал және 200 мыңдай қой айдап апарылды (Қазақ КСР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. Т.3. Ал., 1982. 302 б.). Көптеген мал мен шикізат Семейдің, Петропавлдың, Оралдың, Орынбордың қасапханаларында былғары, тоң май, тері илеу, сабын қайнату зауыттарында өңделіп, тон, аяқ киім ретінде қайта оралып отырды. Қазақ халқы айырбас шартының қандайына да келісуге мәжбүр болды. Өйткені, ол қажетті тауарларды еш жерден сатып ала алмайтын еді және шаруашылығының артық өнімдерін тиімді өткізе алмады.

Ресей саудагерлері Қазақстанда сауданың жаңа түрі – жәрмеңкелік сауданы енгізді. Қазақстандағы тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан ордасы жанынан ашылды. Кейіннен Ақмола облысы Тайыншакөл (Петропавл маңында), Константиновск (Ақмола), Петровск (Атбасарда) және 50-ден астам ұсақ және орташа жәрмеңкелер жұмыс істеді.

Реформадан кейінгі кезеңдегі ең ірі жәрмеңке – Қоянды жәрмеңкесі немесе оның негізін қалаушының есімі бойынша Ботов жәрмеңкесі 1848 жылы құрылып, Қарқаралыдан 52 шақырым жерге орналасты. XIX ғасырдың 80 жылдарына дейін 25 мамырдан 25 маусымға дейін, ал 1882 жылдан бірінші маусымнан бірінші шілдеге дейін жұмыс істеді. Екі шақырымға дейін алқапты алып жатты. Ялуторов көпесі Варнава Ботов Талды өзенінің Қарасор көліне құятын сағасына жақын жерге, Тоқпан тауының бауырындағы кең жазыққа өндіріс бұйымдары тиелген керуенін тоқтатып, еру жасайды. Мақсаты – Қызылжар базарына мал айдап бара жатқан қазақтардың алдын тосып, олар үшін қат дүниелерді тірі тауарға айырбастау болатын. Қоянды жәрмеңкесінің қарыштап дамуына бірнеше қолайлы жағдай әсер етті. Ең алдымен, ол Семей губерния­сының сыртындағы Қарқаралы оязының теріскей бетінде орналасты. Оған Ақмола облысының, Торғай өңірінің шаруалары еркін қарым-қатынас жасай алатын. Екіншіден, сол кездегі мол сулы Талды өзені жер қайысқан малды шөлден тарықтырмауға еркін жететін. Оның үстіне, саудаға түскен ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсіп шикізатын Ресейдің еуропалық бөлігіндегі кәсіпорындарына жеткізуге өте қолайлы Қарқаралы-Кереку көлік жолы Қоянды жәрмеңкесінің үстін басып өтетін-ді. Осының нәтижесінде, әңгіме болып отырған сауда орны тауар-ақша айналымы бойынша қазақ жеріндегі ең ірі базарға айналды және уақыт өткен сайын үдемелі түрде ұлғайып отырды. Варнава Серафимович Қояндыда сарғыш, көк, қызыл, тастардан үй, дүкен, шіркеу салдырды. Жұртты бір жерге жинарда төрт жерге орнатқан үлкен-үлкен қоңырауларды қаққызатын көрінеді. Сол кезде қызылды-жасылды киінген Біржан сал ат үстінде үкілі домбырасын безеп: «Базарың құтты болсын, ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім. Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы, Сарыарқа – алтын асу, асқар белім», – деп жәрмеңкені әнмен ашады екен. Ондағы думанға атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы, белгілі күйші Тәттімбет Қазанғапұлы, әйгілі ақындар Жанақ, Шөже тәрізді неше түрлі өнерпаздар жиналатын болған (Ләмбеков С. Қоянды жәрмеңкесі. «Егемен Қазақстан». 1998.18 тамыз.). 1869 жылы Қарқаралы уездік әкімшілігі Қоянды сауда орнын ресми жәрмеңке ретінде тану жөнінде қатынас жолдады, ол 1869 жылдың 9 қыркүйегінде «… өзін ұйымдастырған Ботовтың құрметіне аталсын» деген нұсқаумен Батыс Сібір басқармасы тарапынан бекітілді. Қоянды жәрмеңкесінің сол кез үшін қаншалықты маңызды болғандығын мынадан да аңғаруға болады. 1875 жылдан бастап, сауда қатарларының жоспарсыз салынуы етек алды. 1876 жылы 16 дүкен мен 120 киіз үй болса, 1883 жылы ол – тиісінше 110 және 205-ке, ал 1890 жылы 247-ге және 1000-ға жетті. 1885 жылы жәрмеңкенің жанынан почта бөлімшесі ашылды. 1889 жылы Қарқаралыдан телеграф желісі тартылған. 1894 жылы Мемлекеттік банктің бөлімшесіне арнайы үй салынып, жұмыс жасай бастаған. 1900 жылы 30 дүкен, 276 балаган, 707 киіз үй, айналым қаржысы 1669,9 мың сом болды. Қоянды жәрмеңкесін арнайы құрылған комитет басқарды, оның құрамына әкімшілік өкілдері мен көпестер кірді. Жәрмеңкеде орыстардың дүниесі мен өзбектердің өрік-мейізінен басқа Сібірдің бұлғыны, қытайдың жібегі, қазақтын киіз үй жабдығы, Көкше керейлері әкелген ағаш төсектер, қырғыздың күміс ері тәрізді күнделікті тұрмысқа керекті бұйымдардың бәрі болған. Қоянды жәрмеңкесінде жыл сайын сатуға 200 мыңнан астам жылқы, ірі қара, қой мен ешкі 60%-ы Жетісудан, 31%-ы Орталық Қазақстаннан, 7%-ы Қытайдан әкелініп тұрды. (Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. Ал., 2006. 380 б.). 1910 жылы Қоянды жәрмеңкесінде 1,042 миллион сомның пұлы, 13,6 мың сомның ыдыс-­аяғы, 324 мың сомның шайы, 58,8 мың сомның қанты, 61,7 мың сомның темірден жасалған заттары, 162,4 мың сомның былғары тауарлары, 8 мың сомның тері бұйымдары, 8,5 мың сомның ұны – барлығы 4 миллион сомның тауары сатылды, сауда айналымы 1913 жылы 4 миллион 454 мың сомға жетті, ол кезде ірі қойдың құны 2-3 сом болғанын ескерсек, мұның өзі қыруар байлық екенін аңғару қиын емес (Ләмбеков С. Қарқаралы. 2011. 78 б.). Қазан төңкерісінен кейін Семей облыстық Кеңесінің атқару комитеті 1918 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен жәрмеңкені Қоянды деп атап, оны Кеңес өкіметінің қарамағына беру және сауданы маусымның басынан шілденің басына дейін жүргізу жөнінде шешім шығарды. 1923 жылы «Қоянды» жәрмеңкесі қайтадан ашылды, «Береке» атты кооперация ашылды. Бұл істің басында Семей губерниялық атқарушы комитетінде қызмет атқарған Мұхаметқали Тәтімов, Угар /Мұқатай/ Жәнібеков, Нығмет Нұрмақов болды. 1928 жылы жылжымалы киноқондырғы, оқырман залы бар кітапхана, балалар алаңы жұмыс істей бастады. Радиоландыру жүргізілді. Семейде шығып тұрған «Степная правда» газетінің «Ярмарочный вестник» атты қосымшасы жарық көрді. Қоянды жәрмеңкесі ақындардың, палуандардың, халық циркі артистерінің өнер алаңына айналды. Мұнда Абай бірнеше рет болды. Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы ән шырқап, Қажымұқан Мұңайтпасов күш өнерін көрсетті. Зәрубай Құлсейітов пен Омар Әбдиев (Қара Омар), Қалибек Қуанышбаев сияқты акробат, сиқыршылар халықты рухани қуанышқа бөледі (Қаздауысты Қазыбек би. Энциклопедия. Қар., 2011. 275 б.). 82 жылдық тарихы бар Қоянды жәрмеңкесі 1930 жылы жабылды. Бір ауыз сөзбен айтар болсақ, қазақ мәдениетінің өркен жаюына, оның үздік үлгілері әлемнің бірегей туындыларымен үндесуіне Қоянды жәрмеңкесінің қосқан үлесі өлшеусіз.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button