“Қоянды – ту көтерген думан жерім!”
Қазан төңкерісіне дейін Қазақстанда аты әлемге әйгілі болған, бес жәрмеңкенің бірі – Қоянды жәрмеңкесінің негізі қаланғанына биыл 170 жыл. Қазақ елінің даму тарихында айрықша орны бар жәрмеңке, кезінде сауда-саттықпен ғана аты шықпаған. Ел экономикасының дамуына, халықтың осы аймаққа шоғырлануына, өндірістің, өнер мен мәдениеттің дамуына, сондай-ақ, Еуразиялық елдермен тату көршілік маңызды қарым-қатынастар жасауға да өзіндік ықпал-әсерін тигізген.
Әсіресе, өндірісі жоқ, бірыңғай мал шаруашылығымен күн көрген жергілікті халыққа қажетті арзанқолды заттарды бірнеше есе қымбат бағаға өткізуге болатындығын түсіне білген орыс көпестері ертеден-ақ бұл өңірге сауда-саттық жасап, мол пайда табуға қызыққан еді. Сондай көпестің бірі – Ресейдің Ялуторов қаласынан келген Варнава Ботов.
Ол ауқатты металлургтер отбасында дүниеге келді. Варнаваның әкесі басында металлург, содан кейін приказчик болып біршама тәжірибе жинақтағаннан кейін, саудагерлік жолды таңдады. 1814 жылы Серафим Ботов «сырт» елдермен өз тауарларын өткізу көлемін ұлғайту мақсатында тауар артып алып, Қазақ даласының терең түкпіріне аттанады. Қарқаралыға
ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып әрең жеткен ол, тауарын семіртіп бағылған жергілікті халықтың қой мен жылқы малына тез арада саудалап, пайдаға кенеледі.
Ал айырбасқа алған мал етін орал зауыттары мен Мәскеуге өткізеді. Қайтыс боларының алдында, Серафим баласы Варнаваға, Қарқаралы округіне барып сауда жасауды өсиет етіп айтып кетеді. Сөйтіп, ол оған дейін Қызылжардағы жәрмеңкеге келіп сауда жасап, 1847 жылы Сырдария арқылы Баянауыл мен Қоянды үстін басып өтіп, Қытайға барып сауда-саттық
жасап, жолсапарында Қоянды оңтайлы жер деген тоқтамға келеді. Сонымен, Қытай көпестерімен келесі жылы Қояндыдағы Тоқпан тауының етегінде кездеспекші болып уағдаласып, кері қайтады.
Келесі, 1848 жылдың мамыр айының ортасында Варнава Ботов болашақ Қоянды жәрмеңкесінің орнына келіп тоқтап, қытай көпестерін тоспастан-ақ, жергілікті халыққа әкелгендерін малға, тері-терсек, жүн-жұрқаға айырбастай бастайды. Саудасы қызу жүрген орыс көпесі аз уақыттың ішінде әкелгендерін өткізіп, біршама байлыққа кенеліп үлгереді. Сөйтіп, алған
малдарын алдына салып айдап, тең-теңдеп күзетпен келесі жылы осы уақытта тағы келмекші болып уәде беріп кетеді.
Одан кейінгі жылдары тағы келіп, басқа да орыс көпестері естіп, Қоянды жеріне келе бастайды. Жәрмеңкенің аты алысалыс жерлерге де естіле бастайды. Енді жәрмеңкеге берісі Түменнен, Томскіден, әрісі Бұқара мен Ташкенттен, Қытай мен Монғолиядан саудагерлер ағылады.
1869 жылы Семей губерниясының әскери губернаторы Полторацкий мен Қарқаралы уезінің бастығы штабс-капитан Тихонов Қоянды сауда орнын жәрмеңке ретінде тануға бұйрық береді. Бұл сол кезден бастап «Ботов-Қоянды» және «Қоянды» жәрмеңкесі болып екі түрліше аталып кетті. Жәрмеңке жылда 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өтіп тұратын болып белгіленеді. Осы жылы сауда айналымының көлемі 1 миллион 732 мың сомға жетіп жығылады.
1871 жылы генерал-губернатор Хрущевтің бұйрығымен Қоянды жәрмеңкесінің маңайынан сатылған және сатылмаған малдардың жайылымы үшін 55 шаршы километр жер бөлінеді.
Қоянды жәрмеңкесіндегі тауарларға негізгі айырбас – мал болды. Бұдан өзге, қазақтар өздерінің мал өнімдерін әкеліп саудалады. Ресейдің орталық аймақтарынан қолдан жасалған және фабриказауыттан шыққан бұйымдар сатылды. Екі жасар қой бағасы 2 рубль күміске тең құн өлшемі болып саналды. Бір қой бағасының бағамы астықтың түсімі мен сұраныс дәрежесіне байланысты төмен түсті не көтерілді.
Тоқпан тауының алдындағы жазықта 1875 жылдан бастап үйлер, дүкендер салынып, мәдени-әлеуметтік ғимараттардың құрылысы көтеріле бастайды. 1876 жылы бұл жерде 16 дүкен мен 120 киіз үй болса, 1883 жылы сәйкесінше 110 дүкен және 205 киіз үй болды. 1885 жылы жәрмеңкеде пошта бөлімшесі ашылып, 1889 жылы телеграф тартылды.
ХIХ ғасырдың соңында Қоянды жәрмеңкесінің жылдық айналымы 2 миллион сомды құрады. Бұл жерде 1894 жылдан бастап жыл сайын Ресей мемлекеттік банкінің бөлімшесі ашылып, жұмыс жасады.
Жәрмеңке алғаш ашылған кездерде негізінен орыс және татар көпестері сауда жасаса, ғасыр соңында мал мен мал өнімдерін сататын қазақ байларының үлесі елеулі түрде артты. Жәрмеңке аумағы едәуір ұлғайып, Талды жазығында ұзындығы 11 шақырым және ені 5 шақырым жерді алып жатты. Жәрмеңкеде мұсылман мешіті, орыс шіркеуі болды. Асхана, монша жұмыс жасады. Сот ғимараты салынды. 1900 жылы мұнда 300 әртүрлі дүкендер мен тігілген 707 киіз үй боды. Сауда ұзын етіп тартылған 4 қатарда жасалды. Онда шай-қанттан бастап, тұрмысқа керектінің бәрі сатылды. Әкімшілік сауда қатарларынан бөлек орналасты. Онда жәрмеңке комитеті, полиция учаскелері, пошта, банк, телеграф, дәрігерлік қызмет көрсету, басқа да әртүрлі кеңселер жұмыс істеді.
1913 жылы Қоянды жәрмеңкесінің айналымы жеті миллион сомға жақындап, Қазақстандағы аса ірі бес сауда орталығының қатарына қосылды. Екінші дүниежүзілік соғыс алдында жәрмеңкенің сауда айналымы 4 миллион 956 сомға жеткен. Бірақ, 1914 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен байланысты сауда көлемі елеулі түрде қысқарып, азамат соғысы жылдары мүлде тоқтап қалып, жәрмеңке жұмысы 1922 жылы ғана қайта қалпына келтірілді.
Қазан төңкерісінен кейін кеңестік өкімет органдары қазақ өлкесіндегі жәрмеңкелерді қайта ашу жөнінде мәселе көтеріліп, көпшіліктің қолдауымен 1923 жылы Қоянды жәрмеңкесінде қалпына келтіру жұмыстары қолға алына бастайды. Екі жыл ішінде 26 тұрғын үй, 345 шаршы метр сауда орны, 296 шаршы метр 17 қойма іске қосылады.
Дегенмен, бұл жылдары салынған құрылыс соғысқа дейінгі жәрмеңке көлемінің 15-ақ пайызын құрайтын еді. Осыдан-ақ жәрмеңкенің бұрынғы атақ-дәрежесінен айрыла бастағанын байқауға болатын. 1930 жылы 82 жыл жұмыс жасап, бүтіндей бір аймақта аса маңызды рөл атқарған Қоянды жәрмеңкесі жабылып тынды. Міне, осындай атағы жер жарған Қоянды жәрмеңкесі жабылғаннан кейін жергілікті атқарушы органдардың нұсқауымен ғимараттар мен үйлердің бір бөлігі құрылыс материалдарына алынып, бірте-бірте жоғалды. Оның орнына орнаған «Қоянды» кеңшары кезінде, жәрмеңкенің болғанын айғақтайтын жаңғыз тас қойма қалған еді. Қазір ол да жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері бұрынғы шаруашылық орнында «Қоянды» кооперативі ұйымдастырылған. Тарихи құндылықтарымызға деген құнтсыздығымыздың (оған кеңестік солақай саясат та аз әсерін тигізген жоқ) салдарынан көп нәрселерімізден айрылып қалғанымызды енді ғана біліп жатырмыз. Ал, бір кезде атағы жер жарған Қоянды жәрмеңкесі Қазақ халқын нарықтық қатынастарға бастаған алғашқы қарлығаштардың бірі екенін ұмытуға тиісті емеспіз.
Қоянды жәрмеңкесін айтқанда оның ел ішіндегі әр түрлі мәселелерді талқылап отыратын орын болғандығын сөз етпегенде, ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне өлшеусіз қызмет еткенін де айтпай кетпеске болмайды.
1922 жылдан бастап жәрмеңкеде мәдени іс-шаралар өткізіле бастады. Қазақ тілінде бірқатар спектакльдер қойылды. Дауыс зорайтқыштар, радиоқабылдағыштар арқылы халық жаңалықтар, хабарлар тыңдады. Денсаулық, мәдени-ағарту мәселелері бойынша жергілікті халық арасында әңгімелер өткізілді.
Қоянды жәрмеңкесінде «Жәрмеңке жаршысы» шығарылды. Жаршы 100 данамен шығып, лезде таралды. Ауызша түрде де таратылып, белгілі суырып салма ақын Иса Байзақов жаңалықтардың мазмұнын қазақ тіліне аударып өлеңмен жеткізіп отырды. 1928 жылы осы аймақта алғаш рет жылжымалы киноқондырғылар жұмыс істей бастады. Кітапхана халыққа қызмет көрсетті.
Егер, ХIХ ғасырдың екінші жартысында Қоянды жәрмеңкесінде шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлы, полковник, Баянауыл округінің аға сұлтаны Мұса Шорманұлы, ақын, композитор Біржан Қожағұлұлы, ақын, композитор, әнші Ақан Сері, поэзия пайғамбары Ұлы Абай Құнанбайұлы, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди Бәпиұлы болса, өткен ғасырдың 20-шы жылдары жәрмеңке нағыз атақты әншілер мен өнер адамдарының, ақындардың, атақты спортшылардың өнерін тамашалайтын керемет киелі орынға айналды.
Майра Уәлиқызы, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, тағы басқа әншілер ән шырқап, сиқыршы әрі акробат Қара Омар өнерімен таңқалдырып, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы өзіне тең келер ешкімнің жоқ екенін дәлелдеген. Жәрмеңкеде тек қазақ елінің түкпір-түкпірінен ғана емес, Ресей, Жапония, Қытай сияқты елдерден де палуандар, цирк өнер адамдары келіп, өнерлерімен тәнті еткен, жәрмеңке қызығын асырған.
Сөйтіп, ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жұмыс жасаған, қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуында, қазақ даласына нарықтық сауда қатынастарын қалыптастыруда, өркениет нышандарын әкелуде, білім нәрін себуде, өнер мен мәдениетіміздің алға басуында өлшеусіз үлкен рөл атқарған, негізі қаланғанына биыл 170 жыл толып отырған, бір кезде атағы жер жарған, Біржан сал:
Базарың құтты болсын ардақты елім, Қоянды ту көтерген думан жерім! – деп шырқай салған Қоянды жәрмеңкесі Қазақ халқы тарихының жарқын беттерінің бірі болып қала беретініне ешқандай күман жоқ.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудағы «Туған жер», «Киелі орындар» тарихын оқып үйренуде, терең білуде осындай тарих қойнауында ұмыт бола бастаған құндылықтарымызды еске салып, ойға түсірудің ешқандай артықтығы жоқ болса керек.
Бекәділ СЕМҚҰЛ