1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады және Алғыс айту күні аталып өтеді. Бұл ұйым 1995 жылы еліміздегі этносаралық келісім мен татулықты сақтау мен нығайту үшін құрылған еді. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерімен жүздесті.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтеміз. Осыған байланысты алдымызда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Тәуменді тәуелсіздік жылдарында ассамблеяның рөлі жоғары екендігін білеміз. Осы тұрғыда еларалық сипаттағы түрлі форумдарда да, ұлтымыздың біртұтастығын тұғыр еткен бұл құрылымның мән-маңызын айрықша таныта түсуіміз керек. Әлбетте, осы жылы өңіріміз үшін жеткен жетістігімізді ой елегінен өткізіп, саралап алғанымыз алдымен өзіміз үшін пайдалы дер едік. Ендігіде ашық диалог қалыбында өздеріңіздің ортаға салар ұсыныстарыңыз да жоқ емес шығар. Жылға көздеген жоспарларымызды пысықтап алған абзал болар деген шешімге келіп отырмыз, – деді аймақ басшысының орынбасары.
Бастабында сөз алғандардың қатарында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашoв өңірлерді аралап, ондағы жастардың санасына алда атқарылатын қайырлы істер хақында баяндау орынды екендігін алға тартты. Мұнымен қоса, қыркүйек айында дәстүрлі негіздегі жастар форумын өткізу жоспардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Әлбетте, мерекелік жылда облыс жастары атынан тақырыптық мурал тарту етпек ұсынысымыз бар. Біздіңше, мурал кейінгі уақыт тұрғысында өміршең мұра болып қалатыны сөзсіз, – деп түйіндеді сөзін Александр.
Ал, ассамблея ардагері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы Әшімхан Жәмпейісов 2005 жылы «Сарыарқа – достықтың мекені» атты телевизиялық бағдарламалар циклін қайтадан жаңғырту қажеттігі туралы бастама көтерді. Бұдан бөлек этно бірлестіктер туралы деректі фильм түсіру қажеттігі де кеңінен сөз болды.
Сайып келгенде, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы – еліміздің татулық пен ынтымаққа жетелеген жылдардағы үлкен белесі. Ассамблея құрылғаннан бері тарихи тұрғыдағы сан қырлы жұмыстар ұлт пен ұлыстар, этностар бірлігін нығайтуда теңдессіз рөл атқарды. Ашық диалог алаңында айтылған ұтқыр ұсыныстар мен баянды бастамалар болашаққа бағытталған ірі қадамдардың бастауы іспетті. Өңірлерді аралап, жастардың бойына патриотизм мен татулық рухын сіңіру, мерекелік жыл аясында мурал салу, телебағдарламаларды қайта жандандыру сияқты игі істер ел бірлігін жаңа деңгейге көтерері сөзсіз. Бұл жиында айтылған әрбір ұсыныс, әрбір бастама – халқымыздың кемел келешегіне деген селкеусіз сенімінің көрінісі. Ассамблеяның әрбір мүшесі мен әрбір қатысушысының қосқан үлесі арқылы Қазақстанның татулық пен ынтымақ ордасы ретінде әлемге танылып отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Алда әлі де атқарылар істер көп. Бірақ, бүгінгі жүздесу осы ордалы ойлардың берік іргетасын қалағандай. Жиыннан кейін әрбір қатысушының жүрегінде алдағы міндеттерге деген жауапкершілік пен сенім нығая түскендей кейіп аңғарылды.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет автордан