Отырар жәдігерлері – Арқада
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы қорынан «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының қалалық мәдениеті» атты жылжымалы көрменің ашылуы өтті.
Аталмыш көрме көне қала Отырар тарихымен, ежелгі жәдігерлермен, қасиетті өлкенің мәдениеті және руханиятымен, жас ұрпақты ата-бабаларымыздың ұмыт болған ежелгі мұрасымен таныстыру мақсатында қолға алынған.
Көрменің ашылуында музей басшысы Ержан Нұрмағанбетов, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы басшысы Жангелді Махашов және Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов сөз сөйледі.
Отырардай киелі мекеннен Арқа атырабына аяқ басқан құрметті қонақтарға арнап Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисті, республикалық байқаулардың лауреаты Дулат Аханов Иман Жүсіптің «Сары мойын» әнін шырқады. Домбыраның күмбірі мен әнші дауысы көрме әрін одан сайын кіргізе түсті.
Жалпы, қонақтарға көрмені таныстырып, оларға көне қаланың сырлы саптаяқтары мен қыш құмыралары туралы баяндаған «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының экскурсоводы Ерлан Әскерини.
– Бұл көрменің өзгешелігі мұнда қаланың бірнеше дәуіргі тарихы топтасқан. Мысалы: Темір дәуіріндегі Отырар, Қараханит дәуіріндегі Отырар, Ұлы Жібек жолындағы Отырар тарихы. Сонымен қатар, Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың ахуалы да көрініс табады. Сондай-ақ, археологиялық жәдігерлер – керамикалық бұйымдар, нумизматикалық материалдар, шыныдан жасалған заттар, ескерткіштерге қатысты аэрофотолар мен карталар да ұсынылған, – деді Ерлан Әскерини.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz