Балқаш

Отбасының жаны – қазақтың рухы

Ақиық ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың мындай өлең жолдары бар: «…Оңай сөз ғой «Отанды сүйем» деген, Іс тынбайды «жанамын, күйемменен»… өгей әке емес қой Отан деген, Отанды мен Атамдай иемденем». Ұрандату әркімнің-ақ қолынан келер, бірақ, іс жүзінде Отанды ата-анаңдай, туған бауырыңдай сүйіп, оған қамқор болу – нағыз азаматтың ісі. Ал, Отанды сүйіп, қадірлеу, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын адамгершілік, еңбекқорлық, толеранттық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді ізгі қасиеттердің барлығы да отбасында қалыптасады. Берекелі отбасы – мықты мемлекеттің іргетасы. Отбасының татулығы берік болса, еліміздің де керегесі кең. Сондай өнегелі отбасылардың қатарына МҰХАМЕТЖАНОВТАРДЫҢ шаңырағын қосуға болады.

Отағасы – Жұмағазы Тұрсынұлы мен отанасы – Балшырын Қожырқызы өмірден көргендері мен көңілге түйгендерін айтып, ұрпағына ұлағаттың дәнін егуден жалыққан емес. Әке – әулет басшысы. Балқаштықтар Жұмағазыны «Жарас» деп атап кеткен. Жасынан спортқа деген ынтасы зор, Садақ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Халықаралық, Республиқалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Қазіргі таңда «Ұлттық спорт – садақ, арбалет және дартс ату федерациясының» директоры Жұмағазы Мұхаметжановтың есімі көпке таныс. Екі мәрте – 2009 жылы мен 2011 жылы садақ атудан біріншілікті, 2009 жылы жамбы атудан Талдықорған қаласында Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық жарысты жоғарғы деңгейде ұйымдастырды. Бұдан бөлек, облыстық, қалалық жарыстардың өткізілуіне мұрындық болды. 2008 жылдан бері ұлттық спортты дамытуға күш салған оның федерация үздіктер қатарынан көрініп келеді. Бүгінгі күнге дейін садақ атудан бірнеше спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлерді тәрбиеледі. Еңбегі еленіп, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық творчестволық бірлестігінің «Ы.Алтынсарин» медалінің, Халықаралық марапаттар мен атақтарды ұйымдастыру комитеті ордені, ҚР ҰБР орден, медальдары, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Қадым заманынан бері жауынгер халықтың иығынан түспеген, қазақтың дәстүр-салтымен біте қайнасқан қымбат мұра садақты Жарас бала күнінен серік етті. Сонымен қатар, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, қаймағы бұзылмаған қазақы тірлікті сақтау жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. «Есі кірген ел ескісін іздейді» деген тәмсілді берік ұстанған жан талай тарихи мұраларды білуге деген кұлшынысын бір сәтке тоқтатқан емес. Ұлтжанды азамат қазақ халқының ел жадынан ұмыт болуға айналған құсбегілік, аңшылық, ұсталық өнерді қайта жаңғыртып жаһанға паш етуге еңбек етіп келеді.

Әрине, қашанда қазақ жақсы жарымен, астындағы атымен, жанына ерген жақсы баласымен мақтанған. Қол ұстасқан қосағы – Балшырын Мұхаметжановамен өмірдің ащы-тұшысын  бірге көріп, қиыншылықтарға еш мойымай  балаларын бар ықыластырымен тәрбиелеп өсіруде. Отанасы – Балшырын қазіргі уақыт та, «Балқаш қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директорының орынбасары болып еңбек етуде. Келген жерін, отбасын сыйлап, солармен бірге көктеймін, көгеремін деген Балшырынның – басты тілегі.

Перзенттері де абзал әкенің ақылын, асыл ананың үлгі-өнегесімен бой түзеп келеді. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, балаларының барлығы спорт саласының саңылақтары. Қызы – Медина Тұрсынова садақ атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері. Республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының сертификатының иегері. Қарағанды қаласындағы Болашақ университетін қызыл дипломмен аяқтап, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ магистранты атанған.

Ұлы – Жанәли Жұмағазыұлы Арбалет, садақ атудан ҚР спорт шебері. Халықаралық, республикалық жарыстардың жүлдегері. Алматы спорт және туризм академиясының студенті. Кенже ұлы – Райымбек Жұмағазыұлы да садақ атумен машықтанып, әке жолын қуып, ержетіп келеді. Айта кетейік, Мұхаметжановтар отбасы Балқаш қаласында алғаш ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы.

Бұл отбасының бір ерекшелігі – барлық іс ақылдасу, сөйлесу, бірінің пікірімен санасу арқылы шешуінде. Егер айрандай ұйып отырған шаңырақтағы әрбір адам өз бетінше әрекет етсе, онда ол жерден бақ пен береке сынаптай сырғып кетеді. Осыны о бастан-ақ түсінген ерлі-зайыптылар бір-біріне үнемі қамқор болуды өздерінің негізгі міндеті етіп бекітіп алған. Баланы тәрбиелеу барысында саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасауды мұрат қылған. Ұрпағын дене және ой еңбегіне үйрету, салауатты өмір сүруге, адал болуға, жақсылықты үйреніп, жамандықтан жиренуге, мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, салт-дәстүрлердің сақтаушысы етіп тәрбиелеуді жолға қойған. Жарастың пайымдауынша, отбасының жаны – қазақтың рухы дегенге саяды.

Негізгі, қазақтың салтында балаға жақсыны үйрету үшін «өйт-бүйт» деп айтқаннан гөрі, жақсы адамды, жақсы істі мысал қылып айту, сол арқылы үлгі көрсету ежелден қалыптасқан. Осы орайда Мұхаметжановтардың шаңырағының жас отбасыларға да өмірлік сабақ болар тұсы көп. Берекесі мен бірлігі жарасқан қазақтың осындай қарашаңырағы шайқалмасын.

Нұрдос КӘРІМ

 

Басқа материалдар

Back to top button