Отбасында озбырлыққа орын жоқ
Мемлекеттің мықтылығы – оның қаруында немесе байлығында емес, әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуінде. Қоғамның күретамырына балта шабатын зорлық-зомбылықтың алдын алу – бүгінгі күннің басты талабы, әрі адамгершілік борышымыз. Осы мақсатта Қарағанды облысының Азаматтық Альянсы мен Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының абсолютті құқықтары: зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік» тақырыбындағы диалог алаңы өтті.

Жиын заң үстемдігін нығайтуды көздеді. Іс-шараның модераторы Дмитрий Полтаренко бұл мәселеге қатысты өз ойын былайша сабақтады.
– Біз ең алдымен қоғамдағы әйел – әрдайым құрбан, еркек – әрдайым озбыр деген сияқты біржақты гендерлік түсініктен арылуымыз керек. Қазіргі қым-қуыт қоғамда ер адамдар да зорлық-зомбылыққа ұшырап жататыны жасырын емес. Егер ер адам полицияға шағымданса, оны «әйеліне шамасы келмеді» деп келеке етеміз, бұл – үлкен қателік, – дейді модератор.
Сондай-ақ, оның айтуынша нағыз теңдік ер мен әйелдің бірдей болуында емес, олардың заң алдындағы құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігінде. Дмитрий Полтаренконың пайымдауынша, отбасы – бұл бірін-бірі сыйлайтын, ортақ шаңырақты бірге көтеретін тең құқылы серіктестердің одағы болуы шарт.
«Аналар үйі» қоғамдық қорының өкілдері көмекке мұқтаж жандардың түйткілді мәселелерін ортаға салды. Бүгінгі таңда дағдарыс орталықтарының тапшылығы, әсіресе, мемлекеттік орталықтардың тек ірі қалаларда ғана шоғырлануы – айтарлықтай кедергі. Сондай-ақ, жәбірленуші әйелдің көмек алу үшін міндетті түрде полицияға арыз жазуы керек деген бюрократиялық талап көп жағдайда психологиялық қысым тудырады. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамға 6 айлық психологиялық оңалтудың өзі аздық ететіндіктен, жүйелі қолдау тетіктерін дамыту – уақыт күттірмейтін мәселе.
Әрі қарай келелі кездесуде рухани құндылықтар да кеңінен сөз болды. Облыстық Әнет баба мешітінің наиб имамы, дінтанушы Қоныскерей Құмар бұл тақырыпты дін мен дәстүр сабақтастығы тұрғысынан өрбітті.
– Асыл дінімізде әйел затының дәрежесі өте жоғары, тіпті, Құран Кәрімде Жаратушы Иеміз «Маған және аналарыңа шүкір етіңдер» деп, өзінің қасиетті есімінен кейін бірден Ананың атын атап тұр. Бабаларымыз жарына дауыс көтермек түгілі, бүкіл тәрбиені қас-қабағымен ғана сездіре білген. Ер азаматтың қадірі әйеліне қол көтерумен емес, оның нәзік болмысын аялап, отбасында сабырлылық танытуымен өлшенбек, – деді ол өз сөзінде.
Диалог алаңы тек пікір алмасумен шектелмей, ұтымды ұсыныстарды ортаға салумен ұласты. Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – тек мемлекеттің немесе жекелеген ұйымдардың ғана ісі емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Құқықтық мәдениеті жоғары, адам құқығын ардақтайтын қоғам ғана қауіпсіз бола алады.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



