Медицина

Отбасын қолдау орталығы ашылды

Қарағанды облысында пилоттық режимде тұңғыш рет рес­публикадағы Отбасыға көмек көрсету орталығы ашылды. Бұл жерде әйелдер ғана қызмет етеді. Орталық орналасқан ғимараттың іші күңгірт түстерді қолданбастан, жасыл және қыз­ғылт сары түстермен боялған.

– Біз Қазақстанда отбасына көмек көрсетудің алғашқы бірыңғай орталығын құрдық. Полицияға отбасындағы жанжал, ұрыс-керіс туралы хабарламалар келіп түседі. Біз мәлімдемелер бойынша жұмыс жүргіземіз, бірақ жәбірленушілер тек құқықтық көмекке ғана емес, әлеуметтік, психологиялық көмекке де мұқтаж. Мұның бәрі біріктірілді. Орталық бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Осы жерде полициядан, заңгерлерден, психологтан, сот орындаушысынан, теологтан және еріктілерден көмек алуға болады. Сондай-ақ, медиация, дағдарыс орталықтарының өкілдері бар, – дейді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Исмағұлов.

Отбасына көмек көрсету орталығын көп жылдар бойы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспектор болып жұмыс істеген Гүлбану Сәтбаева басқарды. Одан бөлек, эксперимент ретінде әйелдер полиция бөлімшесі құрылған. Оның құрамына тергеу­ші, ювеналды және көші-қон полициясының инспекторлары, есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жедел уәкіл, пробация қызметінің өкілі кіреді.

Орталық барлық қажетті заттармен жабдықталған. Қызметкерлер жедел ақпаратқа қол жеткізуі үшін құқық қорғау органдарының ведомстволық базаларына қосылған. Әлеуметтік блокта көптеген мәселелер қарас­тырылған. Мұнда инклюзия, қорғаншылық және қамқоршылық мамандары жұмыс істейді. Келушілер психологтың көмегін ала алады. Тіпті қаржылық кеңесші бар, ол отбасылық бюджетті дұрыс бөлу туралы және интернет-­алаяқтардың айла-амалдарына қалай түспеу керектігін айтады.

Отбасына көмек көрсету орталығы Қарағанды қаласындағы Тәттімбет көшесінде орналасқан.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button