Руханият

Отбасы ойраны қайдан?

Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында тағы бір үздік қойылым сахналанды. Бұл картинаның өзгеден ерекшелігі – Марк Камолеттидің атақты шығармасын шыңдаған қоюшы-режиссер Н.Қалыкеновтің кәсіби шеберлігі. Ол отбасылық өмірдегі кикілжіңді, әзіл-қалжың мен күнделікті тірлікті шынайы көрсете отырып, көзге шөп салудың жақсылыққа апармайтындығын комедиялық қалыпқа салып әдемі жеткізді.

Сәкен театрының актері Ахай Жұмамұратов – бас кейіпкердің бірі үй иесі, әйелқұмар Бернардтың рөлінде. Ол ілгеріде танысып аралас-құралас болған Сюзеннаны жан-тәнімен қалайды. Ылғи соны ойлап, соған асығады да тұрады. Бірде Бернардтың көңілдесі оған қонаққа келмек болады. Ал, Бернардтың үріп ауызға салғандай, ай десе аузы, күн десе көзі бар жары Жаклин бар. Ол осы мәселеде ақылшы болуы үшін досы Робертті үйіне шақырады. Бернард тіпті әйелінің алдында сүттен ақ судан таза болуы үшін бар кінәні досына артпақ болады. Расында бастапқыда бәрі жоспарлағандай басталғанымен кейін шалыс басқан істің шала шығатыны расталады. Тіпті, оқиға шым-шытырықтана түседі. Үйге көңілдес қыз Сюзеннаның орнына аспаз Сюзетта келеді.

Бұл кезде Бернард пен Жаклин екеуі тысқа шығып кетеді де, үйде Роберт қана қалады. Ол еті тірі әрі егде жасқа кеп қалған келіншекті досының көңілдесі деп оған Бернард екеуі құрастырған жоспарды түсіндіреді. Бұған бастапқыда түсінбеген аспаз келіншек Роберттің қалың әмиянын көрісімен бірден келісе кетеді. Осылай оқиға болжаусыз желіске түседі.

Бұл аз десеңіз, қой аузынан шөп алмастай болған әрі мінезі нәзік Роберттің де сыры су түбінде жатпайды. Ол жан досы Бернардтың әйелімен әуейі болған екен. Осының бәрі ортаға шығып отбасы ойыны анықталады.

Қойылым бірде әр әулеттің басындағы тағдыр тәлкегін суреттесе, бір уақытта әзілмен көмкерілген ерлі-зайыптылар өмірінен сыр шертеді.

Дегенмен, өтірік пен сатқындықтың арты жақсылыққа апармасы айғақ.

Қойылым шығармашылық жағынан өте керемет  болғаны рас. Алайда, діни және этикалық көзқараспен қарасақ, бала-шаға қолтықтай келген кісі қарасы отырған залға мұндай қойылым көрсету дұрыс па?

Жалаңаш тән көрінбегенімен шымылдық артындағы іс-әрекеттер көрерменді ыңғайсыз жағдайға қалдыратыны анық. Бұл режиссер мен актерлердің кәсіби шеберлігі дегенмен де, соны айнытпай тіпті әсірелей берудің қажеті бар ма еді?…

Егер мұны өнердегі ерекшелік десек, көрермен шектелуі тиіс еді. Қойылым аяқталған соң көрермендер арасында «жас шектеуі қойылса және 18 жастан асқан көрермендерге ғана көрсетілсе» деген пікірлер туды. Дәл осы тұста бұған хақысын беріп құлақ асқан абзал-ау…

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button