Жаңалықтар

Отбасы құндылығының орны бөлек

Отбасы – қоғамның ең кішкентай бөлшегі десек те, мемлекеттің ең үлкен тірегі. Ұлттың болашағы, қоғамның тұрақтылығы, жастардың тәрбиесі – барлығы ең алдымен шаңырақтың беріктігіне байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталды. Президент: «Жастарға дұрыс тәрбие беру, отбасылық құндылықтарды нығайту – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті» деп атап көрсетті. Демек, отбасы институтын нығайту – тұтас қоғамның жауапкершілігі.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Статистикаға үңілсек…

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті ұсынған ресми дерекке сүйенсек, соңғы үш жылдағы неке мен ажырасу көрсеткіштері қоғамдағы отбасы институтының жай-күйінен хабар береді.

Ал, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалы ұсынған мәліметке сәйкес, 2025 жылы өңірде 6173 неке тіркелген. Осы кезеңде 1492 неке бұзылған. Яғни, бұл – 23,4 пайызға тең. Бұл дерек одан бұрнағы жылдармен салыстырғанда ажырасу көрсеткішінің салыстырмалы түрде төмендегенін көрсетеді. Дегенмен, әрбір көрсеткіште тұтас бір тағдыр, бір шаңырақтың тарихы барын еске алсақ, бұл тоқмейілсейтін дерек емес.

Бүгінде ажырасу – қоғамның ең көп талқыланатын тақырыбының бірі. Үлкендер жағы ажырасудың көбейгенін тәрбиеге апарып тірейді. «Қазақы тәрбие әлсіреді, батыстың танымы дендеп барады» дейді. Шынымен-ақ, бүгінде батыс мәдениетінде ажырасу қалыпты құбылыс ретінде қабылданады. Ал, біздің қоғам үшін отбасы – қасиетті ұғым. Дегенмен, тағдырға жазылғаннан қашып құтылу да қиын. Кейде адамдар бір шаңырақ астында өмір сүргенімен, мұраттары мен мақсаттары екі бөлек әлем болып шығады.
Психолог Думан Нұрланұлы, ата-ананың ажырасуы баланың тағдырына «таңба» деген біржақты пікірмен келіспейтінін айтады.

– Балаға ең ауыр соққы – ата-ананың арасындағы үздіксіз жанжал, қорқыныш пен салқындық. Ерлі-зайыптылар бір-бірін қорлап, жиі ұрысысып, баланы арадағы дауға араластырса, бұл оның психикасына әлдеқайда терең жара қалдырады. Керісінше, ата-анасы бөлек тұрса да, бір-біріне құрметпен қарап, баламен тұрақты байланысын үзбесе, өзін қауіпсіз әрі қажет сезінуіне жағдай жасаса, бала мұны әлдеқайда жеңіл қабылдайды, – дейді ол.

Демек, ажырасу – әрдайым жаулықпен аяқталатын соғыс емес. Кейде ол екі адамның бір-бірінің жолын босатуы болады. Кейде ол – жауапкершіліктен қашу, кейде саналы шешім.

Ювеналды сот тәжірибесі не дейді?

Ресми дерекке сүйенсек, соңғы жылдары отбасылық даулардың сотқа дейін жету жиілігі артып келеді. Бұл құбылыс әсіресе, ювеналды соттардың жұмысында айқын байқалады. Мәселен, Қарағанды облысының ювеналды сотына келіп түскен талап арыздар саны жыл сайын өсіп отыр. 2023 жылы мұнда 2306 іс қарауға қабылданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш күрт өсіп, 5233 талап арызға жеткен. Ал, 2025 жылы сотқа түскен істер саны 5817-ге дейін артқан. Биылғы екі айдан астам уақыттың өзінде 1077 іс тіркеліп үлгерген. Сарапшылар бұл өсімді отбасылық даулардың көбеюімен әрі ювеналды соттардың қарауына жататын істер санатының кеңеюімен де байланыстырады. Соның нәтижесінде балалардың құқықтары мен отбасы қатынастарына қатысты бірқатар мәселе дәл осы соттың құзыретінде қаралады.

Сала мамандарының айтуынша, Ювеналды сот тәжірибесінде некені бұзу туралы талап арыздардың басым бөлігі қанағаттандырылады. Себебі, сотқа жүгінген ерлі-зайыптылардың көпшілігі үшін неке қатынастары іс жүзінде әлдеқашан тоқтаған болып шығады. Отбасылық өмірдің сақталмағаны, ерлі-зайыптылардың бірге тұрмауы немесе ортақ шаруашылық жүргізбеуі негізгі дәлел ретінде қаралады. Десе де, барлық іс бірдей шешімге келмейді. Кейбір талап арыздар процессуалдық талаптардың сақталмауына байланысты кері қайтарылады. Сонымен қатар, тараптардың сот отырысына келмеуі, талап арыздан бас тартуы немесе өзара келісімге келуі салдарынан қараусыз қалатын жағдайлар да кездеседі. Соған қарамастан, сот тәжірибесінде тараптарды татуластыруға бағытталған рәсімдер белсенді қолданылып келеді.

Қарағанды облыстық сотының судьясы Динара Мутубаеваның айтуынша, ажырасудың себептері әртүрлі болғанымен, соңғы жылдары олардың құрылымында белгілі бір өзгерістер байқалады.

– Көбінесе ерлі-зайыптылардың ажырасуына мінез-құлық сәйкессіздігі, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, материалдық қиындықтар, сенімнің жоғалуы себеп болады. Соңғы уақытта әлеуметтік-экономикалық факторлар мен психологиялық үйлеспеушіліктің үлесі артып отырғанын байқаймыз. Кейбір істерде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері де анықталады. Мұндай жағдайлар отбасын сақтап қалу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді, – деді судья.

Сот статистикасы ажырасуға өтініш беретін ерлі-зайыптылардың әлеуметтік портретін де көрсетеді. Көбіне сотқа жүгінетін азаматтардың жасы 25 пен 40 жас аралығында. Неке ұзақтығы көбіне 1 жылдан 7 жылға дейінгі аралықты құрайды. Көп жағдайда отбасында бір немесе екі бала болады. Ерлі-зайыптылардың жұмыспен қамтылу деңгейі әртүрлі болғанымен, тұрақсыз табыс факторы жиі кездеседі. Статистикалық тұрғыдан қарағанда, ажырасу туралы талап-арызбен көбіне әйелдер жүгінеді. Бұл көрсеткіштерде белгілі бір гендерлік айырмашылықтың бар екенін байқатады. Неке бұзу туралы істерді қарау барысында сот көбіне кәмелетке толмаған балалардың тұрғылықты жерін де анықтайды. Көп жағдайда бала анасының тәрбиесіне қалдырылғанымен, әрбір іс баланың мүддесі мен жағдайын ескере отырып, жеке қаралады.

– Ювеналды сотта қаралатын істердің едәуір бөлігін алимент өндіру мәселелері де құрайды. Жалпы статистика бойынша алимент өндіру туралы талаптар барлық істердің шамамен 15 пайызын қамтиды. Бұл істерде жиі кездесетін мәселелердің қатарында табысты жасыру, ресми жұмыстың болмауы, алимент бойынша берешектің жиналуы және атқарушылық өндірістегі қиындықтар бар, – деп толықтырды Динара Маратқызы.

Сонымен бірге, сот тәжірибесінде кейде формалды ажырасу жағдайлары да кездеседі екен. Мұндай жағдайлар көбіне мемлекеттік әлеуметтік көмек немесе тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мақсатында жасалуы мүмкін. Дегенмен, әрбір іс жеке бағаланып, мұндай фактілер сот назарынан тыс қалмайды. Жалпы алғанда, ювеналды соттар медиация рәсімдерін кеңінен қолдану, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қажет болған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органдарын тарту арқылы ең алдымен баланың құқықтары мен мүддесін қорғауды басты назарда ұстайтынын атап өткен жөн.

Отбасыға тірек болған орталық

Отбасының беріктігі жеке қарым-қатынаспен қоса, нақты әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігіне де байланысты. Осы бағытта Қарағанды қаласының Отбасын қолдау орталығы мемлекеттік отбасылық саясатты жүзеге асыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға кешенді көмек көрсету мақсатында тиімді жұмыс атқаруда. Мұнда әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау бір жерге шоғырландырылып, отбасылардың тұрмысын тұрақтандыруға, жанжалдардың алдын алуға және азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2025 жылдың өзінде орталық арқылы 2231 отбасы түрлі көмек түрлерін алған. Оның ішінде, 240-ы – көпбалалы отбасылар. Бұл көрсеткіштер әлеуметтік қолдау тетіктеріне мұқтаж отбасылардың көп екенін аңғартады. Мамандардың айтуынша, отбасылар көбіне әлеуметтік мәселелер, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, құқықтық кеңес немесе психологиялық көмек алу мақсатында жүгінеді.

– Орталықта отбасылар, әйелдер, балалар және олардың әлеуметтік, психологиялық және материалдық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі. Азаматтарға мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мәселелері бойынша кеңес беріп, қажетті жағдайда оларды тиісті қызметтермен байланыстырып, толық консультациялық сүйемелдеу көрсетеміз, – деді орталық директоры Ғазиз Нұрланұлы.

Отбасыдағы психологиялық ахуалдың тұрақты болуын ескерген орталық мамандары жанжалдардың алдын алуға және отбасы мүшелері арасындағы түсіністікті арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Бұған қоса орталық жанынан тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарды уақытша орналастыруға арналған арнайы тұрғын-жай ашылған. Ол 14 төсек-орынмен, ас дайындауға арналған ас үй техникасымен, кір жуғыш машинамен, теледидармен және басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Медиацианың мүмкіндіктері

Өмірде әр әйел заты өзінің отбасына адал қызмет етіп, балаларының тәрбиесін қамтамасыз ету үшін аянбайды. Алайда, кейде тағдырдың ащы сабақтары, опасыздық пен сенімсіздік кездеседі. Отбасыны сақтап қалуға тырысқанымен, кейбір жағдайларда бұл мүмкін болмай қалады. Осындайда балаларының болашағын ойлап, материалдық және эмоционалдық қиындықтарды өз мойнына алады. Дегенмен, бар арманы – балалардың толық отбасында өсуі, бақытты ортада тәрбиеленуі.

– 40 жасымда екі баламмен ажырастым. Сонда ғана оның опасыздығын, менің сенімімді пайдаланып келгенін ұқтым. Мен үшін ауыр сабақ болды, жаным шырылдап, өмірім тоқтап қалғандай күй кештім. Дегенмен, сол ауыртпалық мені ширатты. Бұрын екіге бөлінген энергиямды өзіме бағыттап, бар мәселемді жалғыз шешуге тура келді. Балаларымның тәрбиесі мен материалдық жағдайды өз қолыма алдым. Қазір жетпістен астым. Немере бағып отырмын. Болашақ жарыңды таңдағанда асықпау керек екен, – дейді аты-жөнін атамауды сұраған қала тұрғыны.

Егер отбасының ішінде физикалық немесе психологиялық зорлық сияқты қылмыстық сипаттағы жағдайлар болмаса, медиатор отбасының өзара түсіністігін арттыруға, эмоцияларын реттеуге және шешімдерін бейтарап негізде қабылдауына көмектеседі. Мақсат – ешкімді мәжбүрлемей, әр тарап өз ойын ашық жеткізетін орта құру.

– Егер тараптар өзара келісімге келсе, онда балалардың кіммен тұратыны, қалай араласатыны, қанша уақыт бірге болатыны – бәрі медиативтік келісімде егжей-тегжейлі жазылады. Бұл келісім екі тараптың өз еркімен жасалады, әрі оны жыл сайын жаңартуға болады. Келісімнің мәні – тараптардың құқықтары мен міндеттерін нақты көрсету, сонымен бірге, балалардың мүддесін қорғау. Егер біреу келісімге келмесе, әрі қарай да мәселені сот шешеді және сот шешімі тараптарға міндетті болады, – деді кәсіби медиатор Айжан Дүйсекеева.

Медиативтік рәсімнің тағы бір артықшылығы – уақыт пен қаржыны үнемдеуде. Сотқа қарағанда, отбасы мүшелері өздері шешім қабылдай алады, келісімді қысқа мерзімде бекітуге болады және ұзақ сот талқылауларынан сақталады. Сонымен қатар, бұл процесс эмоционалды қысымды азайтып, тараптарға өзара түсіністік орнатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, медиация даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге, отбасының өмірін сақтау­ға және балалардың тағдырын қорғауда маңызды рөл атқарады, әрі олар үшін әділетті әрі саналы шешім қабылдауға жағдай жасайды.

Шетел тәжірибесінде ажырасудың алдын алуға түрлі тәсіл қолданылады. Мысалы, Швецияда жастарға некеге дейін қарым-қатынас пен қаржылық жауапкершілік туралы міндетті білім беру бағдарламалары бар. Жапонияда отбасылық кеңес беру мен психологтарға міндетті түрде жүгіну рәсімдері енгізілген, тараптар өзара түсіністік пен шиеленісті шешуді үйренеді. АҚШ-та кейбір штаттарда неке алдындағы дайындық курстары мен отбасы терапиясы қаржылай жеңілдік немесе салықтық жеңілдіктермен ынталандырылады. Тәжірибе көрсеткендей, алдын алу шаралары некені сақтауда маңызды рөл атқарады.

Сөз соңы

Мықты мемлекет мықты отбасыдан басталады. Президенттің тапсырмасы аясында отбасы құндылығы мен тәрбиенің қоғамдағы орны ерекше. Статистика, тәжірибе, медиативтік рәсімдер және шариғаттағы ережелердің барлығы да отбасының тұрақтылығы мемлекет тұрақтылығының кепілі екенін аңғартады.
Байқасақ, қоғамның рухани негізін нығайту – ортақ міндет. Бұл жолда әр отбасының орны ерекше. Ал, шаңырағы шайқалмаған елдің болашағы да баянды болмақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button