Отбасы құндылығы – шаңырақ шаттығында
«Шаңырақ» күніне орай, Қарағандыдағы «Достық» үйінде «Сарқылмас бұлақ» облыстық отбасылық ансамбльдер фестивалі өтті. Шараға облыстың қала, аудандарынан үлгілі отбасылар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының орынбасары Еркебұлан Нілдібаев арнайы қатысып, «Алтын шаңырақ» иелерін құттықтады.
Мерекеге орай «Алтын шаңырақ» иелері, яғни отасқандарына 50 жылдан асқан үлкен әулет шақырылды. Солардың бірі қарағандылық Шалабаевтар отбасы. Қазыкен Шалабаев жарымен отасқанына 55 жыл болыпты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі отбасы. Шөберенің қолынан су ішіп отырған бақытты жандар. Қазыкен ақсақал көпшілікке өлең оқып, батасын берді.
Бұдан бөлек, отасқанына 51 жыл толған отбасы Оразбековтер де сахна төріне шақыртылды. Төлеген ақсақал да шөбере көріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған жан. Жиылған қауым қос отбасыға құрмет көрсетіп, қошеметін көрсетті.
Сонымен қатар, «Алтын шаңырақ» иелеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, кәсіпкер, меценат Айдос Ақшонтаев ұлағатты отбасыларға қысқа толқынды пеш және тұрмыстық техникаларды сыйға тартты.
Мерекелік шарада ән шырқалып, күй тартылды. Сахналық көрініс те қойылды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz