Жаңалықтар

Отбасы мәртебесі: дәстүрлі модель және заманауи құқық

Мұқым қазақ үшін отбасы – бір ауыз сөзбен қасиетті қара шаңырақ деп айтылады да, тұтас ғұмырдың өзегіне баланады. Талбесіктен басталған тірнекті тәрбие, атадан балаға жалғасқан аманат, ананың әлдиі мен әкенің өнегесі – Ұлы Дала заңы. Сол құндылықтар қағаз жүзінде де, құқықтық тұрғыдан да айшықталып, Ата Заң деңгейінде нақтыланбақ. Мұны қоғамның тамырына үңілу, ұлттық болмыстың өзегін қайта таразылау деп қабылдамақ ләзім. Конституция жобасы отбасы ұғымын әлеуметтік институт ретінде де, мемлекет тұрақтылығының тірегі, ұлт бірлігінің өзегі ретінде де пайымдайды. Сондықтан, отбасы туралы әрбір бап – ұрпақ тағдырына әсер ететін қастерлі өлшем.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Қазақстан Республикасының Конституция жобасы – әрдайым зерттеуге тұрарлық құндақты құжат. Сөзімізді тиянақтай түсейік. Мысалы үшін, мемлекеттің унитарлығы, адам құқықтары, билік тармақтарының теңгерімі сияқты мәні терең мәселелерге басымдық берілгенімен, отбасы құндылықтарына арналған бірқатар баптар менмұндалап, ерекше көзге түседі. Мұнда отбасы – қоғамның негізгі ұясы ретінде қарастырылып, оның қорғалуы мемлекеттің міндеті деп жарияланды.

Ойымызды әрмен қарай сабақтайық. Конституция жобасының отбасыға қатысты ережелерін саралап, тәуелсіздік алғаннан бергі конституциялармен – 1993 жылғы және 1995 жылғы (қазіргі қолданыс­тағы, 2022 жылғы өзгерістермен) – салыстырмалы негізде зер салып көрелік. Әрі салыстыру-салғастыру барысында Қазақстан Республикасы конституциялық эволюциясындағы отбасының рөлі қалай, қаншалық өзгергенін аңдап көрмекпіз.

Конституция жобасындағы отбасы құндылығы дегенімізде, дәстүрлі реңктің айтарлықтай күшеюін атап өтеміз. Бүгіннен біраз бұрын Конституция жобасының преамбуласында «Біртұтас Қазақстан халқы» дейтін тұғырлы идеясы да басым. Ол заңды да. Бірақ, отбасы ұғымы тікелей атала қоймайды. Ал, II бөлімдегі «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» тарауында отбасы құндылықтарына арнайы мән берілген. 30-бап – таңдаулы тақырыптың негізгі тұғыры деп белгілеуге болатындай. Мұнда: «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұл – отбасының мемлекеттік қорғаудағы рөлін анықтайтын ерек ереже.

Конституция жобасындағы неке ұғымының анықтамасы былайша таңбаланған. «Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы». Тұжырымдама отбасының дәстүрлі моделін бекіте тұрып, гендерлік рөлдерді (еркек пен әйел) нақтылап, оны мемлекеттік деңгейде баса белгілейді. Сондай-ақ, ата-аналардың балаларды тәрбиелеу құқығы мен міндеті, ал, еңбекке қабілетті балалардың ата-аналарға қамқорлық жасау міндеті айдан анық көрсетілген. Демек, жаңа жобада – отбасылық жауапкершіліктің өзара байланысы күшейтілді. Және бір назар аударарлық акцент – 21-бапта: «Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына… кепілдік беріледі» делінген. Яғни, отбасылық құпия мемлекеттік қорғауға алынғаны, жеке өмірдің құпиялығын отбасы деңгейінде кеңейте түседі.

Жалпы, жаңа жобада отбасы – қоғамдық тұрақтылықтың негізі ретінде көрінеді. Ол дәстүрлі құндылықтарды (еркек-әйел одағы, ұрпақтар сабақтастығы) алдыңғы шепке шығарып, мемлекеттің «әлеуметтік мемлекет» ретіндегі сипатын (1-бап) анықтайды. Осындай ерекше екпіндер қатары қазақияның тарихи-мәдени мұрасын сақтау идеясымен байланыс­тырып, (преамбула), отбасыны ұлттық бірліктің элементі ретінде позициялайды.

Қазақстанның конституциялық тарихында отбасы құндылығы әрқашан маңызды болғанымен, уақыт өте Ата Заңдағы ұғым қолданысы өзгеріске ұшырап келді. Мәселен, 1993 жылғы Конституция (тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы) – өтпелі кезеңнің бас құжаты болды. Ондағы 32-бапта: «Отбасы, ана мен бала мемлекеттің қорғауында. Неке ерлі-зайыптылардың ерікті келісімі мен тең құқығына негізделген» деп жазылыпты әуел баста.

Мұнда отбасы мемлекеттік қорғауда екендігі бедерленіп, есесіне неке ұғымы гендерлік тұрғыдан нақтыланбаған. Тек ерікті және тең құқықты деп көрсетілген. Балалар тәрбиесі ата-аналардың құқығы мен міндеті ретінде аталған. Бірақ, ұрпақ жауапкершілігі (балалардың ата-аналарға қамқорлығы) толыққанды негізделмеді. Аталған нұсқа кеңестік мұрадан (отбасы қоғамның негізі ретінде) ауысуды ныспылағанымен, нақтылауларға кенде екендігі қазір қылаңытады.

1995 жылғы Конституция (қазіргі қолданыстағы, 2022 жылғы өзгерістермен) – тұрақтылықтың негізгі құжаты. 27-бапта: «1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. 2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-­ананың етене құқығы әрі міндеті. 3. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп жазылды. Отбасы мемлекеттік қорғауда, ана мен әке рөлі теңестірілген, ұрпақтар жауапкершілігі енгізілген. Бірақ, неке ұғымы анықталмай қосалқы заңға сілтеме жасайды. Гендерлік аспект жоқ. 2022 жылғы өзгерістерде отбасыға қатысты өзгеріс жоқ. Есесіне жалпы адам құқықтары күшейтілген (мысалы, жеке өмір құпиясы).

Енді салыстыралық, салғастыралық. Конституция жобасында неке ұғымы «еркек пен әйелдің одағы» деп нақтыланған. Мұндай екпін 1993 және 1995 Конституцияда атымен жоқ. Яғни, дәстүрлі отбасы моделін конституциялық деңгейде бекіту, жаһандық трендтерге (ЛГБТ және сол тәріздес құқықтар легі) қарсы реакция ретінде тұспалдануы бек мүмкін. Сабақтастығына тоқталсақ, төл тарихымыздағы барлық Конституцияларда отбасы мемлекеттік қорғауда, ата-аналардың тәрбие міндеті ортақ. Бірақ, Конституция жобасында ұрпақ жауапкершілігі (балалардың ата-аналарға қамқорлығы) 1995 жылғы Конституциядан алынғанымен, мейлінше толықтырылған.

Отбасы құпиясы (21-бап) – 1995 жылғы Конституцияда жеке өмір құқығынан (18-бап) дамыған, бірақ отбасына арнайы екпін түсіріледі. Бұл – цифрлық дәуірдегі жеке деректер қорғауымен тікелей байланысты. Эволюция тұрғысынан, 1993 – өтпелі (кеңестік жүйеден ойысу), 1995 – тұрақты (жалпы құқықтар), ал, жаңа жоба – дәстүрлі құндылықтарды күшейту тұрғысында ерекшеленеді. Әсіресе, «Әділетті Қазақстан» идеясымен (преамбула) үйлеседі, отбасыны ұлттық бірліктің тірегі етеді.

Иә, біз дария тақырыптың бір өзегін ғана сөз еттік. Отбасы – ұлттық тұрақтылықтың алтын кілті. Конституция жобасы отбасы құндылықтарын дәстүрлі және мемлекеттік қорғау тұрғысынан күшейтеді. Бұл алдыңғы конституциялармен теңшегенімізде сауытбұзар қалпымен одағайланып тұр. Өзгеше өзгерістер қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға сеп. Қалай болғанда да, отбасының конституциялық рөлінің күшеюі – Қазақстанның ұлттық бірегейлігін сақтауға деген ұмтылысты жарқынырақ көрсетеді.

Ал, 15 наурыздағы референдум нәтижесі осы құнтты өзгерістердің тек тағдырын ғана емес, ел дамуының келесі кемел келешегіндегі стратегиялық бағытын айқындайды. Референдум – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім өлшемі, азаматтық жауапкершіліктің сындарлы сәті. Әр дауыс – болашаққа берілген баға, әр таңдау – ертеңгі күннің келбетін қалыптастыратын нақты шешім. Референдум арқылы қабылданатын өзгерістер экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуге, құқықтық тетіктерді жетілдіруге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталады. Сондықтан, бұл тарихи кезеңде бейжай қалу – өз болашағына немқұрайлы қараумен тең.

15 наурыз – елдік жауапкершіліктің биік белесі. Осы күні қаймана халық мемлекет дамуының жаңа парағын ашуға тікелей атсалысады. Таңдау таразысы әділдік пен тұрақтылыққа, жаңғыру мен сабақтастыққа бағытталуы тиіс.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button