Бас тақырып

Отаншыл ұрпақ тәрбиелейік

Жастарды туып-өскен Отанына деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу адамзат қоғамының қай кезеңінде болмасын көкейкесті болып отыр. Қазіргідей өмірдің бар саласында түбірлі өзгерістер болып жатқанда маңызы онан сайын арта түседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Біз, ардагерлер, мұны заман ағымына сәйкес дұрыс шешім деп білеміз.

Жастар – біздің болашағымыз. Оларға дұрыс тәрбие, білім беру, мамандыққа баулу, алдағы өмірінде кездесетін қиын-қыстау сәттерден төзімділік пен шыдамдылықтың, өмірге деген зор оптимизм сезімдерінің арқасында шыға білуге шыңдау – аға ұрпақ өкілдерінің парызы. Бұл іске елімізде беделді қоғамдық бірлестік болып табылатын ардагерлер ұйымдары да өз үлестерін қосып келеді.

Ардагерлер қозғалысының басым бағыттарының бірі ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету, жас қазақстандықтарға адамгершілік, патриоттық тәрбие беру болып қала береді. Осы бағытта жинақталған тәжірибе жеткілікті, алға қойып отырған мақсаттар да зор. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мектеп жасындағы балалар арасында әскери-патриоттық тәрбиенің ролін күшейту қажеттігін атап көрсетті.

Қарағанды қаласында ардагерлердің бастауыш ұйымдары аудандық және қалалық кеңестері жергілікті атқарушы және өкілді органдармен бірге жастарға адамгершілік, әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жыл сайын Қарағандыда 7 сәуір мен 7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде бұқаралық-қорғаныс және әскери-патриоттық тәрбие жұмысының айлығы өткізіледі. Онда әскери комиссариат, білім, мәдениет, ойын-сауық мекемелері жастарды, әскери қызметкерлер мен соғыс және еңбек ардагерлерін шақыра отырып отансүйгіштік рухтағы түрлі шаралар ұйымдастырады. Әр жылғы айлық естен кетпес оқиғаларымен ерекшеленіп отыр.

Мәселен, 2017 жылдың айлығы барысында Қарағандыдағы №1 гимназияның оқушылары нағыз патриот азаматтарға тән істерімен көзге түсті. Сол жылы 3 сәуір күні түнде мектептің соғыс кезіндегі пионер жетекшісі, қарт ұстаз Зинаида Рыбецкаяның үйі отқа оранып, баспанасыз қалды. Мұны мектеп кітапханашысы және мұрағат сақшысы Марина Таловскаядан естіпбілген балалар бірден көмек қолын ұсынуды ойластырды. Сөйтіп, «Күміс ғасырдың ақындары» деген сахналық қойылым ұйымдастырып, құны 20 теңгелік билетпен-ақ 40 мың теңге ақша жинайды. Бір атап өтерлігі, қайырымдылық шарасынан барлық оқушылар мен ұстаздар, тіпті, ата-аналар да қалыс қалмайды. Сондағы Зинаида Гавриловнаның оқушыларына деген алғысын, қуанышын, көзіне іркілген жасын сөзбен айтып жеткізу қиын. Акцияны қаланың өзге де жас патриоттары қолдап әкетті. №23 мектептің ұжымы – 30 мың, №58 мектеп – 58 мың, №32 мектеп – 60 мыңнан астам, ҚарМТУ – 150 мың, волонтерлер 300 мың теңгеден астам қаржы жинады. Сөйтіп, оқушылардың ізгілікті шарасы жас жүректер арасынан қолдау тапты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

2018 жылдың айлығы барысында қалалық ардагерлер кеңесінің жастар арасындағы жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясы мен Қазыбек би атындағы аудан педагогтарының «Ұстаз» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің (төрағасы Ерсайын Омаров) ұйымдастыруымен әскери-патриоттық тақырыпқа эссе жазу жөнінен конкурстың қорытындысы шығарылды. Әскериспорттық ойындар, спорттың алуан түрі бойынша жарыстар, кадет сыныптары арасында достық марафоны өткізіліп, жастардың ептілігі, шымырлығы тексерілді.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде осымен жетінші рет «Ұлы Отан соғысы ХХІ ғасыр жастарының көзімен» атты студенттердің республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. Ұлы Отан соғысының қатарлары азайып қалған қатысушылары және тыл ардагерлерімен кездесулер жастар арасында үлкен әсер қалдырады. Сондай бір кездесуде 90 жастағы соғыс ардагері Серафима Понамарева студенттер алдында Кеңес елінің аты аңызға айналған маршалы Г.Жуковтың қарамағында соғыс жылдары бірге қызмет атқарғандығы туралы қызықты естелік айтты. Серафима Григорьевна бес тілді білетін маман ретінде штабта аудармашы болған екен. Жасының ұлғайғанына қарамастан ол жас ұландармен кездесуден жалықпайды, Екінші дүниежүзілік соғыстың ақтаңдақтары туралы сыр шертіп, тарихты бұрмалаушыларға тойтарыс береді.

Кездесулерде соғыстан кейінгі жылдары қолдан жасалған қасіреттер де тақырыпқа айналып жүр. Мәселен, ҚарМТУ жастарымен өткен дөңгелек үстелде Семей ядролық полигоны мен Чернобыль атом электр станциясындағы авария салдары әңгіме өзегіне айналды. Иә, шынында да Семей мен Чернобыль қасіреті тек қана экологиялық апат қана емес, азаматтық және саяси белсенділіктің белгісі болып, ядролық қарусыз әлем құрудың сабақтары болуы тиіс.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады дей келе, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» екендігін атап өтеді. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген міндет қояды. Қалалық ардагерлер кеңесі осы бағытта атқарылған біршама жұмыстарға ұйытқы болып отыр.

Осы бағыттағы жұмыстарға бұдан біраз жыл бұрын ҚР қорғаныс министрлігі, облыс әкімдігі және жас армияшылар бірлестігі республикалық штабы арасында қол қойылған меморандум бағыт-бағдар болды. Соның негізінде Октябрь ауданында жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры М.Мамыраев атындағы Әскери-техникалық мектеп базасында Әскери-патриоттық орталық ашылып, көрнекті жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын облыс аумағындағы Қарулы Күштердің Спасск оқу орталығында республика жастарының «Айбын» атты әскерипатриоттық жиыны өткізіліп тұрады. Жігіттерді әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу, әскери-патриоттық әндердің конкурсын өткізу және, әсіресе, соғыс және еңбек ардагерлерімен кездесулер өткізу жұмысымыздың басты бағыты болып қала бермек.

 Кеңес жақында Елбасының Жолдауынан, бағдарламалық мақалаларынан туындайтын міндеттерді актив жиналысында талқылап, кеңейтілген жоспар қабылдады. Жастар жылы қалалық кеңестің ардагерлер активі жастар арасында жиі болып, Отанын жанындай сүйетін, еңбекқор, білімді, бауырмал ұрпақ тәрбиелеуге өз үлестерін қоса бермек.

Тілеубек ЗЕЙНЕШЕВ,

Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері.

Басқа материалдар

Back to top button