Отандық ғылым олқылықтан арылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда озық дамыған мемлекет құру үшін азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек екенін айтты. «Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз», – деп атап өтті Президент.
Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Бізге отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындау керек. Құрылтайда Президент маңыз беріп отырған мәселе осы міндеттен бастау алады.
Бүгінде Мәжіліс талқылауында «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы жатыр. Заңға аса маңызды, оның ішінде ғалымдарды ынталандыруға және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар енгізіледі деп күтіліп отыр. Атап айтқанда, профессор және қауымдастырылған профессор атақтары үшін жаңа үстемеақылар енгізу, шығармашылық демалыс, ғылымды жергілікті бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігі, жас талантты ғалымдарға арналған стипендиялар және т.б. Жалпы, ұлттық ғылыми жүйенің жұмыс істеуі мен дамуының негізгі қағидаттары мен тетіктерін реттейтін жаңа заң уақытылы қабылданып отыр және ғылымның дамуына ықпал етеді.
Кейінгі жылдары Қазақстан адами даму деңгейі жоғары елдер тобына (HumanDevelopmentIndex) еніп, рейтингке қатысқан 191 елдің ішінен 56-орынды иеленді және Ресейден кейінгі 2-орынға тұрақтап, ТМД елдері арасында көш бастап тұр. Алайда ойландыратын тағы бір көрсеткіш бар. Ол – инновациялық қызметіне сәйкес әлемдік экономиканы саралайтын, ғылыми-техникалық және инновациялық даму деңгейін бағалайтын Жаһандық инновациялар индексі. Осы көрсеткіште еліміз 132 елдің ішінде 83-орында тұр…
Жаңа білімді қалыптастыру және енгізу үшін сапалы ғылыми-зерттеулер қажет. Бұл тек зерттеулердің мазмұнына, ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін енгізу әдістеріне емес, ең алдымен, ғылым мамандарын даярлау сапасымен анықталатын зерттеушілердің біліктілігіне де байланысты. Ғылым мамандарын молайту бізде білім беру ұйымдарында магистратура және докторантура арқылы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Осы тұрғыда біз ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың кей мәселесін қарастырып, шетелдік тәжірибені талдау негізінде бүгінгі таңдағы тиімді шешу жолдарын ұсынуды жөн көрдік.
Біріншіден, елде ғалымдар өте аз. Ғылым жөніндегі Ұлттық баяндама деректеріне сәйкес 2022 жылы зерттеулермен және әзірлемелермен айналысатын персоналдың саны 22 456 адамды құраған, оның ішінде кәсіби түрде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын, сондай-ақ тікелей жаңа білім құруды жүзеге асыратын қызметкерлер – 18 014. Осыған сүйене отырып, экономикада жұмыс істейтін 10 мың адамға шаққанда ғылыми-зерттеулер мен әзірлемелерге орта есеппен 20 адам тартылады, бұл Германия (233 адам), Жапония (180 адам), Қытай (81 адам) сияқты елдермен салыстырғанда өте аз.
2022 жылы докторантураны бітірген 1 536 адамның 234-і ғана диссертация қорғап, ғалымдар қатарын толықтырды, ал 2021 жылы 642 докторант диссертация қорғаған болатын. Барлық жоғары оқу орнында кадрлар, оның ішінде ғылыммен белсенді айналысатын зерттеушілер тапшы. Бұрынырақта 600-ге жуық ғалым жұмыс істеген ғылыми-зерттеу институттары қазір сол штаттың үштен бір бөлігін де қалпына келтіре алмай отыр. Егер мұндай үрдіс одан әрі жалғаса берсе, мемлекет инновация жасауға қабілеті бар ғылыми топтардың азғантай шоғырынан да айырылады. Тіпті, ғылым бюджетінің жыл сайынғы ұлғаюы да қажетті нәтиже бермейді. Қарапайым себеп: бұл қаражатты тиімді игеретін ешкім жоқ. Ғылыми кадрларды өсірудің тиімді механизмі қалыптаспаған.
2010 жылы аспирантура мен докторантура арқылы ғылыми кадрларды даярлаудың екі сатылы нысанын бір сатылы PhD-ға ауыстырған алғашқы реформаторлардың табандылығын атап өту қажет. Ерте ме, кеш пе, біз бұған келетін едік. Алайда, Болон үдерісі бағытындағы жоғары білім мен ғылым реформаларының негізгі қателігі белгілі бір институттарды құру идеяларын терең түсінбестен, іске асырудың ішкі тетіктерін зерделемей, тиісті инфрақұрылымдарды дайындамай, халықаралық тәжірибені көшіруі болды. Біз жаңа нысандарға ескі мазмұнды енгіздік. Мысалы, PhD дәрежесін енгізе отырып, оның не екенін түсінетін ғалымдар мен реформаторлардың өздері некен-саяқ болды. Тіпті, PhD өзі бастапқыда ғылыми дәреже ретінде, содан кейін академиялық дәреже ретінде айқындалды, бүгінде Қазақстанда бұл жай PhD дәрежесі.
Бірақ ғылыми кадрлар даярлау жағдайында ескі мазмұнды жаңа нысанға орналастыру мүмкін емес. 2010 жылға дейінгі модель бір бірыңғай органның дәреже беруді орталықтандыруына негізделді, кеңес заманында бұл Жоғары аттестаттау комиссиясы (КСРО ЖАК), содан кейін Қазақстанда ЖАК немесе Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті болды. Осы модельге сәйкес жоғары оқу орындары мен ҒЗИ жанынан құрылған диссертациялық кеңестердің шешімдерінен кейін барлық материал мен диссертация ЖАК-қа жіберілді, онда аталған шешім бекітілмеуі және адам ізденген қажетті ғылыми дәрежесін ала алмауы мүмкін еді. Көп ел қабылдаған қазіргі еуропалық модель бойынша PhD дәрежесін университеттер жанындағы диссертациялық кеңестер береді.
Бізде бұл модель басқаша жұмыс істейді. Мәселен, бастапқы кезеңде елімізде ғылым докторы дәрежесін беру алынып тасталды, ал ғылым кандидаттарын PhD дәрежесіне теңестірді. Бұл ретте ғылым кандидаты дәрежесінің орнына PhD қарастырылған және бұрынғысынша шешімді уәкілетті орган бекітетін диссертациялық кеңестердің ескі нысаны қалды. Ұлттық жоғары оқу орындарына уәкілетті органға соқпастан, дәреже беру құқығын алу үшін 10 жылға жуық уақыт қажет болды. Ерекше мәртебесі жоқ, яғни, дайындықтың 19 бағытында докторлар даярлап жатқан қалған барлық жоғары оқу орнында дәрежені бекіту рәсімі ескі күйінде қалып отыр. Диссертацияларды қорғау және сәйкесінше ғалымдардың өсуі, әсіресе өңірлерде, осыған байланысты өте аз болуы мүмкін. Біздің ойымызша, еуропалық модельге көшу рәсімін соңына дейін жеткізу керек, PhD дайындауға лицензиясы бар барлық жоғары оқу орнына өздерінің дербес диссертациялық кеңестерін құруға және дәрежелер беруіне рұқсат беру керек, оның үстіне 3 жылдан бері университеттер жеке үлгідегі дипломдарын беріп келеді. Әйтпесе, логика бұзылады. Уәкілетті орган жоғары оқу орнына докторантураға лицензия береді, солай бола тұра жеке дипломын беруге сенбейді. Әлемдік тәжірибеде, мысалы, Германияда кейбір жоғары оқу орындарының басынан бастап PhD даярлауға құқығы болмайды. Жоғары оқу орындарының осындай градациясын бізде де енгізуге болады. Бірақ жоғары оқу орындарының көпшілігі ғалымдарға дербес шешімдері негізінде дәреже беру туралы дипломдар беруі керек.
Қарсы дәлелдерді болжауға болады: егер бақылау болмаса, онда қорғаныс сапасы төмендейді, ғылымға қатысы жоқ адамдар, мысалы, шенеуніктер, кәсіпкерлер диссертация қорғайды. Алайда, біріншіден, мұны докторлар даярлау сапасына мониторинг жүргізу арқылы реттеуге және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге лицензияның елеулі бұзушылықтары болған кезде ұзартпауға немесе қайтарып алуға болады. Бұл лицензия берген уәкілетті органның функциясы болуы керек. Екіншіден, егер бұл теріс болжам орындалса да, мемлекеттік қызметшілер мен бизнесмендер арасында дәреже алғысы келетіндер пайда болса, онда олар үшін бейінді докторантура сай келеді.
Ғалымдар санын көбейтудің келесі жолы – докторантураға «бүйірінен кіру». Студенттік кезінен бастап ғылыммен айналысатын және жоғары дәрежелі ғылыми басылымдардағы жарияланымдары бар адамдар докторантураға жеңілдетілген ережелер бойынша, тіпті, қысқартылған бағдарлама бойынша түсуі керек. Мысалы, Ұлыбританияда бакалавр дәрежесімен сіз магистр дәрежесін алу қажеттілігін айналып өтіп, бірден докторға оқуды жалғастыра аласыз және т.б. көптеген мысал бар, соның ең оңтайлысын таңдау керек.
Жоғары оқу орындарындағы зерттеушілер санын арттырудың тағы бір мүмкіндігі – адам докторантурада оқып, өндірістен қол үзбей, мысалы, оқытушы ретінде жұмысын жалғастыра отырып, ғылыми дәреже алуға мүмкіндігі бар. Кейбір елдер үшін бұл – докторлар даярлаудың негізгі жолы. Мысалы, Германияда немесе Ұлыбританияда университеттің аға оқытушылары оқытушылық қызметті диссертация жазумен біріктіреді. Бұл сондай-ақ, мемлекеттің PhD даярлауға жұмсайтын шығындарын қысқартады.
Бүгінгі таңда жоғары оқу орны магистратураға қабылдаудан шеттетілді, түсу емтихандары уәкілетті орган бекіткен ұйымда ҰБТ қағидаты бойынша тапсырылады, болашақта докторантура да осындай ауыртпашылыққа тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның зерттеу қызметіне дайындығын кім немесе не анықтайды? Мұны тек емтихан немесе тест нәтижелері бойынша анықтау мүмкін емес, өйткені ғалымды цифрландыруға болмайды. Жастардың зерттеушілік талантын тек тәжірибелі ғалым ғана байқай алады. Сондықтан, магистратура мен докторантураға түсу кезінде, ең алдымен, жетекші ғалымдардың ұсыныстарын басшылыққа алу керек.
Қазір бізде магистратураның екі бағыты бар: ғылыми-педагогикалық және бейіндік. Біріншісі, болашақ оқытушыларға немесе ғалымдарға, екіншісі, экономиканың нақты секторына арналған. Бейіндік магистратура тереңдетілген кәсіби білім береді. Оқыту қолданбалы сипатқа ие және кәсіби менеджерлер мен басшыларды даярлауға бағытталған. Бірақ біздің бүгінгі өндірісімізге ғылым магистрлері қажет пе? Бұған бейіндік магистратураға мемлекеттік тапсырысты және оның игерілуін білсеңіз, жауап ала аласыз. Біздің ойымызша, магистрлерді бөлінген бюджеттік орындар санының аздығына байланысты зерттеу ісіне ұтымды бағыттаған жөн. Мысалы, Ұлыбританияда магистр дәрежесін оқыту немесе зерттеу арқылы алуға болады. Оларда ғылыми- зерттеулер магистрі дәрежесі бар. Зерттеу магистратурасының түлектері біздіңше, докторантурадағы зерттеулерді жалғастыруға барынша дайын болады.
Магистратурадан бастап докторантураға түсу және оқу, диссертация қорғау және PhD дәрежесін беруге дейінгі ғылым үшін кадрлар даярлауға назар аударатын кез келді. Бүгін жіберіп алған уақыт ертеңгі ғылым мен экономиканың дамуына әсер етпей қоймайды.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы-ректор,
заң ғылымдарының докторы, профессор