Жаңалықтар

Отандық өндірушілер қолдаусыз қалмайды

     Отандық тауар өндірушілердің өкпесін өшірген проблемалардың түйіні бұдан былай дер кезінде тарқатылады. Оған түрткі – облыс әкімінің жанынан құрылған кеңес беру ұйымы. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 27 наурызында кәсіпкерлермен кездескен облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ бизнестің тынысын кеңейтуде тиімді әрекет ететін ұйым құру туралы тапсырма берген. Аймақ басшысының тапсырмасы нәтижесінде облыс әкімінің өкімімен бүгінде кеңес беру ұйымы пайда болды. Бұл ұйым жергілікті билік өкілдері және кәсіпкерлермен бірлесе, отандық өнім өндірушілердің өзекті мәселелерін шешу жолын, тізе қосып іздейді. Алғашқы кездесуде берілген тапсырмалар мен жария етілген проблемалардың шешімін табу барысы бейсенбідегі кездесуде мәлім болды. Кездесуден ұққанымыз – кәсіпкерлердің бір ай бұрын айтқан күрмеулі мәселесінің біразының беті бері қарапты.

Кеңес берілген тапсырмалардың орындалысын талқылаудан басталды. Кәсіпкерлер алғашқы кездесуде сумен жабдықтау қымбаттығының қадам аштырмай отырғандығына мұң шағыпты. Бір ай мерзім ішінде бұл мәселе оңтайлы шешіліпті. Облыс әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков заңды тұлғаларды сумен жабдықтауда Қарағанды қаласында олардың шығыны 5 мың текше метрден аспаған жағдайда, судың бір текше метріне құн 320 теңгеден 248 теңгеге төмендейтінін жеткізді. Бұл мәселе – «Қарағанды су» ЖШС-мен келісілген.

Бүгінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға да баса ден қойылуда. Бұл орайда облыстық құрылыс басқармасы, кәсіпкерлер палатасы және құрылысшылар қауымдастығы арасында меморандум жасалған. Ол меморандум аясында аймақтық құрылыс компанияларын сұрастыра отырып, қажетті электронды база қалыптастыру, жұмысқа кәсіпкерлерді, қоғамдық кеңес мүшелерін тарта отырып, жариялықты қамтамасыз ету көзделеді.

Арзандатылған жанар-жағармайды көктемгі жұмыстарға жеткізуде де кемшін жоқ. Жұмыс жоспарға сай жүргізілуде. Қазір жанар-жағармай 6 мұнайбазасы арқылы босатылуда. Ал, агроөнеркәсіп саласындағы инвесторларды субсидиялауға келсек, бұл күні 152 инвесторға 2 млрд. 450 млн. теңге көлемінде субсидия төленген. Мамыр айында тағы 430 млн. теңге көлемінде субсидия төленбек екен. Бұдан соң апатты жағдайдағы және өзге де көпірлерді жөндеу жұмысына байланысты туындаған сұрақтар да қарастырылып, шешімін тапқан.

Жалпы, аймақ басшысының кәсіпкерлермен алғашқы кездесуінде айтылған, өңір кәсіпкерлерін толғандырған жайттар жүре тыңдалмаған. Әр мәселе бойынша тыңғылықты шешім бар. Сонымен қатар, кеңесте кәсіпкерлерге қатысты сот актілері хақында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Геннадий Жмук сөз қозғады. «Бемер-Арматура» ЖШС-ның нарықтағы қиындықтары да назардан тыс қалмады.

Кездесу соңында облыстық мемлекеттік активтер басқармасы мен кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды.

Аймақ басшысы кәсіпкерлерді қолдауда бұл жұмыстың ұдайы жалғасты болатынын жеткізді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button