Отандық өндіріс өрге басуда
Жуырда облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ «Sage Group Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесіп, облыс аумағында «Диаметрі 219-630 миллиметрлік түзу жікті темір құбыр шығаратын зауыт тұрғызу» жобасының жүзеге асырылу мәселесі талқыланды.
Жобаны жүзеге асыратын – «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ және құрамына «Павлодар құбыр жасау зауыты» ЖШС мен «Элекон» ЖШС енетін «Сталь Трейд» компаниясы, сонымен қатар, қытайлық «Sage Group Ltd» компаниясы.
– Жобаны іске асыруға шетел инвесторларымен қатар, еліміздің өзге де облыстарындағы отандық компаниялардың қызығушылық танытуы – айрықша қуантады. Қазақстанның барлық өңірлерінде инвесторлар мен олардың бизнесін дамытуға барлық жағдай жасалуда. Сондықтан, облыс аумағында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аймақ резиденттеріне салық және кеден жеңілдіктері, сонымен қатар, қажетті инфрақұрылым көзделген, – деді облыс әкімі.
Жоба туралы Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Ардақ Құсайынов баяндама жасады. Жоба бойынша, кәсіпорын мұнай-газ секторына, сонымен қатар, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласына қажетті орташа диаметрлі түзу жікті темір құбырлар шығармақ. Жобаның жалпы құны – 6,9 млрд. теңге. Зауыт құрылысы 2017-2018 жылдарға жоспарлануда. Ал, 2019 жылы қуаттылығы 150 мың тонна темір құбыр шығаруға қауқарлы зауыт ретінде іске қосылады деп жоспар жасалуда.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.