Отандық киноға олжа салған
«STARTKINO» қоғамдық бірлестігімен тағылымды һәм танымдық дүние жасалды. Ол – тың деректі фильм. Бір-бірімізді түсіндік. Бәрі ойдағыдай, жоспардағыдай болды. Таңданысымды жасыра алмай, қағазға түсіруді жөн көрдім.
Былтыр «Нілді: Тарих және Тағылым» атты монографиям жарық көрді. Бұл еңбегім тарихқа қызығатын оқырманның көңілінен шыққандай. Мұнда қазақ даласындағы өндірістің қалай және қашан басталғаны баяндалады. Зерттеушілерге қажетті деректер баршылық деп ойлаймын. Сол кітаптың арқасында «STARTKINO» басшысы Арман Әлімжановпен таныстым. Танысып қана қоймай, сол таудай талабы мен дарыны ұштасқан бауырымның ұсынысымен «Ұлы даладағы өркениет бесігі» атты деректі фильмді жарыққа шығардық. Былайша айтқанда, деректі фильм менің монографиямның желісімен түсірілген.
Содан, деректі фильмді бас офисі Лондон қаласында орналасқан «Еуразиялық шығармашылық Гильдияға» ұсындық. Мүшелігінде алпыстан аса мемлекет бар. Туынды өз бағасын алып, Гильдияның Кеңесі 2024 жылдың мамырында Лондон қаласында өтетін байқауға жолдама берді.
Лондондық кәсіпорын басшыларының бірі Марат Ахмеджанов кинорежиссер Арман Әлімжановпен және менімен жүздесуге ниетті екенін білдірді. Гильдияның Шортанды қаласындағы резиденциясында кездесу өтті. 14 желтоқсан күні Гильдия басшысы Арман Әлімжановпен мені және «STARTKINO» қоғамдық бірлестігінің аппарат жетекшісі Жәнібек Құсайыновты Гильдияның мүшелігіне қабылдады. Астана қаласында шығармашылық жұмыстарымызды халықаралық дәрежеде демонстрация жасауға рұқсат беретін сертификат табыс етті.
Еңбек етуден, тынымсыз ізденістен танбайтын ұжымға сүйсіндім. Әлі-ақ ертең отандық киноның жаңа дәуірін қалыптастыруға өз септігін тигізеді деген сенімдемін.
«STARTKINO» 2018 жылы «ARMANFILMS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде құрылған екен. Ашылған бетте онлайн форматта өтініштер қабылдап, құрамына мың жарымнан астам шығармашылыққа құмар жастарды жинаған. Кездесулерді Қарағанды, Астана, Алматы қалаларында өткізіпті.
2023 жылы «STARTKINO» жобасының негізінде қоғамдық бірлестік болып қайта тіркелген. Бірлестіктің құрылтайшысы Арманның айтуы бойынша, бұндай шешімге қолдаушы жастардың көбеюі түрткі болған.
– Қарағанды облысында өзіміздің бастамамызбен тәуелсіз ұйым ретінде жұмыс бастадық. Өз еріктерімен мүше болып кірген жастарымызға кино өнерін үйрете бастадық. Кинематографиядағы компьютерлік-сандық технологияларды меңгеруге деген талпыныстарына жол ашамыз. Біздің басты ұстанымымыз – жастарды ұлттық мұраларымызбен қауыштыру, сонымен қатар, кино өнері саласындағы әлемдік трендтерден шет қалмау жағын ойластыру. Жалпы 18 жастан 45 жасқа дейінгі үміткерлерден база жасақтаған едік. Олардың саны бүгінгі таңда 240 адамнан асты. Жастар уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бізден шеберлігін шыңдап, шет елдерде жарқырап жүрген достарымыз баршылық. Олар біз түсірген «Тағдыр» веб-сериалында, «Удар» мобильдік веб-сериалында, «Не открывай» фильмінде, «Өмір құны» деген деректі фильмде және «Ұлы даладағы өркениет бесігі» фильмінде образдарды сомдады.
Былтыр Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдығына арналған «Көмекей әулие» деген деректі-көркем фильм, еліміздегі пандемия салдарын баяндайтын «Первая волна» көркем фильмі, «ANSNY», «ЯМА» мобильдік киноларын жарыққа шығардық. Дипломдық фильм де бар. «АWAKENING» – мистикалық жанрдағы көркем фильм. «Дверь», «Суровое воспитание», «Ключи жизни», «Плохая мама», «Пока не поздно» деген қысқаметражды фильмдерді көрермен назарына ұсындық. Біз жастарды оқытатын университет емеспіз. Біздікі – тек тәжірибе беру. Сол себептен, жастарды Алматы, Астанадағы, өзіміздің қаламыздағы кәсіби өнер саңлақтарымен кездестіріп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік сыйладық. Ұлу жылында алдымызға қойған жоспарларымыз бар. «Жастар шығармашылығын дамыту орталығын» ашпақпыз. Орталық киноакадемия, кинозал, кинолагерь бөлімдерінен тұрады, – деді Арман Әлімжанов.
Әлемдегі дамыған мемлекеттерде де осындай тәуелсіз ұйымдар бар. Солар мемлекеттің дамуына зор үлес қосып отырғанын білеміз. Арман Әлімжанов секілді талапты, талантты азаматтар отандық киноға тың серпін береріне кәміл сенеміз. Лондоннан сүйінші хабар жеткенін де айта кетейік. «Еуразиялық шығармашылық Гильдияның» «Киноны Сараптау Кеңесіне» Арман Әлімжанов төраға болып сайланды. Бұл – еліміз үшін зор абырой.
Жұмағали МАҒЗИ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі