Жаңалықтар

Отандық фармацевтиканың бірегей ошағы

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев фармацевтика саласының дамуына ерекше көңіл бөліп, бұл секторды елдің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындады. Президент қойған негізгі мақсат – 2025 жылға қарай Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың отандық өндірісінің үлесін 50%-ға дейін жеткізу. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекет отандық өндірушілерді қолдап, олардың өнімдерін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асыруда. Аты әлемге танылған «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы бұл үдеден шықты. 1995 жылдан осы уақыт аралығында орталық дәрілік шикізатты өндіруден бастап, бастапқы фитопрепараттардың дайын дәрілік түрін шығаруға дейінгі толық технологиялық циклды іске қосты. Отандық өндіріске басымдық берген мемлекеттің қолдауынсыз бүгінгі жетістікке жету мүмкін емес.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бүгінгі жетістік – ертеңгі тарих

Ғылым мен ізденісті, инновация мен технологияларды табысты үйлестіре білген орталық цехтары бүгінгі таңда жылына 2 млн ампула, 120 млн таблетка, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті фитопрепараттардың капсулаларын шығарып отыр. Әлемнің 11 елінде патенті бар «Арглабин», «Салсоколлин», «Саусалин», «Экдифит», «Экдисоп», «Аяфрол» және басқа да бірегей дәрілік препараттарды жасауы – орталықтың бірегей жетістігі. Осы дәрілік препараттарды шығаратын Қарағанды фармацевтикалық зауытын салу және пайдалануға беруі орталықтың ірі және табысты жобасына айналды. Ал, маңдай тер, адал еңбек оның маңызын арттырып, құндылығын еселей түсті. Бүгінгі жетістікке жеткізген даңғыл жол осыдан тура 30 жыл бұрын бастау алған-ды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Фитохимия институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдайды. Шешім Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан қолдау тапты. Келесі жылы 7 сәуірде Үкімет Қаулысымен Фитохимия институты республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ашылды. Атауы мен құрылымы бірнеше рет өзгеріп, 2023 жылы «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» акционерлік қоғамы болып құрылды.

– Үкімет Қаулысы бойынша «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы химиялық, фармакологиялық, биологиялық және фармацевтикалық 12 ғылыми-зерттеу бөлімшесін қамтитын елдің стратегиялық объектілеріне жатады, – дейді орталық директоры Серғазы Әдекенов. – Орталықтың стратегиясы мемлекеттің стратегиялық құжаттарында және салалық бағдарламаларда көрсетілген ғылыми зерттеулер саласындағы мемлекеттік саясаттың міндеттерін іске асыруға бағытталған. Ең алдымен, отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға, оның ішінде, жеке инвестицияларды тарта отырып және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қазіргі заманғы отандық және шетелдік технологияларды енгізуді қамтамасыз ететін серпінді жобаларды әзірлеу және іске асыру. Химия, фармация және дәрілік заттар технологиясы саласындағы іргелі, гранттық және қолданбалы зерттеулер бағдарламаларын іске асырамыз. Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірісін халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес сертификаттау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, қолда бар ғылыми-технологиялық әзірлемелерді коммерцияландыру, оларды нарыққа шығару, зияткерлік меншікті пайдалану арқылы отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту үшін инвестициялар тарту – біз басымдық беретін бағыттар.

«Фитохимия» орталығында қолданбалы әзірлемелерді қоса алғанда, іргелі зерттеулер мен өндіріске ғылыми технологияларды енгізуге дейінгі өтпелі ғылыми-техникалық әзірлемелер жасалады. Бір сөзбен айтқанда, «Фитохимия» орталығы биологиялық белсенді заттарды іздеу, дәрілік шикізатты өсіру, оны қайта өңдеуден бастап, жаңа препараттардың дәрілік нысандарының тәжірибелік-өнеркәсіптік партияларын өндіруге дейінгі бірегей отандық фитопрепараттарды кешенді әзірлейді. Бұл – ғылыми зерттеулерден бастау алып, нәтижелерін іс жүзінде өндіруге дейінгі үзілмейтін циклды қамтамасыз етудің нақты мысалы.

Ғылым – инновация көзі

Орталық құрылған кезден-ақ «Өмір туралы ғылым», «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, шикізат пен өнімді қайта өңдеу» бағыттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл ретте 65% қолданбалы және іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын, 25% шаруашылық келісімшартты, 10% бөгде ұйымдардың тапсырысы бойынша жобаларды құрайды. 30 жылда «Фитохимия» орталығы 15 ғылыми-техникалық бағдарламаның және 50-ден астам іргелі және қолданбалы зерттеулердің гранттық жобалардың бас ұйымы және жауапты орындаушысы болды.

Қазіргі уақытта «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы фармацевтика саласындағы инновациялық жобаларды іске асыру орталығы ретінде отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қатысатын ғылыми және өнеркәсіптік кәсіпорындардың күш-жігерін бір арнаға шоғырландырып отыр.

Орталық қазіргі таңда бірқатар инновациялық жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, сұйытылған көмірқышқыл газын суперкритикалық режимде пайдалануға негізделген технологиялық процесті әзірледі және өндіріске енгізді. Бұл экологиялық таза технология негізінде өсімдік шикізатынан биологиялық белсенді заттар кешенін алуға мүмкіндік береді. Оның базасында СО2-экстракция учаскесі ұйымдастырылып, дәрілік өсімдік шикізатынан СО2-сығындыларының тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісі жолға қойылды.

Дәрілік тиімділігі жоғары сұйық хроматографиямен үйлесімде орталықтан тепкіш тарату хроматографиясын қолдану арқылы жеке табиғи қосылыстарды алу тәсілі оңтайлы болып табылатыны анықтады орталық мамандары. Сонымен қатар, орталық базасында ел Үкіметінің Қаулысын орындау үшін дәрілік заттардың стандартты үлгілері, 3 600 табиғи қосылыстар және олардың туындылары бойынша ақпараттық деректер базасы бар биологиялық белсенді қосылыстардың республикалық банкі ұйымдастырылғанын айрықша атап өту керек.

«Фитохимия» орталығының негізгі және қолданбалы зерттеулерді орындау кезінде қол жеткізген нәтижелері көңіл көншітеді. Мәселен, орталық мамандары ел аумағында өсетін өсімдіктердің 500-ден астам түрін зерттеп, оның 362 түрі жаңа биологиялық белсенді қосылыстарды әзірлеуде перспективалы екенін анықтады. Мыңнан астам табиғи қосылыстар оқшауланып анықталды. Олардың негізінде терпеноидтар, флавоноидтар, стероидтар және алкалоидтар класына жататын екі мыңнан астам жаңа туындылар синтезделгенді. Олардың қатарында микробқа, вирусқа, зеңге, сондай-ақ, ісікке қарсы, анальгетикалық, фагоцитозды ынталандыратын және басқа да белсенді препарат түрлері көрсетілген. 72 жаңа бірегей фитопрепарат әзірленіп, өндіріске енгізілді. Ғылымды инновация көзіне айналдыра білген орталық сол инновацияларына инвестиция тартуды да жолға қойған.

Инвестиция – болашаққа батыл қадам

«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы отандық фармацевтикалық өндіріске инвестициялар тарту және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыруға үлкен үлес қосып келеді. Жаңа дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру және оларды клиникада қолдану бойынша бизнес-серіктестермен лицензиялық келісімдер жасасуда.

«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ мен Pannon Pharma LTD (Венгрия) компаниясы арасында өсімдік заттары негізінде бірегей дәрілік препараттардың бірлескен өндірісін ұйымдастыру бойынша өзара түсіністік және Қазақстан Республикасына инвестициялар салу туралы меморандум жасалды. Бұл бірегей қазақстандық препараттарды Еуропаға шығаруға мүмкіндік береді.

Қытайдың «Shanghai Zenith Biotech Co.Ltd» компаниясымен қазақстандық өсімдік шикізатынан алынған биологиялық белсенді қосылыстар негізінде субстанция өндіру жөніндегі бірлескен кәсіпорынды ұйымдастыру туралы келісім жасалғаны да аймаққа келген инвестицияның жарқын үлгісі. Сонымен қатар, «Фитохимия» орталығы Қарағанды фармацевтикалық кешенінің екінші кезегін салу үшін Ұлттық инновациялық қордың, ал, үшінші кезегі үшін ресейлік «Фармстандарт» фармацевтикалық компаниясының инвестициясын тартты.

Осы орайда Мемлекет басшысы сөз еткен айтқан шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты нығайту арқылы фармацевтика саласына инвестиция тартудың маңызы туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл – отандық өндірісті дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін тың серпіліс.

Әлемнің 17 елінің 150-ден астам белгілі шетелдік ғалымдарын біріктіретін Дәрілік заттар химиясы жөніндегі халықаралық орталықтың «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығында орналасуы оның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Әрі кәсіпорынның табиғи қосылыстар фитохимиясы мен фармакологиясы саласындағы жетістіктерінің мойындалуы деуге толық негіз бар. Ал, кәсіпорын жетістігінің мойындалуы – ондағы мамандар еңбегінің жемісі.

Білікті маман – басты қажеттілік

Кәсіпорын құрылған сәттен бері әлемге танылған ғылыми мектеп құрылды десек, артық айтқандық емес. Ұжымда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының екі академигі, екі корреспондент-мүшесі бар. Ғылыми қызметкерлері 17 докторлық және 60-тан астам кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады, 20 PhD докторы және 30-дан астам магистрлер даярлап шықты. 1995 жылы 12 ғылыми қызметкер болса, биыл ғылыми қызметкерлер қатары 119-ға жеткен. Мамандарға жан-жақты қолдау – оларды ынталандырудың басты жолы.

«Фитохимия» орталығының өндірістік цехы мен зертханаларының базасында жыл сайын 300-ден астам студент, магистранттар мен докторанттар оқу-өндірістік және дипломдық практикадан өтеді. Өйткені, Қарағанды фармацевтикалық зауыты – республикадағы дәрілік шикізатты өңдеуге арналған тәжірибелік шаруашылыққа да, осы шикізатты өңдеуге, субстанция өндіруге және дайын лекформаларды шығаруға арналған цехтары бар жалғыз кәсіпорын. Мұнда дәрілік препараттар субстанциясының экстракция мен синтездеу цехы, сондай-ақ, дәрілік өсімдіктердің 80-нен астам түрінің коллекциялық учаскелері жұмыс істейді. Орталық бөлімшелерінде тәжірибеден өткен көптеген студенттер мен магистранттар бүгінде орталықтың және зауыттың тәжірибелік-өндірістік цехтарына жұмысқа орналастырылған. Сондай-ақ, фармацевтикалық кәсіпорындарда, ғылыми-зерттеу орталықтарында және университеттерде де табысты еңбек етіп жүр.

Орталық қызметкерлерінің 1 850-ден астам ғылыми еңбектері рецензияланған және жоғары рейтингті журналдарда жарияланып тұрады. Сонымен бірге, 25 монография жарық көрді. Одан бөлек, өнертабысқа 100-ден астам өтінім берілді. Жалпы, ел бойынша 85-тен астам патент, 10 АҚШ патенті, 3 Еуропалық патент, 3 Еуразиялық патент, сондай-ақ, Қытай, Грузия, Украина патенттеріне қол жеткізілді. Бір ғана «Арглабин» препаратын алу тәсіліне патентті Ресей Федерациясының халықаралық өнеркәсіптік меншік институты 25 млн 336 мың АҚШ долларына бағалаған болатын. Препарат Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, Грузияда және Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусь республикаларында ісікке қарсы агент ретінде тіркелген.

«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы мен Қарағанды фармацевтикалық зауытының барлық өндірістік учаскелері GMP халықаралық талаптарына сәйкес келеді және «Найтек Аспап», «Гензер», «Альфа Хром» (Германия), «Милипор» (Франция), «Натекс» (Австрия) және басқа да компаниялардың заманауи фармацевтикалық жабдықтарымен жабдықталған.

2021-2025 жылдары Қарағанды фармацевтикалық зауыты 230 млн теңгеден астам сомаға «Арглабиннің» 520,0 мыңнан астам ампуласын шығарды. Қазақстанда «Арглабин» препараты Қарағанды, Алматы, Павлодар, Астана, Петропавл, Қызылорда, Шымкент, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау қалаларының онкологиялық клиникаларында қолданылады. Бүгінгі таңда аталған дәрілік зат 3 900-ден астам онкологиялық науқастың дертіне шипа болды. Клиникалық оң нәтижесі 86%-ды құрайды.

Халықаралық деңгейде алыс және жақын шет елдердің 30-дан астам ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық бойынша жемісті және ауқымды жұмыс жүргізілуде. Оның аясында магистратура және докторантура бойынша білікті мамандарды даярлауды Германия, АҚШ, Түркия, Пәкістан, Чехия, Польша, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Әзірбайжанның белгілі ғалымдары жүргізеді.

Әлбетте, ғалымдардың талай жылғы еңбектері еленіп, түрлі құрметті атақ иегерлері атануда. Соның ең негізгісі ел Президенті Жарлығымен орталықтың жетекші ғалымдары – С.Әдекенов, В.Сирота, Х.Итжанова, М.Мұхаметжанов, А.Кагарлицкий, К.Турдыбеков Қазақстан Республикасының Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, орталықтың бірқатар қызметкерлері «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды. Мамандардың арасында Ғылым және жоғары білім министрлігінің академик Қ.Сәтбаев атындағы сыйлығының, Д.Қонаев атындағы бірінші сыйлығының иегерлері де бар. Осы министрліктің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау iciнe қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған мамандар да жетерлік.

Кеше ғана бірегей кешеннің 30 жылдығымен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келіп, арнайы құттықтағанын да ерекше атап өту керек.

«Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының алға қойған жоспарлары көп. 2030 жылға дейін өсімдіктерден жаңа қосылыстарды бөліп алу, олардың молекулаларының химиялық модификацияларын жүргізу және нәтижесінде түрлі дерттерге қарсы дәрілік заттарға қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығынан

Басқа материалдар

Back to top button