Отандық ғалымдар дезинформацияға қарсы мобильді ресурс жасады
Интерактивті RasInfo ресурсы – ғалымдар, аналитиктер, киберқауіпсіздік және медиасауаттылық саласының мамандарынан құралған команданың үш жыл бойы жүргізген жұмысының нәтижесі. Оның мақсаты – пайдаланушыларға цифрлық сауаттылықты арттыруға және дұрыс емес ақпарат индикаторларын анықтауға көмек көрсету, деп хабарлайды Ortalyq.kz Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Жоба нәтижелері 25-ші Орталық Азия медиа конференциясында Ташкентте, «Аудиторияны тарту: медиасауаттылық – дезинформацияға алдыңғы қатардағы жауап» сессиясы аясында ұсынылды.
Жобаның жетекшісі, ҚазҰПУ профессоры Гүлмира Сұлтанбаева айтып өткендей, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы өкілдері ұсынылған зерттеулердің медиасауаттылықты арттыру тұрғысынан өзектілігін жоғары бағалады. Конференцияда цифрлық тұрақтылық пен сыни ойлау қабілетін дамыту арқылы дезинформация мен дипфейктерге қарсы күресу бүгінгі таңда бүкіл әлем үшін маңызды екені айтылды.
Сонымен қатар, RasInfo қолданбасы, оның кітапханасы және зерттеу базасы БАҚ еркіндігі мен киберқауіпсіздік саласының мамандары тарапынан қолдау тапты. Авторлық ұжым жобаның нәтижелерін Венаның ЕҚЫҰ кеңсесінде таныстыруды жоспарлап отыр.
Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, жоба аясында үлкен ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. Соның ішінде «Қазақстандағы дұрыс емес ақпарат индикаторлары» атты коллективтік монография және «Цифрлық сауаттылық көрсеткіштері: Қазақстандағы ақпараттық мәдениетті дамыту жүйесі» атты әдістемелік нұсқаулық дайындалған.
RasInfo ең кең аудиторияға бағытталған: мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарынан бастап журналистер мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін. Қолданба бес оқыту модулінен, сертификаттау жүйесінен, ашық деректер базалары каталогынан және ғылыми жариялымдар кітапханасынан тұрады. Айта кететін жайт, алғаш рет отандық тәжірибеде бағдарламаға фактчек жасау және дезинформацияны тануға арнайы үйретілген ЖИ енгізілді.
Қолданба Қазақстан ақпарат алаңында болған жалған жаңалықтардың нақты кейстерімен жұмыс істейді. Әр фейк қысқаша мазмұны, пайда болу көзі, қолданылған құралдар, дезинформация түрі мен категориясы және пайдаланушыға арналған практикалық қорытынды арқылы талданады.
Бұл формат фейк қалай пайда болатынын және оны қалай тануға болатынын нақты көрсетеді. Бес модуль біртіндеп цифрлық сауаттылық, медиақауіпсіздік және сыни ойлау дағдыларын қамтиды. Курс соңында QR-кодпен сертификат беріледі, бұл оқушылар мен жас мамандар үшін қосымша ынталандыру болып саналады.
Қолданбада БҰҰ-дан бастап Дүниежүзілік банкке дейін шамамен 100 деректер базасы жинақталған. Әрбір базаның қысқаша сипаттамасы беріліп, пайдаланушы сілтеме арқылы тікелей бастапқы дереккөзге өтеді.
Қолданба әзірше тест режимінде жұмыс істеп жатыр, бірақ желтоқсанда оның кең көлемде таныстырылуы жоспарланған. Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, жоба командасы Оқу-ағарту министрлігіне мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгініп, қолданбаны мектептерде, колледждерде және университеттерде пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Профессордың айтуынша, жобаның практикалық маңызы – Қазақстан ғалымдарының жасаған ең басты құндылығы – адамға ақпараттық ортада бағдарлануға және манипуляциядан қорғануға көмектесетін қолжетімді әрі ғылыми тұрғыда негізделген құрал жасау.
– Бұл коммерциялық қолданба немесе формальды оқу құралы емес. Бұл үш жылдық фундаменталды зерттеудің нәтижесі, мемлекеттік сараптамадан өткен, ғылыми қоғамдастық пен халықаралық апробациядан өткен өнім. Қолданба тез жұмыс істейді, әркімге қолжетімді және Қазақстан тұрғындары кезігетін нақты ақпараттық қауіптерді есепке алады, – дейді Гүлмира Сұлтанбаева.
Ол қазіргі ақпарат кең таралып, барлық салада цифрлық қарқын дамып жатқан кезеңде осындай мобильді ресурс ұлттық цифрлық қауіпсіздіктің маңызды элементі бола алатынын атап өтті.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



