Жаңалықтар

Отан – қуат, отбасы – шуақ

Наурызнама аясындағы «Шаңырақ күнін» барлық істі ысырып қойып, жақындарыңмен өткізу – маңызды. Бұл күні аймақта өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар бастан өткеріп, бала тәрбиелеп, оларға адамгершілік, құрмет, мейірімділік және еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді сіңірген отбасылардың өмірі насихатталды. Көпшілік әлеуметтік желі арқылы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өз ісіне адал еңбек еткен жұмысшы әулеттермен танысты.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Аймақта аталып өткен «Шаңырақ күні» аясында қала тұрғындары Теміржолшылар мәдениет үйіндегі «Халық әні  – қазына» мерекелік кешін тамашалады. Өнерпаздар әндерінің басым көпшілігін қазақ қоғамының басты тірегі – отбасы құндылығына арнады. Ұрпақ сабақтастығын нығайту, өнегелі отбасыларды үлгі ету мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көпшілік назарына облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен жүзеге асқан бейнероликтер ұсынылды. «Алтын шаңырақ» атанып, 50 жылдан астам уақыт өмірдің барлық сынақтарынан бірге өтіп, қол ұстасып келе жатқан Танабаевтар әулеті жайлы бейнеролик түсірілді.

«Күміс кереге» атауымен 41 жыл отасқан Виктор Дергуновтың сүйіспеншілік пен құрметке негізделген берік отбасының тарихы да бейнекөрсетілімнен орын тапты. Еңбекқорлықты, жауапкершілікті және өз ісіне адалдықты бойларына сіңірген Виктор Павловичтің ерекше мақтанышы – оның ұлы мен күйеу баласы жайлы айтылды. Отбасы дәстүрін жалғастырып, «Asia FerroAlloys» ЖШС жүк көтергіш техникада жұмыс істейтін, әке жолын қуған бұл азаматтар өз кәсібіне бар білімі мен тәжірибесін арнап, жоғары кәсіби деңгей мен еңбек дәстүрлерін сақтап келеді.

Көпшілік тарапынан көп қаралым жинаған жалпы жұмыс өтілі 63 жылды құрайтын Дергуновтар отбасы – шынайы еңбек әулеті. Олардың барлық туыстарының осы салаға арнаған жылдарын есептесек, бұл көрсеткіш бір жарым ғасырға жетеді екен. Осылайша «Шаңырақ күнінде» сүйіспеншілікке, сенімге және өзара құрметке толы отбасылардың өмірі насихатталды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button