АймақБалқаш

Отан қорғаушылар құрметтелді

Балқашта М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында батырлық пен ерлік ерекше дәріптелетін еліміздің айбынды мерекесі – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға қала халқы, құқық қорғау органдары, әскери бөлімнің қызметкерлері мен саланың ардагерлері қатысты.

Сурет балқаш қаласы әкімдігінің сайтынан

Өзінің құттықтау сөзінде Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев Қазақстанның Қарулы Күштері қуаттанып, айбынды әскерге айналғанын атап өтті.

– Бұл мереке – Отан алдындағы адал борышын өткерген нағыз ерлердің, Отан үшін отқа түскен бабаларымыздың мерекесі. Бүгінде сайыпқыран сарбаздарымыз Отанымыздың тыныштығын қорғап, өздерінің әскери борыштарын абыроймен атқарып келеді. Әрбір азаматтың парызы – Отан қорғау. Отан қорғаушының бейнесі жастарды елдікке баулитындығы анық. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Армия – мемлекетіміздің берік қорғаны» деген болатын. Біз әскеріміздің айбыны мен қуатына қашан да нық сенімдіміз, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Отан қорғаушылар күні негізгі мереке екендігін алға тартқан қала басшысы алдымен әскерилерді құттықтады. Мерекелік шарада әскери борышын адал орындап, мінсіз қызметін дәлелдеп келе жатқан азаматтар түрлі марапаттарға ие болды.

Отан қорғаушылар күніне орай Балқаш қаласы әкімінің Алғыс хатымен 53898 әскери бөлімінің рота сержанты, материалдық қамтамасыз ету ротасының жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі нұсқаушысы Миркамал Усманов, 53898 әскери бөлімінің бөлімше бастығы Гүлнара Шарипова, Балқаш гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің офицерлері Асылхан Сыздықбай, Жасұлан Қыдырманов, Балқаш қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрсұлтан Таңатбеков, Балқаш қаласы полиция бөлімінің рото-патрульдік полиция қызметінің инспекторы Нұртуған Әбдіғаппар бастаған әскери бөлімшелердің сарбаздары, құқық қорғау саласының, төтенше жағдай мен әскери-патриоттық клубтардың өкілдері марапатталды.

Сонымен қоса, су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы азаматтарына арнап, гуманитарлық көмек жинауға және жеткізуге белсенді атсалысқаны үшін «Күшіміз бірлікте!» номинациясына Ғабит Жақыпов, Нұржан Қасымжанов, Мұратбек Қазанғапов, Ерлан Хаматұлы, Нұржан Ержанұлы, Айдар Мұхтарханұлы, Біржан Қарпықұлы ие болды.

Биыл әскер қатарына шақырылған жастарға әскери бұйрық оқылып, болашақ сарбаздар Отан алдында адал қызмет жасауға әзір екендігін жеткізді. Сахнаға көтерілген «Балқаш қаласындағы Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің әскери бауырластығы» ҚБ-ның төрағасы Бауыржан Мухамедиев бастаған Ауғанстан соғысының ардагерлері әскерге шақырушыларға сый-сияпат жасады.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button