АймақҚарағанды

«Отан» деп соққан жүрегі

Қарағандыдағы Кеншілер Мәдениет сарайында Отан қорғаушы күніне орай мерекелік концерт өтті. Оған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, біршама Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметкерлерді марапаттады.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Отан қорғаушылар мерекесі тек әскери қызметшілер үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін ерекше маңызға ие. Елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі. Осы бір атаулы мерекеде Ермағанбет Қабдулаұлы сөз сөйлеп, барша әскерилерді мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысының міндетін уақытша атқарушы полковник Бекболат Габдуллин мен Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сәкентай Шекарбеков те салтанатты жиынға арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.

– Тәуелсіз еліміздің офицерлері мен сарбаздары мемлекетіміздің тыныштығы мен қорғау жолында адал қызмет атқарып жүр. Отан қорғаушылар күні – еліміздегі маңызы зор мерекелердің бірі. Биыл Жеңіске 80 жыл толып отыр. Біз Нұркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, Владимир Бреусов, Қазбек Нұржанов секілді батырларымызды ұмытпаймыз. Олардың майдандағы ерліктері жас ұрпаққа үлгі, – деді аймақ басшысы.

Өңір басшысы бірқатар азаматқа арнайы Алғыс хат табыстады. Солардың қатарында генерал-майор Ерсайын Рүстемханов та бар. Ерсайын Шамғонұлы 1974 жылы Алтай өңірінде екі жыл әскери борышын өткізген. Сол жақта жүріп сержант шеніне оқып, кейін аға сержантқа дейін көтеріледі.

– Әскерден аға сержант болып оралдым. Содан бастап осы салаға деген қызығушылығым туындады. Әскерден үйге қайтуыма екі ай қалғанда офицерлік шенге төрт жыл оқыдым. Оқуымды тәмамдаған соң елге келіп, барлық өңірде қызмет еттім. 1992 жылы Қарағандыға қоныс аудардым. Сол жылы мені әскери бөлімнің командирі етіп тағайындады. Содан бері осы жерде аттай 10 жыл істеппін. 10 жыл ішінде Ұлттық ұлан құрамасын басқардым. Осы жерде жүріп генерал шенін алдым. 2006 жылы зейнеткерлікке шығып, бес облыс кіретін Ұлттық ұланның ардагерлер ұйымына төрағалық етіп келемін, – деді Ерсайын Шамғонұлы.

Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінің №3-ші атқыштар батальонының №7 атқыштар рота командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Жұмаш Қабуалиев те облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жұмаш Ерғалиұлы 2021 жылы Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясын тәмамдап, Қарағандыға келген.

– Бала кезімнен «Әскери адам болсам екен» деп армандаушы едім. 2014 жылы Қарағандыдағы «Жасұлан» әскери мектебіне оқуға түсіп, тәмамдап шықтым. Бүгінгі шараға арнайы қатысып, облыс әкімінен марапат алып жатқаныма қуаныштымын. Қаншама әскерилердің ішінен арнайы мені таңдап, ұсынып жатқан басшылық құрамға да алғысымды айтамын, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button