Отанға алғыс айтатын күн
Отанға деген махаббат қайдан пайда болады? Таңмен тұрып, «Оян, қазақ!» дейтін ақжолтай Алаш ұлдарының көк байрақты биікке көтерген сәтін көру – Отанға деген махаббатты оятады. Тілі енді шыққан 2 жастағы баланың Әнұранды жатқа айтқанын тамашалау – елге, жерге ықыласты еселей түседі. «Қазақстан халқына» қорының сал баланы емдеп шығарғаны – елге жүрекжарды алғыс айтқызады.
Қазақи ортада тәрбиеленген, Алаш көшіне ерген әрбір жастың бойында осындай сезімдердің болары хақ. Ал, Тәуелсіздік ұрпақтарының бейбіт таң үшін қазақ еліне риясыз риза екені даусыз.
Жаңа Қазақстанның жастарына «хайп» қуған айғай мен ойбайдың керегі жоқ. Президент елге бағытынан жаңылыспаған адамдар керектігін анық айтты. Бұл міндеттің маңыздылығы соншалық, Мемлекет басшысы «Мемлекеттік басқару жүйесіне меритократия негізінде лайықты, білімді адамдар ғана келуі керектігін» құп көрді. «Үміткерлерді таңдаудың басқа қағидасы болуы мүмкін емес» деген Мемлекет басшысы, алдымен, Президенттік кадрлар тізімін құруды ұсынды. «Жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылдағаны – бірқатар саладағы жас мамандарға үміт артқаны.
2023 жыл ел жастарының тасы өрге домалаған табысты жыл болды. Тәуелсіздік ұрпақтары мемлекет игілігін барынша көрді. Олар осы үшін Отанына алғыс айтуы тиіс. Неге дейсіз ғой…
Біріншіден, мемлекет жас азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашты. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бизнес, ғылым, мәдениет, БАҚ және ақпараттық технологиялар саласындағы (жалпы сомасы 90 миллион теңге) үздік 30 жобаны анықтады. «Отбасы банкімен» бірлескен «9-20-25» жаңа бағдарламасының негізгі қатысушылары жастар деп танылды. Ойлап тапқан жобасы бар әрбір жас жалпы сомасы 26 миллиард теңгені құрайтын 5,6 мың бизнес жоба үшін жеңілдетілген несие алды. Бұл орайда жас кәсіпкерлерге облыс, қала көлемінде қайтарымсыз гранттар да бұйырып жатты.
Екіншіден, мемлекет игілігінен ақ халатты абзал жандар шет қалмады. Дәрігерлердің орташа жалақысы – 30%-ға көтерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резидентурадағы жас дәрігер маман, ғалымдарға арналған гранттар саны 70%-ға ұлғайды.
Үшіншіден, руханият пен әдебиетке келсек… Үкімет жас қаламгерлер легін қалыптастырып, қолдау білдірді. Әлемдік деңгейдегі тақырыптарға қалам тербеген жас жазушылар мен ақындарға Президенттің арнайы әдеби сыйлығын тағайындады. «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы жас авторлардың кітаптарын 3 мың дана таралыммен басып шығарды. Барлығы – әдебиетке қадам басқан жасты қолдауға негізделді.
Міне, осылайша ғылым мен жоғары білім беруді дамыту – Әділетті Қазақстанның басты ұстанымына айналды. Мемлекет студенттердің шәкіртақыларын өсіруді доғарған жоқ. Жас мұғалімдердің өтінішіне құлақ түрді. Өрт сөндіруші мен тәртіп сақшыларының да өтінішін ескерусіз қалдырмады. Әлі күнге ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялармен жиі көтермелейді.
Қазіргі таңда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды өзгертетін жастардың рөліне ерекше назар аударып отыр. Елдегі жастар үлесі 5,7 миллионға жеткенін ескерген Мемлекет басшысы «Мемлекет пен азаматтық қоғамның бір-біріне көмектесуі – жетістікке жетудің кепілі» дегенді әр Жолдауында айтады. Сондықтан, Президенттік кадр тізімінен үмітті 30 дан асқан әрбір жасты «Мемлекет маған мүмкіндік сыйлады, мен Отаныма не беремін?» деген сауал мазалауы заңды.
ХХ ғасырда АҚШ-тың 35-ші Президенті Джон Кеннедидің сөзі әлем жұрттарының аузынан түскен жоқ. «Менің қадірлі америкалықтарым! Елім маған не берді деп сұрамаңыздар, мен еліме не бердім деп өздеріңізден сұраңыздар. Құрметті әлем азаматтары! «Америка біз үшін не істеуі керек деп сұрамаңыздар, адам бостандығы үшін бірігіп, біз не істей аламыз?!» деп сұраңыздар» депті. Джон Кеннедидің айтқанынан сабақ алған жөн. Десек те, ХХ ғасырдың заңғар тұлғасы – Абайдың «ұраншыл болма, құраншыл да болма» дегені бар.
Отанға деген махаббат – бөлуге, бөлшектеуге болмайтын дүние. Әділетті Қазақстан ұлтқа деген сүйіспеншілігі ұйықтап қалғандардың жүрегіне сәуле құйса екен. Елге алғыс айтудың орнына, отыра қалып, қарғыс айтатын жасты көргенде ойланатының рас. Жалпы, Сізде Отанға деген махаббат бар ма?
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz